Сенат Төрағасы: Инклюзивті қоғам құру – Президентіміздің саяси бағдарының басым бағыттарының бірі

0
599

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге OzgeEpic атты алғашқы ірі креативті хабына барып, оның қызметімен танысты. Соның аясында хабтың шығармашылық тобы аутизм жөнінде терең ой салатын және сол қиындықты еңсеру жолында қалыптасқан стандарттан тыс шешімдер іздейтін оқиғаны баяндайтын «Құштар» спектаклін сахналады.

OzgeEpic хабында бірегей этно-мұражай мен қолөнер шеберханасы бар. Мұнда театр қойылымдары, музыкалық және поэзиялық кештер мен көрмелер өткізуге арналған кеңістік те қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – заманауи өнер арқылы қазақ мәдениеті мен креативті индустрияны дамыту. Сондай-ақ аталған бастама дарынды жастардың әлеуетін ашуды, тәжірибелі өнер қайраткерлерімен және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп олардың жобаларын іске асыруға қолдау көрсетуді көздейді.

Өнер арқылы қазіргі өзекті проблемаларға және қоғамды толғандырған түйткілдерге баса мән беріп, оларды шешудің стандарттан тыс жолдарын ұсыну айрықша маңызға ие. Аутист балалар туралы қойылым инклюзия тақырыбындағы осындай тың тәсілдердің бірі екенін атап өткен жөн. Бұл – OzgeEpic хабы мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы бірлесіп әзірлеген іргелі жоба.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Әділетті Қазақстан және инклюзивті қоғам қалыптастыру Мемлекет басшысы жүргізіп келе жатқан саясаттың басым бағыттарының бірі. Палата Спикері мүгедектігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, олардың ортаға бейімделуіне және кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау, сондай-ақ, осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелерді шешу жолында кешенді тәсілдердің маңызы зор екенін де тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси бағдарының басым бағыттарының бірі инклюзивті қоғам құру екені анық. Соңғы жылдарда мүгедектігі бар адамдарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету жүйелі сипатқа ие болды. Осы бағытта тиісті заңдар да қабылданып жатыр. Бұл мәселеде тек әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобалармен шектелуге болмайды. Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін адамдардың инклюзияға деген көзқарастары мен бұл саладағы тәсілдерді өзгерту және мүгедектігі бар адамдарды жүйелі қолдау аса маңызды. Осы тұрғыдан келгенде бүгін тамашалаған «Құштар» спектаклінің мәні зор», – деп, Мәулен Әшімбаев Creativity Support Team креативті тобының жұмысына жоғары баға берді.

Әлеуметтік бағыттағы жобаны табысты іске асыруда ұрпақтар сабақтастығына да баса мән берілді. Қойылымды сахналауға Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының, «Жастар» театрының, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының, Астана қаласы музыкалық жас көрермен театрының кәсіби актерлерімен қатар шығармашыл зиялы қауым өкілдері де атсалысып, айтарлықтай қолдау көрсетті.

Спектакльді Парламент депутаттарымен қатар өнер, білім беру саласының мамандары, сарапшылар және тағы басқалар тамашалады.

Айта кетейік, «Құштар» қойылымының басты мақсаты – аутизмге және оның әлеуметтік аспектілеріне терең үңілу, сондай-ақ, осы мәселеге қоғамның назарын аудару. Оқиға желісінде аутизм ұғымы барлық саланы хабардар ету және байланыс орнату, өзара диалог пен әлеуметтік теңдікті нығайту тұрғысынан қарастырылады. Жоба қазіргі заманғы әлеуметтік мәселелер мен үрдістерді ескере отырып, ғылыми, әлеуметтік және мәдени зерттеулерге негізделген. Спектакль барысында маңызды проблемалар терең талданып, жаңа көркемдік шешімдер мен әдістер ұсынылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here