Қазақстандықтардың заманауи энергия көздеріне қолжетімділігі сөз болды

0
292

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның төртінші отырысы өтті. Іс-шарада қатысушылар заманауи энергия көздерінің жалпыға бірдей қол жетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев қолжетімді, тұрақты және заманауи энергия көздерін дамыту қазіргі таңда еліміз үшін өзекті мәселе екенін айтты. Қазақстанда электр желілерінің тозуы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Осыған байланысты, баламалы энергия көздеріне баса мән берудің және «жасыл экономикаға» көшудің жүйелі тәсілдерін қалыптастырудың маңызы арта түсуде.

«Халықтың электр энергиясымен қамтылғанына қарамастан, бүгінде электр желілерінің тозуы үлкен проблема екені жасырын емес. Электр энергиясын өндіруге, генерацияға ауқымды инвестиция қажет. Елімізде газдандыру ісі әлі де болса маңызды міндет болып қалып отыр. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де өте төмен екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, «жасыл экономиканы» дамыту – еліміздің қазіргі күн тәртібіндегі негізгі басымдық болуы қажет. «Жасыл экономикаға» көшу халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаға жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал ету – депутаттық корпустың негізгі міндеттерінің бірі», – деген Мәулен Әшімбаев әріптестерін осындай ортақ мақсаттарға жету жолында күш жұмылдыруға шақырды.

Парламенттік комиссияның отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірге Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрлері, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі, өңір әкімдіктерінің өкілдері, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар бірлескен жұмысты әрі қарай жандандыруға қатысты тың бастамаларға тоқталып, ұсыныстарын айтты. Олардың іске асырылуы алдағы кездесулерде талданып, сарапталады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here