«Сезін…» атты жеке шығармашылық көрменің ашылу салтанаты өтеді

0
1115

2024 жылдың 1 наурыз күні, сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның белгілі акварелист суретшісі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «IWS Kazakhstan» халықаралық акварельдер қауымдастығының мүшесі, «Көпір» суретшілер қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның мәдениет және бейнелеу өнері саласындағы Халықаралық және қазақстандық жобалар мен көрмелердің авторы және ұйымдастырушысы, Әбілхан Қастеев атындағы алтын медалінің иегері Әсия Үкіқызы Хайрулинаның «Сезін…» атты жеке шығармашылық көрменің ашылу салтанаты өтеді.

Экспозицияда эмоциялардың жарқын палитрасымен және эксперименттің батылдығымен таң қалдыратын 100 ерекше туындылар қойылады.

Көркемсурет өнерінде әрбір суретші өзіндік шығармашылық қолтаңбасымен ерекше. Бүгінде замануи бейнелеу өнеріндегі қайталанбас шығармашылық туындыларымен танылған суретшілердің бірі – суретші Әсия Үкіқызы Хайрулина.

 Қазақстан акварель өнерінің қалыптасуына өз үлесін қосқан әкесі Үкі Әжиевтің ізін басқан Әсия Хайрулина қарапайым бейнеден терең ой тастайтын дүниетанымдық ұстаным мен композиция ырғағына қарай үйлесімділікті шебер береді. Суретші табиғаттың тылсым құбылысын немесе бір заттың әр қырынан мың құбылта бейнелеген туындыларында ерекше ғажайып бір дүние тынысын жүрекке жеткізуді тәжірибелеп келеді. Осы тұста суретші Әсия Хайруллина – «Әр суретшінің шығармашылықта өзіндік көзқарасы мен түсінігі бар. Тарихи жанрдағы кейбір шеберлер, олар замандастарынан жасырылған уақытқа алаңдайды. Басқалары қоршаған әлемді, оның күнделікті өмірі мен сұлулығын тамашалайды. Үшіншісі терең рухани құпияларды ашады. Маған фрагменттер, мозаика және қасқағым сәттің егжей-тегжейлері, қайталанбас әсерлер және бейнелердің күтпеген иірілімдері жаныма жақын… Тек өнер ғана адамдарға өздері ойлап тапқан тұрақты ережелерге сәйкес келмейтін әртүрлі болуға мүмкіндік береді!», – деп шығармашылық ерекшелігіне түсінік береді.

Расында да, суретшінің қай жанр болмасын, кеңістіктегі форманың кескінделуіне және оны орындау әдістерді тәжірбие жасаудан қуат алатыны байқалады. Сонымен қатар, Әсия акварель өнерінде қалыптасқан тұрақты әдісте ғана емес, жаңаша сипат беретін түрлі әдіс-тәсілдерді үнемі іздеуін туындыларынан көреміз. Мәнерлі келген бояу түстердің үндестік үйлесімділігі мен айрықша реңктері ғажайып бір сезімге жетелейді.

Әсия Хайрулина өзінің шығармашылық жолында акварельмен сурет салу әдіс-тәсілінің қыр-сырын зерттей отырып, ой тұжырымын былай жеткізеді: «Акварель – бұл қиял және болжауы мүмкін емес құрал. Жұмысты бастаған кезде сіз бір нәтижені елестетесіз, бірақ кенеттен сіз мүлде басқа өлшем мен кеңістікке тап боласыз. Бұл мені ең күтпеген әдістер мен әсерлерді қамтитын техникаға тартады. Әрине, менің барлық шығармаларым өмірдегі кейбір әсерлеріммен, сезімдеріммен байланысты». Суретшінің жан дүниесіне жақын кескіндер және ондағы айтайын деген ой-мүддесінің нақтылығы – адам өміріне тікелей қатысты құбылыстармен байланысты. Сондықтан да, суретші композициялық шешімін көрермендердің санасына шектеу жасамай, әрмен қарай ойын жалғастыратындай және оны терең сезінуіне мүмкіндік береді.

Суретші-акварелист Хайрулина Әсия 1957 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Темірбек Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. Илья Репин атындағы Санкт-Петербург өнер академиясында тағылымдамадан өтті. Суретшінің шығармашылық туындылары Әбілхан Қастеев атыныдағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, Қытай ұлттық өнер музейінде, Қазақстанның өңірлік музейлерінде, АҚШ, Германия, Түркия, Англия және жеке коллекционерлердің қорынан орын алады.

Көрме наурыз айының 20-на дейін жалғасады.         

Гүлнар ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Педагогика және экскурсия» бөлімінің жетекшісі 

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі. 050040, Алматы, Көктем-3, 22/1, тел. 394-57-18, т/факс 394-55-19, e-mail: gmi_rk@mail.ru

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here