Түркиенің қаржы саясатына тұңғыш рет әйел жауап береді

0
486

Өткен айда «президент тағына» қайта отырған 69 жастағы Режеп Тайып Ердоған 44 жастағы Хафизе Гайе Ерканды Орталық банк басшысы қызметіне тағайындады. Сөйтіп, Түркиеде тұңғыш рет Орталық банк тізгінін әйел ұстады.

Стамбул тумасы Босфор университетін аяқтағаннан кейін білімін АҚШ-та жалғастырған. Негізі 1746 жылы қаланған Принстон университетінің түлегі. 20 жылдай АҚШ-та тұрып, сонда жұмыс істеген. «Goldman Sachs», «First Republic Bank», «Greystone & Co» сияқты атақты американдық қаржы ұйымдарында жауапты қызметтер атқарған.

«Қатын бастаған көш оңбас» деп санайтын мұсылман елдерінің бірі осылай тәуекелге барды. Күні кеше екінші кезеңде қарсыласы Кемал Қылышдароғлыны әупірімдеп жеңген Режеп Тайып Ердоғанның «бар мәселені шешкенде, экономикаға шамасы келмей» жүргені рас. Билік басында ұзақ отырған президент қаржы саясатын дұрыс жүргізе алмады. Соның салдары қазір қатты сезіліп жатыр. Халі мүшкіл экономика. Рекордтық деңгейге құнсызданған түрік лирасы. Иілмеген инфляция. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 86%-ға жетті. Бұл ресми статистика, ал шын мәніндегі жағдайды ойлаудың өзі қорқынышты.

Өкінішке қарай, төрт жылда Орталық банкте төрт басшы ауысса да, олар тығырықтан шығар жолды таппады. Енді Ердоғанның күні Батыс көрген қаржыгер Ерканға қарап тұр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here