Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары бойынша 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде бағалау үшін Словения мен Словакия өкілдерінің қатысуымен Францияның инспекциялық тобы гарнизонға барды.
Шетелдік сарапшылар Аягөз гарнизонының танк және артиллериялық бригадаларына инспекция жүргізді. Брифинг барысында командирлер бригадалардың құрылу тарихы, құрылымы, міндеттері, мақсаты, қару-жарағы мен әскери техникасы туралы айтып берді.
Инспекторлар жауынгерлік машиналар паркін, артиллериялық дайындық машиналарын, оқу сыныптарын және басқа да әскери инфрақұрылым нысандарын тексерді.
Кездесулер барысында дене шынықтыру жүйесіне, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту жоспарларына назар аударылды. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағамдау мақсатында сарапшылар казармаларға, асханаларға, кітапханаға және спорт залдарына барды.
ҚР Қарулы күштері мамандарының кәсіби деңгейін жоғары деп атап өткен әскери инспекторлар Қазақстан Республикасының қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерін толық орындағанын растады.
Әскери мамандар ҚР Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау инспекциясын қамтамасыз ету бойынша орталықтың ілеспе тобына, танк және артиллериялық бригадалар қолбасшылығына, әскери-көліктік авиацияға инспекцияны қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін ризашылықтарын білдірді.