Тараз гарнизонында мерзімді қызметтің сарбаздарына құрмет көрсетілді

0
201

Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан мерзімді қызметтің жиырма сарбазы запасқа шығуды ресімдеу үшін Тараз қаласына оралды. Әскери қызмет мерзімінің аяқталуына байланысты «Оңтүстік» ӨңҚ-ның қолбасшылығы іссапарды тоқтатып, сарбаздарды әскери бөлімге қайтару туралы шешім қабылдады. Олар Атыраудан тұрақты орналасу пунктіне Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік ұшағымен жеткізілді.

Бір ай бұрын бұл жауынгерлер Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригаданың біріккен жасағы құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Тараздан Атырау облысына келген болатын. Аталған бригаданың үш жүз әскери қызметшісі тәулік бойы Жайық өзенінің жағасын нығайтып, бөгеттер тұрғызды.

– Күндіз-түні жұмыс істеп, аз ұйықтадық. Алғашқы уақытта қатты шаршаған кездеріміз де болды, – деп еске алады қатардағы жауынгер Нұрғали Нұғман. – Бірақ біз бір сәтке де тоқтаған жоқпыз. Су көтерілген жағдайда шайып кетпес үшін бөгетті тез әрі сапалы салу керек екенін түсіне білдік.

Мерзімді қызметтің соңғы айы сарбаздар үшін шынымен де оңай болған жоқ. Олар тасқын суға қарсы күресті одан ары жалғастыруға дайын болатын. Бірақ оларға оралу туралы бұйрық келді. Жігіттер өздерінің әскери және азаматтық міндеттерін толығымен орындап, бейбіт уақыттың нағыз батырларына айналды.

– Дәл қазір бәріміз де үлкен мақтаныш сезіміндеміз. Барынша күш біріктірдік, – деп атап өтті шымкенттік ефрейтор Әли Әбубәкір. – Осы уақыт ішінде біз бұрынғыдан көп ұйыса білдік. Бұл оқиға мәңгі есімізде қалады.

Әскери бөлім сарбаздарды салтанатты жағдайда қарсы алды. Келесі күні оларға әскери билеттер мен жоғары оқу орындарына түсу сертификаттары табысталып, алғашқы лек үйлеріне қайта бастайды.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен әскери қызметшілері Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуды жалғастыруда. Әскерлерден өңірге барлығы мыңға жуық әскери қызметші жіберілген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here