«Сағадиев оқулары» – жаңа білім беру алаңы

0
947

Алматы қаласында Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде ғылыми диалогты дамытуға және қазіргі заманның өзекті мәселелеріне бағытталған кезекті «Сағадиев оқулары 2026 – Орталық Азия мен Қазақстан жаһандық әлеуметтік-экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайында» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Халықаралық конференцияда шетелдік спикерлермен бірге еліміздің жетекші ғалымдары, жас зерттеушілері мен докторанттары да белсенді түрде қатысып, өз ғылыми ізденістері мен зерттеу нәтижелерін ортаға салды. Олар экономиканың әртүрлі салаларындағы өзекті мәселелерді қозғап, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге бейімделудің тиімді жолдарын ұсынды. Әсіресе, Қазақстанның тұрақты дамуы, инновациялық экожүйені қалыптастыру, адами капиталды жетілдіру, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Жас зерттеушілер үшін бұл алаң тәжірибе алмасуға, халықаралық сарапшылардан кері байланыс алуға және болашақ ғылыми жобаларын дамытуға үлкен мүмкіндік берді.

Ғылыми конференцияда Джордж Вашингтон университетінің (АҚШ) зерттеуші профессоры Себастьян Перуз «Жаңа Жібек жолынан Орта дәлізге дейін: АҚШ саясаты және Орталық Азиядағы өзара іс-қимыл стратегиялары» баяндамасында мемлекеттердің қарым-қатынасы аясындағы ғылымның өркендеуіне кеңінен талдау жасады. Сонымен қатар, спикерлер Алаа Гарад (Шотландия) «Оқу орындарынан университеттерге бағытталған білім: Орталық Азияда озық тәжірибеге қол жеткізудің стратегиялық негізі», профессор Раб Наваз Лодхи (Пәкістан) «Дәстүрлі салаларды Қазақстандағы «ақылды» салаларға айналдырудағы Индустрия 4.0 технологияларының рөлі» тақырыптарында ғылыми пікірлерінің нәтижесіне тоқталды.

Конференция барысында қатысушылар арасында мазмұнды пікірталастар өрбіп, түрлі ғылыми мектептердің көзқарастары тоғысты. Нәтижесінде жаңа серіктестік байланыстар орнап, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға негіз қаланды.

Осылайша, «Сағадиев оқулары – 2026» халықаралық ғылыми конференциясы тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған ғылыми жол.

Матаева Айсұлу Тілеубекқызы,
К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here