Қостанай облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Берік Бейсенғалиев арнайы жұмыс бабымен сапарлап келген еді. Халық қалаулысымен орайы келгенде дидарласып, көкейімізде жүрген сауалды қоюдың сәтті түсті. Жаңа Конституциядағы өзгерістер, Торғай өңірінің дамуы, салық саласы айналасындағы жаңашылдықтарға депутат пікір білдірді.

«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫ БҰРЫНҒЫДАН ДА КҮШЕЙТЕДІ»
– Берік Тұрсынбекұлы, Жалпыұлттық коалиция өкілі ретінде Қостанай облысында еңбек ұжымдарымен кездесу өткіздіңіздер. Осы тұста алғашқы сауалым да еліміздегі елеулі өзгеріске байланысты, яғни, қабылданғалы отырған жаңа Конституция қатысты. Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістердің ішінде бұрын-соңды болмаған, алғаш рет ұсынылып отырған қандай нақты нормалар бар?
– Конституция жай ғана заң емес. Ол біздің құқығымызды, еркіндігімізді және мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін анықтайды. Жаңа Конституция жобасының ең басты ерекшелігі – адамға бағдарланған мемлекет құру. Яғни, мемлекет ең алдымен азаматтың құқығын, қауіпсіздігін және әл-ауқатын қорғауға міндетті болады. Жаңа құжатта адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты бекітіледі.
Бірінші маңызды өзгеріс – адам құқықтарын күшейту. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды бұрынғыдан да күшейтеді. Мысалы, әр адамның жеке өміріне қол сұғылмауы қамтамасыз етіледі, азаматтың әділ сотқа жүгіну құқығы нақты қорғалады, жеке деректер мен цифрлық қауіпсіздік алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұл дегеніміз – әр азамат өзін заң алдында қорғалған, қауіпсіз сезіне алады деген сөз.
Екінші маңызды өзгеріс – халықтың рөлін күшейту. Жаңа Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық екені нақты көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа институттар енгізіледі. Бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады, Қазақстан Халық Кеңесі жасақталып, халықтың пікірін мемлекеттік деңгейде жеткізу мүмкіндігі артады, билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі күшейеді. Бұл өзгерістер халықтың ел басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтері анық.
Үшінші маңызды өзгеріс – әділетті және жауапты мемлекет құру. Жаңа Конституцияда алғаш рет «Әділеттілік», «Заң және тәртіп» қағидаттары негізгі мемлекеттік құндылықтар ретінде бекітіліп отыр. Яғни, заң барлығына бірдей, мемлекеттік органдар халық алдында жауап беріп, әділетсіздік болмайды. Бұл – әділетті қоғам құрудың нақты құқықтық негізі.
Төртінші маңызды өзгеріс – білім, ғылым және жастарға басымдық. Жаңа Конституцияда еліміздің болашағы табиғи ресурстармен емес, білімді, білікті азаматтармен байланысты екені анық көрсетілген. Бұл білім беру мен ғылымды дамытуға тұрақты қолдау болады, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады, ел экономикасы инновацияға негізделеді. Яғни, Қазақстан білімге негізделген дамыған мемлекетке айналуға бағыт алады.
Бесінші маңызды өзгеріс – ұлттық егемендік пен тұрақтылықты нығайту. Жаңа Конституцияда Қазақстанның тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі Конституциялық деңгейде нақты бекітіледі. Бұл еліміздің экономикалық және саяси тәуелсіздігін нығайтады. Ең бастысы, жаңа Конституция халықтың мүддесіне қызмет ететін, әділетті, қауіпсіз және дамыған Қазақстан құруға бағытталған.
«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ 84 ПАЙЫЗҒА ӨЗГЕРЕДІ»
– Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен жауапкершілігін қалай арттырады деп ойлайсыз?
– Ата Заң – мемлекет пен халықтың арасындағы келісім. Осы келісім бүкіл халықтың көңілінен шықса, онда біздің басқа заңдарға да өзгерістер енгізіліп, болашағымызда мемлекетіміздің тұрақты түрде дамуына үлкен сеп болады. Ішіндегі өзгерістерге тоқталсақ, біздің Қазақстан унитарлы мемлекет, федерация емес. Басқа унитарлы мемлекеттердің тарихына қарасақ, олардың барлығында бір палаталы парламент бар. Сол себепті мемлекеттік құрылымға жақсы келеді. Қазіргі кезде заңдар қаралған кезде алдымен Мәжіліске түседі. Мәжіліс қарап болғаннан кейін Сенатқа барады, одан кейін Президентке қол қоюға жіберіледі. Кейде Сенатта сұрақтар туындаса, Мәжіліске қайтарылады. Сөйтіп, заң қарау мерзімі ұзаққа созылып кетеді. Ал, жаңа жүйеде бұл процестер тезірек қаралып, тиімділігі көтеріледі деген сенім бар. Парламентте (Құрылтайда) 145 депутат болады. Басқа мемлекеттермен салыстырсақ, мысалы, әр 25 мың адамға бір депутаттан келеді деген тәжірибелер бар. Эстонияда бір жарым миллионға жуық адамға 199 депутат, Латвияда екі миллионға жуық адамға 240 депутат бар. Ал, біздің жиырма миллионнан астам халқымызға 145 депутат көп те емес, аз да емес, жеткілікті деп қабылданып отыр.
Президенттің өкілеттік мерзімі нақты жеті жыл деп бекітілген. Жеті жылдан кейін екінші рет сайлауға түсе алмайды. Сонымен қатар, Президенттің туыстары мен жақындары мемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдарда жұмыс істей алмайды деп нақты жазылған. Егер сондай жағдай болса, Президент сайланғаннан кейін олар сол қызметтен кетуі керек. Вице-президент лауазымы енгізіліп жатыр. Президентіміздің бүгінгі жүктемесі өте ауыр. Мысалы, былтырдың өзінде 186 халықаралық кездесу өткізіп, 23 ресми шетелдік сапар жасаған. Бұл – бір адамға өте үлкен жүктеме. Оның үстіне ел ішінде де қаншама жұмыстар бар. Сондықтан, кейбір өкілеттіктерін орынбасары ретінде вице-президентке беріп, жүктемені жеңілдету қарастырылған.
Сонымен қатар, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Адам ауырып қалады немесе басқа да жайттарға тап келуі мүмкін. Қазіргі қолданыстағы Конституцияда Президенттің орнына Сенат спикері уақытша отыра алады және ол қалған мерзім аяқталғанша атқара береді. Бір жарым жыл бола ма, екі жыл бола ма. Ал, жаңа конституциялық жобада екі ай ғана уақыт беріледі. Екі айдың ішінде жаңа сайлау өткізіліп, халық Президентті өзі сайлайды. Бұл – алға жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Президенттің қолдауымен және бастамасымен Құрылтай құрылған кезде, бұрын Сенатта болған квоталардан бас тарту ұсынылды. Яғни, квота болмайды, барлығы партиялар арқылы сайланып, ұсынылуы керек деген бастама көтерілді. Бұл да – үлкен жаңашылдық. Сонымен қатар, жаңа институт – Қазақстан халық кеңесі енгізіліп жатыр. Бұл кеңес 126 адамнан тұрады. Бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы деп айтып жүрдік, сол жерден 42 адам кіреді. Қазақстан – көпұлтты мемлекет, әр ұлттың өз өкілдерін жіберу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың өкілдері кіреді. Бұл кеңестің заңнамалық бастама көтеру құқығы болады. Яғни, Құрылтайға, Президентке, Үкіметке заң бойынша ұсыныс енгізе алады.
Тағы бір маңызды норма – отбасы, неке мәселесі. Жаңа Конституция жобасында неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде нақты бекітілген. Бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, әйелдердің құқықтарын нығайтуға және отбасы институтының тұрақтылығын жоғары құқықтық деңгейде қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл да қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерді ескеріп енгізілген өзгеріс. Жастарға да үлкен көңіл бөлінген. Былтырғы қыркүйектен бастап алты айдың ішінде екі мыңнан астам ұсыныс түсті. Соның барлығы ескеріліп, Конституция 84 пайызға өзгеретін болды. Ал, біздің Парламенттің регламенті бойынша, егер заңға 40 пайыз өзгеріс енгізілсе, ол заң жаңадан қабылдануы керек. Мұнда 84 пайыз өзгеріс бар. Сондықтан, Конституцияны жаңадан қабылдау туралы шешім қабылданды.
«БИЫЛ ЖАЗДА АРҚАЛЫҚТАҒЫ ӘУЕЖАЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ»
– Сіз Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын жиі көтересіз. Осы турасында да айтып өтсеңіз…
– Торғай өңірінде қордаланған мәселелер аз емес. Торғай облысы жабылғаннан кейін сапалы автожолдың болмауы, әуе қатынасының тоқтауы, өңірдің шеткері орналасуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізді. Соңғы жылдары халықтың көшуі көбейіп, өңірдің әлсірегені рас. Дегенмен, қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Торғай өңіріне ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Арқалық қаласында әуежай салу жөнінде нақты тапсырма берілді. Бүгінде бұл жоба жүзеге асу үстінде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, Алла қаласа, биыл маусым айында әуежай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл – өңірдің тынысын ашатын маңызды қадам. Сонымен қатар, Президент Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша ірі автожол салу мәселесін көтерді. Бұл жол еліміздегі халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылуға тиіс. Егер бұл жоба іске асса, орталық пен батыс өңірлердің арасы шамамен 500-600 шақырымға қысқарады. Бұл тек Арқалық қаласы немесе Амангелді, Жангелдин аудандары үшін ғана емес, жол бойындағы барлық елді мекен үшін үлкен мүмкіндік. Жүк тасымалы жеңілдейді, жолаушылар қатынасы артады, кәсіпкерлік дамиды. Мұндай ірі инфрақұрылымдық жобалар бүкіл ел экономикасына мультипликативтік әсер береді.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың желтоқсан айында Торғай өңірін дамытудың кешенді жоспарына қол қойылды. Аталған жоспарға сәйкес, 2026-2028 жылдарға арналған кезеңде өңірді дамытуға 165 миллиард теңге бөлінді. Оның 104 миллиарды республикалық және жергілікті бюджет есебінен, ал 61 миллиард қаржы инвесторлар тарапынан тартылмақ. Осылайша, Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарын қамтитын үш өңірге үш жыл ішінде 165 миллиард теңге көлемінде инвестиция бағытталмақ. Президент «күшті өңірлер – ұлттық экономиканың негізі» деп бірнеше рет айтқан. Сондықтан, бүгінде шалғай аумақтардың дамуына, олардың көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық беріледі. Осы тұрғыдан Торғай өңірі қайта жандануға нақты мүмкіндік алады. Бұл жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда: Торғай өңірін қайта түлету, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және көші-қон үдерісін тоқтату. Ал, қолға алынған жобалар осы бағыттағы нақты әрі жүйелі қадамдар деп есептеймін.
– Сіз Парламентте Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі болдыңыз. Былтыр қосымша құн салығына қатысты депутаттық сауал жолдадыңыз. ҚҚС-на байланысты қабылданған шешімдер бизнеске қаншалықты салмақ салады деп ойлайсыз?
– Жоба 2024 жылдың қыркүйегінде Мәжіліске келіп түсті. Қыркүйектен ақпанға дейін біз мың беттен асатын, 882 баптан тұратын кодексті толықтай қарап шықтық. Былтырғы ақпанда Үкімет 10 триллион теңге көлеміндегі бюджет тапшылығына байланысты салық-бюджет реформасын жариялады. Өйткені, бюджет кірісі шығындарды толық жаппады. Жыл сайын Ұлттық қордан қаражат тартуға және ішкі нарықтан қарыз алуға тура келеді. Жалпы бюджет шамамен 25 триллион теңге болса, оның 16 триллионы салық түсімдері, қалғаны қарыз есебінен жабылды. Жыл сайын бұл айырмашылық ұлғайып келеді. Сондықтан, Үкімет белгілі бір секторларға салық жүктемесін арттыру және салық әкімшілендіруін жетілдіру қажет деп шешті. Мысалы, Экономикалық ынтымастастық және даму ұйымдары елдерінде салық түсімдерінің орташа деңгейі – ЖІӨ-нің 34 пайызы. Францияда – 45,6%, Бельгияда – 44,8%, Данияда – 44,1%, Ресейде – 21,4%. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 15,3%. Тіпті, Қырғызстаннан да төмен (22 %). Қосымша құн салығына қатысты Үкімет 16 пайыздық ең жоғары мөлшерлемені ұсынды. Кейбір депутаттар 12 пайыздан 14-ке, кейін 16-ға кезең-кезеңімен көтеруді ұсынды. Бірақ, осы жылдан бастап бірден 16 пайыз енгізу қажет деген пікір басым болып, қабылданды. Әрине, ҚҚС – жанама салық. Ол бағаға әсер етеді. Үкіметтің есебінше, 4 пайыздық ҚҚС өсімі инфляцияны шамамен 3 пайызға арттыруы мүмкін. Бірақ, бұл әсер бір жылдық болады деп болжануда. Қазақстанда 2 миллионнан астам салық төлеуші бар, олардың тек 4 пайызы (130 мыңға жуық) ҚҚС төлейді. Арнайы салық режимінде үш режим қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация, шаруа қожалықтары. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 4% төлем қарастырылған (оның ішінде зейнетақы және әлеуметтік аударымдар бар). Салық бюджетке түспейді, төлем адамның өзіне бағытталады. Негізгі мәселелер ретінде ҚҚС шегін 40 млн теңгеге дейін көтеру, арнайы режимдерге рұқсат тізімінің орнына тыйым салу тізімін енгізу, әлеуметтік салаға корпоративтік табыс салығын кезең-кезеңімен енгізу, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрін салықтан босату, кітап баспаларын және кітапханаларды ҚҚС-нан босату қаралса, барлығы іске асты. Тек ҚҚС 12%-дан 16%-ға дейін көтеру, үкіметтің есебі бойынша, шамамен 3 трлн теңге қосымша табыс береді. Қалған өзгерістер – сән-салтанат салығы, әкімшілендіруді күшейту, прогрессивті жеке табыс салығынан (ЖТС) 1,5-2 трлн теңге әкеледі. Бюджет 4,5-5 трлн теңгеге артық толығады.
– Кейбір сарапшылар бюджет тапшылығын жабу үшін салықтық шешімдер асығыс қабылданды деп пікір білдірді. Сіз бұл көзқараспен келісесіз бе? Жалпы, жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікке серпін бере ме, әлде әкімшілік жүктемені арттыра ма? Өз ұстанымыңыз қандай?
– Жалпы, мөлшерлемені көтеру-көтермеу төңірегінде үлкен дау болған жоқ. Бірақ, қазіргі әлеуметтік шығындарды жабу үшін осы жылдан бастап бірден 16 пайызды енгізу қажет болды. Көпшілік осы пікірге бейім. Біз халықтың, бизнестің және бюджеттің мүддесін ескеретін теңгерімді бюджет құрдық деп есептеймін. Жаңа Салық кодексі халықтың да, бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін қамтиды. Осы жылы қосымша құн салығы бойынша тіркелудің міндетті шекті деңгейі – 10 000 АЕК. Айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты бұл сома жыл сайын қайта есептеледі. Бұл адал микробизнес өкілдеріне еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер кәсіпкер есепті уақытында тапсыра алмаса, ол автоматты түрде «нөлдік көрсеткішпен» қабылданады және ешқандай әкімшілік айыппұл салынбайды. Бұл бизнестің шоттарын бұғаттаудан сақтайды.
Кодекс жобасында салық органдары ҚҚС негіздеріне, электронды шот-фактуралармен (ЭШФ) жұмыс істеуге тегін оқытады деп көрсетілген. Нарықта 100-ден 200 мыңға дейін жаңа бухгалтер мамандары да қажет болады. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне студенттерге гранттар санын көбейту туралы хат жолдадық. Бухгалтер мамандығы қайтадан сұранысқа ие болады. Сондай-ақ, алкоголь, темекі, қыздырылатын темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылданды және энергетикалық сусындарға акциз енгізілді. Бұл халық арасында саламатты өмір салтын ынталандыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында есепке алынатын ҚҚС мөлшерін 70%-дан 80%-ға дейін арттырдық. Яғни, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне түсетін салмақ төмен болады. Жаңа Салық кодексі – Конституциядан кейінгі ең маңызды құжат. Ол Әділетті Қазақстанның басты символдарының бірі болуға тиіс.
– Әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Әңгімелескен: Сералы МЫРЗАБАЙ
ҚОСТАНАЙ











