Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері бас қолбасшы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен «Астана опера» театрында өткен Джузеппе Вердидің «Дон Карлос» қойылымын тамашалады.
Театрға теңізшілер отбасыларымен бірге барды. Джузеппе Вердидің бұл операсы ең үздік әншілерден тұратын үлкен құрамды қажет ететіндіктен, ұлы шебердің бес актілік бұл туындысы өте сирек қойылатынын айта кету керек. Ал бұл әскери теңізшілер үшін таптырмас мүмкіндік.
– Біз отбасымызбен келдік, енді біреу ата-анасымен келді, – дейді Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқарма офицері подполковник Арман Бектұрғанов. – Біздің әскери қызметшілер мәдени жорықтарды жиі жасап тұрады. Әскери адамдар осындай киелі «өнер ғибадатханасына» келіп, классикалық музыканы тамашалағанына қуанышты.
Бұл мәдени іс-шара Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізіліп отырғанын айта кету керек. Осыған сәйкес алдағы тамыз айының ортасында Ақтауда мерекелік іс-шаралар өтеді. Бұл шараға рейдтегі әскери кемелердің салтанатты шеруі де кіреді.
«Астана опера» әлемдік сәулет өнерінің үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынған Орталық Азиядағы ең ірі театр. Оның архитектурасында қазақы колоритке баса назар аударылған. Ал техникалық жарақтандырылуы әлемдік стандарттарға сай келеді.