Отаны бар адам бақытты адам, өйткені арқа сүйер тірегі бар. Ол қайда жүрмесін Отанын айтып, мақтаныш етеді. Дегенмен, әлемде тарыдай шашыраған қандастарымыз бар. Олар миллиондап саналады. Шүкір, 1991 жылдан бері елге 1 млн 150 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. 2025 жылдың басынан бері 2 185 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 46,4%-ы – Қытайға, 41%-ы – Өзбекстанға, 7,1%-ы – Түрікменстанға, 1,9%-ы – Ресейге, 1,6%-ы – Монғолияға және 2%-ы басқа елдерге тиесілі.
Осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,8%-ды, кәмелетке толмағандар 30,8%-ды және зейнеткерлер 8,4%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,8 пайызы жоғары білімді, 30,7 пайызы орта кәсіби білімді, 50,8 пайызы жалпы орта білімді және 1,7 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 389 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, яғни бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде беріледі.
Жыл басынан бері 84 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 56 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Ұшса құстың қанаты, жүгірсе аңның аяғы талатын кең байтақ жеріміз бар. Сол жеріміз әлемдегі бар қазаққа ортақ. Көбей, қазақ!
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ