АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакиске Вашингтон бөлетін көмек ретінде 200 млн доллар көлемінде Украинаға қару беру немесе сату туралы ұсыныс хат жолдады.
«Біз Грекияның Украинаға бере алатын немесе сата алатын қорғаныс әлеуетіне қызығушылық танытуды жалғастырамыз. Егер бұл мүмкіндіктер Киевті қанағаттандырса, Вашингтон Афина үшін 200 млн долларға дейін шетелдік әскери қаржыландырудың қосымша қаражатын бөлу мүмкіндіктерін зерттей алады», – делінген Энтони Блинкеннің Кириакос Мицотакиске жазған хатында.
Бір күн бұрын, яғни 26 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік департаменті Грекияға АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшақтарын және оларға арналған жабдықтарды 8,6 млрд долларға сатуды мақұлдады. Алайда, Мемлекеттік департаменттің шешімінен кейін жойғыш ұшақтарды беруді америкалық конгресмендер 30 күн ішінде мақұлдауы керек.