Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров елде жемқорлық туралы хабарлағандардың қандай тәртіппен және қандай көлемде сыйақы алатынын түсіндірді. Жемқорлық туралы хабарлағандарға берілетін сыйақы мөлшері өскелі 1424 call-орталығына жүгінетіндер саны артқан. Белсенді азаматтар арасында 15 миллион теңгеге дейін сыйақы алғандар бар.
«Заң жобасына өзгерістер енгізілгелі Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған азаматтарға зиян келген соманың немесе параның 10 пайызы беріледі. Яғни, азамат 100 миллион теңге көлеміндегі жемқорлық туралы хабарласа, онда 10 миллион теңге көлемінде сыйақы алады. Мысалы, былтыр 2023 жылы Атырау облысында азамат осы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары туралы хабар беріп, 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Сондай-ақ, жуырда Астана қаласында жемқорлық туралы хабарлаған екі азаматтың бірі 4,4 миллион теңге, екіншісі 3 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Олардың бірі квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналастыру үшін лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеу фактісі туралы хабарлады. Екінші азамат полиция қызметкеріне пара беруге итермелеу туралы айтты», – деп түсіндірді агенттіктің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Ары қарай агенттік өкілі кейде жалған хабарламалар болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, олардың саны көп емес. Пара берді немесе алды деп жала жапқан жандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, дәл қазір тиісті сall-орталыққа жемқорлық туралы хабарлағандар саны артып келеді. Осы орайда ол сыбайлас жемқорлық туралы хабар берген қазақстандықтарға қанша көлемде сыйақы берілетіні туралы айтты.
«Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы беру – халықаралық тәжірибе. Қазір қылмыстың бұл түрі туралы хабар беріп жатқан азаматтар саны артып келеді. Тиісті заң жобасының қабылдануына өзім де тікелей атсалысқан болатынмын. Аталған заң жобасына сәйкес, егер жемқорлықтан келген салдар 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, онда сыйақы көлемі 10 пайыз болады. Ал арадағы сома 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін болса, онда сыйақының көлемі қылмыстың қаншалықты ауыр екенімен байланысты. Егер аса ауыр қылмыс болса, онда сыйақы 100 айлық есептік көрсеткіш түрінде, ал ауыр қылмыс болса, 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Жалпы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандардың 15 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар», – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.
Биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты хабарламаларды қабылдайтын call-орталыққа 20 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Олардың 572-сі жемқорлыққа тікелей қатысты. Сондай-ақ жемқорлық тақырыбына байланысты төрт жарым мыңнан астам қоңырау өңделген.
«Біз тек бақылау, мониторинг жүргізумен айналыспаймыз. 1424 call-орталығының аптасына жеті күн, жиырма төрт сағат жұмыс істейтінін еске салғым келеді. Келіп түскен хабарламаларға бірден жауап беріліп, тәуліктегі қай уақыт екеніне қарамастан, тиісті жедел шаралар қабылданады. Мұнымен қатар, 2023 жылғы қаңтардан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау күшейтілгенін хабарлағым келеді. Мысалы, жемқорлық туралы хабар берген мемлекеттік қызметкерді үш жылға дейін қызметінен босатуға, тәртіптік жауапкершілікке тартуға немесе басқа қызметке ауыстыруға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай процеске міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді. Ал егер мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген болса, онда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгіне алады. Мұндай бұйрықты арнайы құрылған комиссия қарайды және бұл комиссияның құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкері міндетті түрде кіреді. Сол кезде ғана шешім заңды болып саналады», – деп қосты Данияр Биғайдаров.