Ораза айында туған жырлар

0
829
Есеп
Құран 30 парадан, 114 сүреден, 6666 аяттан тұрады. Мәскеуде жарық көрген Крачковский аудармасындағы түсіндірмеде Құран 6236 аяттан тұрады деген. «Ислам әліппесінде» (Алматы, 2000 жыл, 48 бетте) аяттар 6323, ал осы кітаптың орыс тіліндегі нұсқасында (180 бетте) 6232  деп көрсетіліпті. Мәскеуден жарық көрген қазақ тіліндегі «Құран» нұсқасына берілген түсініктерде аят саны Басыра көшірмесінде 6204, Куфа, Үнді, т.б. көшірмелерде 6236 болғаны айтылады. Біздің ойымызша, Құран сүрелері мен аяттары керемет есепке құрылған.
Құранда егер отыз пара болса,                        
Мекке мен Мәдинадай қала болса,
Оразаның күні де отызға тең,
Отыз күн әр ай сайын жаңаланса.               30
Алты мың алты жүз алпыс алты аят болса,  6666
Қосқанда жиырма төртке таяп тұрса,          6 + 6 + 6 + 6
Алланың есебінің қатесі жоқ,                       =
«Әмин!» – деп барлық сүре аяқталса.       24
Құранда тек жүз он төрт сүре болса,        114
Қосқанда алты екенін білер болсаң,         1 + 1 + 4
Оның да қосындысы бұзылмай ма,           =
Санатқа басқа сандар кіре қалса.            6
Алтыға алты қосса – күн емес пе,            6  +  6
Алтыға алты қосса – түн емес пе,            6  +  6
Он екі және он екі – тәулік болса,           12 + 12
Күн мен түн тәуліктегі бір емес пе?!        24
Пенденің болғанымен зор талабы,           +
Есептен жаңылғанды дерт алады.            _
Қосу мен Алу, Бөлу, Көбейту де –           :
Алланың ойлап тапқан төрт амалы.        >< 
Азан
Біріккен араб әмірлігінің математик ғалымдары Жер бетінде азан тәулігіне 24 сағат, яғни 1440 минут айтылып тұратынын дәлелдеді. Бұл туралы араб ғалымы Абдул Хамид аль-Фадиль «Аль-ваи аль-ислями» журналында хабарлады. Біздің планетамыз 360 уақыт меридианына бөлінген. Бұл меридиандардың әрқайсысын екіншісінен тура 4 минут бөліп тұрады. Азан да 4 минут айтылады. Сонымен айтылған азан бір меридианда аяқтала сала екіншісінде басталып жатады. Осылайша азан дауысы жер бетінен үзілмейді.
Айтқан кезде азанды,
Алды дейтін мазамды.
Адам болса, түбінде,
Алла берер жазаңды.
Жайнап тұрса базарлар, 
Қайнап тұрса қазандар.
Жер бетінде ешуақыт,
Үзілмейді азандар.
Азан дауысы қайда да,
Тоқтайды деп ойлама.
Азан үні естілген,
Алыстағы Айда да.
Тыңдап елдің өсегін,
Жаратқанның есебін.
Түсінбеген пенденің,
Көрген соры бес елі.
Қалмау үшін табаға,
Іштің дертін тазала.
Көкірек керіп жұтатын,
Азан – таңғы таза ауа.
Аллаhу әкпар!
Аллаhу әкпар! 
Аллаhу әкпар!
Аллаhу әкпар!
Алла биік бәрінен!
Ашhаду алла илаhа илла Алла! 
Ашhаду алла илаhа илла Алла! 
Алладан басқа тәңір жоқ.
Тұрмын соған куә боп.
Ашhаду ’анна Мұхамбет ар-расул алла! 
Ашhаду ’анна Мұхамбет ар-расул алла!
Мұхамбет – оның елшісі.
Хаййа ‘ала с-салат.
Хаййа ‘ала с-салат.
Намазға барыңдар!
Хаййа ‘ала ль-фалах.
Хаййа ‘ала ль-фалах.    
Табысты болыңдар!
Аллаhу әкпар!
Аллаhу әкпар!
Алла биік бәрінен.
Лә ’илаhа илла алла!
Лә ’илаhа илла алла!
Алладан басқа тәңір жоқ!
Кешір, Алла!
Жылға парыз – он екі айда келген құрбан,
  Айға парыз – отыз күн ораза,
  Күнге парыз – бес уақыт намаз…
Тоқсан би
Күн мен түннің парызын жүрміз бе біз орындап,
Ай мен жылдың парызын жүрміз бе біз орындап?
Ұзақ жолға шыққанда әр жерде бір дамылдап,
Өтелмеген парызым бара жатыр қалыңдап.
Қараша жұрт патшаны отырса да мойындап,
Хан да, бірақ, парызын отырған жоқ орындап.
Парыз шетте қалған соң қарыз шіркін көбейіп,
Ел мен жердің қайғысы бара жатыр қалыңдап.
Өмір жолы шұбалаң сан тарапқа бұрылмақ,
Жасырамыз көп жайды ойнағандай тығылмақ.
Бұл тірлікте есірдім, кешір, Алла, кешіргін, 
Бозторғайдай парызым тұрып алды шырылдап.
10 + 10  +10 = 30
Бір мұсылман жөн сұрады имамнан,
«Кезім болды ораза ұстап, қиналған.
Басы, ортасы, аяғында бұл айдың,
Бірнеше күн оразаға шыдаймын.
Отыз күнді түгелдемей, алайда,
Дәл осылай ниет етсем, жарай ма?!»
Имам айтты: «Онда он күн, расында,
Ауыз бекіт оразаның басында.
Оразаның көрген кезде ортасын,
Орта жолдан қайтуға да қорқасың.
Қалжырасаң, түнде сәл-пәл  ал тыным,
Он күн тағы ораза ұста, жарқыным!
Соңғы он күннің Қадір түнін тосатын,
Киесі бар шөліңді де басатын.
Ай соңында тағы да он күн шыдайсың,
Сонда ғана Жаратқанға ұнайсың».
* * * 
Ораза айы. Ауыз берік тағы да,
Қалай айтам батқан жайды жаныма.
Ойладым ба орта жолда қалам деп,
Жабысқанда жүйрік аттың жалына?!
Алдамшыны алдамшы деп айтпасам,
Жалғаншыны жалғаншы деп айтпасам.
Жауын жаумай, қурап кеткен орманды,
Жайпап жатқан басылады өрт қашан?!
Ауызашарда туған жыр
Ауызашар – ықыласпен қарсы алып,
Қауқылдасып жататын кез барша жұрт.
Дәм татарда қара судың өзін де,
Бал жұтқандай ішесің кеп тамсанып.
Өкініш көп мезгіл болса бос өткен,
Ораза ұстап молда ұсынған есеппен.
Бір ай бойы, уақытша болса да,
Тыйыласың өтірік пен өсектен.
Ден сау болса, ораза ұстау қиын ба?
Тазарады асқазан да, миың да.
Қолда барға қанағат қып, шүкір қып,
Қызықпайсың артық-ауыс тиынға.
Ауызды да, құлақты да жабасың,
Тыным алып, жанға рақат табасың.
Кеш батқан соң тәтті түстер жалғайды,
Құтпан менен таң намазы арасын.
Ораза да, ойлап тұрсаң, сын бізге,
Түнгі ұйқыны ауыстырдық күндізге.
Күн шыққанда жеңілдеп қаласың,
Әр парақты жыртқан сайын күнтізбе.
* * * 
Болып қалды оразаның ортасы,
Кеппейді әзір ешкімнің де аңқасы.
Бал татиды таңертеңгі ішкен ас,
Жеген жандай сары майдың тортасын.
Ойлауға да уақыт көп күн ұзын,
Түсінесің бұл жалғанның қызығын.
Көзің жетіп білгендейсің қадірін,
Дәм бұйырып, жеген нан мен тұзыңның.
Қанағаттың ат байлары – Рамазан,
Жақсылықтың ақ қайнары – Рамазан.
Көкіректе үміт отын лаулатып,
Жоғалтады күпті ойларды Рамазан.
* * * 
Тәурат, Забур, Інжіл, Құран – төрт кітап,
Төртеуінсіз қалар еді жұрт жұтап.
Жыпырлаған жапырағы болмаса,
Адамдарға сая болмас құр бұтақ.
Бәрі есепте – өткен жолың, басқан із,
Басқа келген тауқіметтен қашпаңыз.
Жәбір көрсең аңдып жүрген дұшпаннан,
Жүрегіңе қорған болар – бес парыз.
Аш жүрсе де ораза мен намазын,
Ұмытпаған жаны жомарт қазағым.
Кейінгілер зейін қойып жүрсін деп,
Жазып кеткен назымы мен ғазалын.
Сол қазақты дінсіз деген күншілдер,
Әзәзіл ме? Айтыңдаршы, кімсіңдер?!
Адамзаты жаралған деп маймылдан,
Әлі күнге атеист боп жүрсіңдер.
Біреу жаяу, мінсе біреу арбаға,
Орын табар барлығына кең дала.
Туыстарың сендер ертең қайтқан соң,
Амал жоқтан жүгінеді молдаға.
* * * 
Иә, Раббым!
Ием сенсің жан-тәніммен сүйетін,
Оразада қабыл болсын ниетім.
Өткір сөзім қорамсақты толтырсын,
Нысанаға жебе болып тиетін.
Елім десем ет-бауырым езілді,
Соларға арнап айтсам деп ем сөзімді.
Шыдам бітіп, тізгін берсем ашуға,
Кешір менің ағат кеткен кезімді.
Бір өзіңе белгілі ғой әр ізім,
Толып жатыр өтелмеген парызым.
Кешір мені уақытым жетпесе,
Мойнымда тұр қайтармаған қарызым.
Тағдыр кейде қос бүйірден қысқанда,
Досқа күлкі, таба қылма дұшпанға.
Жол жүргенде жақсы адамға жолықтыр,
Кез келтірме сұрқия мен мыстанға.
Басқа қонған бағым болсын құтым-жыр,
Басымды аман, бауырымды бүтін қыл!
Құдай берген кеміген жоқ несібем,
Сен де, Ақылбек, осы күнге шүкір қыл!
* * * 
Қаншама азап көрдің, қайғы шектің,
Мұңайдың, жабырқадың, жасты төктің.
Аллаға мың бір шүкір! Сабыр еттің,
Көбейді үмбеттері Мұхамбеттің.
Кездескен қиындыққа төтеп бердің,
Тұрғанды кеуде керіп сөкет көрдің.
Көрсеттің қайырымды мұқтаждарға,
Жинаған мал-мүлкіңнен зекет бердің.
Сыртынан қарап тұрсаң көз айырмай,
Жайнамаз мұсылманның таза арындай.
Аллаға мінажатпен жақындайды,
Оқыған бес намазын қаза қылмай.
Күнәға кейбіреудің еті өледі,
Күнәсін әркім өзі көтереді.
Жасаған қателігі жалғандағы,
Тек қана құлшылықпен өтеледі.
Ауырса ел-жұрты үшін бауыр-еті,
Еліне болса елеулі қызметі.
Күнәсі жайған қолдан төгіледі,
Жұмсалса Хақ жолына қабілеті.
Ішеді әркім өзі адал асын,
Ұстайды әркім өзі оразасын.
Өзгелер көз жұмылған шақта ғана,
Марқұмның шығарады жаназасын.
Сырт көзге ақиқатты сақтаған боп,
Жүрмесе арпалысып бақ табам деп.
«Жақсы адам болды ма?» – деп сауал қойса,
Тұрғандар жауап айтар: «жақсы адам!» – деп.
Пейілі таза болса пендесінің,
Қалмас па ұмытылмай елге есімі.
Жатқан жер торқа болып, нұрға толып,
Тербетер есіл ерді Жер-бесігі.
* * * 
Есіңе алсаң Алланы тұрған сайын,
Ораза мен тарауық, құрбан сайын,
Мойынға алған жүгің де азаймай ма,
Жаратқанға құлшылық қылған сайын,
Сол мойынды жан-жаққа бұрған сайын.
Күн әдемі көрінер атқан сайын,
Семірмей ме жайған мал баққан сайын,
Қос тізеге сары су ұяламас,
Бес намаздың қадірін тапқан сайын,
Жайнамазға тізелер батқан сайын.
Ми қыртысы жазылар білген сайын,
Қатаяды жүрегің күйген сайын,
Маңдайыңа жазылған тағдыр болса,
Тағдыр жүгі жеңілдер күн-күн сайын,
Сол маңдайың сәждеге тиген сайын.
* * * 
Түн ортасы.
Шам жанып тұр көп үйде,
Ораза ұстап жүргендер ғой, әрине!
Әлде ана ма түн ұйқысын төрт бөліп,
Ана сүтін беріп жатқан сәбиге?!
Ақын ба әлде толқытқанда ой-арман,
Түн ішінде шырт ұйқыдан оянған.
Ұйқы келмей, төсегінде дөңбекшіп,
Қария ма таяғына таянған?!
Төңірегім тас қараңғы.
Түн іші…
Жыпырлаған жұлдыз – көктің ыдысы.
Шүкір қылып алдымдағы асыма,
Ауызымды бекіттім,
Бұл да адамның ырысы.
* * * 
Өзгелер жүргенде секеңдеп,
Ораза – парыз деп ашықтым.
Шайтандар дәм татып кетер деп,
Аузымды ашуға асықтым.
Жалықпай қызметті қылғанға,
Кім айтар ғұмырды келте деп.
Төрт бөліп ұйқымды тұрғанда,
Аузымды жауып ем ертерек.
Мақтанып көз қылма халыққа,
Ораза ұстасаң бекініп.
Ауызың ашық па, жабық па?
Ашық деп сөйлеме өтірік.
Қанағат! 
Тағы бір күн өтті.
Жабық деп жасырма ниетті,
Мейірім жылытсын жүректі,
О, Алла!
Қабыл қыл тілекті!
Ойлаңдар!
Жақсылықтың тіршілікте істеген,
Қарымтасы қайтады ма?
Ойлаңдар!
Көлеңкесі жер бетіне түспеген,
Ол – Мұхамбет пайғамбар.
Бір Аллаға мінажат қып, сыйынған,
Намаз оқып, ораза ұстау – 
Міндеті.
Зекет беріп, жаман істен тыйылған,
Ол – Мұхамбет үмбеті.
Жарапазан
«Мұхамбет үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!» –
Дейтұғын әке-шеше сөзі есімде,
Қарайды қалай ғана ел бетіне,
Ауырмай оразасын тастаған жан.
Айтылсын үй сыртында жарапазан,
Сүт пісіп, тамақ қайнап, толсын қазан.
Мұхамбет үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
* * * 
Ақылбек, асып кетпе көп шамадан,
Тұлпар жоқ сүрінбеген, ақсамаған.
Біреулер мінезіңді ұнатпайды,
Біреуге қылығымен жақса да адам.
Танысты кейде текке ренжітіп, 
Тұз суын өкініштің келем жұтып.
Көңілге түскен сәл-пәл кірбің болса,
Кетіре алмайды екен өлең де түк.
Жазсаң да жақсы жырды төкпелетіп, 
Тұрмайды төбең күнде көкке жетіп.
Табысар күнді аңсаймын сағынышпен,
Құрдасты алған болсам өкпелетіп.
Жолдастан жаныма ерткен жолым болмай, 
Суықта қыста киер тоным болмай.
Жүрсем де жаяу-жалпы, аты барға, 
Құдайым өтсе болды жалындырмай.
Көп көрген кезім болды жан ашуын, 
Жүре алдым аласартпай ар асуын.
Денім сау болса болды, бал татиды,
Қатықсыз үйімде ішкен қара суым.
Күніне жүрсең-дағы мың шақырым, 
Үлгілі ғибратты тыңда ақырын.
Тасаттық беріп жатса ауылдастар,
Бір бала ала барған қолшатырын.
Қуаныш ұялаған жанарына,
Ырзамын сол баланың қадамына.
Жауынның көптен жерге тамбай қойған,
Өйткені, сенім болған жауарына.
Көл-көсір болса-дағы қанша пейілім, 
Қалың ел сусап келген қанса деймін.
Отырған тілек тілеп мұсылманда,
Сенімі сол баланың болса деймін!
Ыстықта адам біткен тұңшығардай, 
Мияулап, жиналғанның тынышын алмай.  
Меккеде отырыпты жалғыз мысық, 
Алдында тұрған асқа тұмсық малмай.
Әрине, ауызашар сауап болған, 
Ашуға әлі де үш-төрт сағат қалған.
Отырған сабыр қылып, тәбет тежеп,
Мысықтың асқа көзі қарап, талған.
Халықтың пейіліне бөленетін, 
Қасиет екшелетін, еленетін.
Көргендер айтып жүрер таңдай қағып,
Ораза айының бұл кереметін.
Көл-көсір болса-дағы қанша пейілім, 
Қалың ел сусап келген қанса деймін.
Отырған ниет қылып мұсылманда,
Сабыры сол мысықтың болса деймін!
* * * 
Ауыз ашар мен ауыз бекіту арасы
Биылғы есеп – он төрт сағат шамасы.
Аузын ашып, ел қонған соң ішіне,
Қуанады мұсылманның баласы.
«Артық сөзден, – дейді имамдар, – жүр қашық»,
Кеш батқан соң құлақ та ашық, көз де ашық.
Өткен күнді, болған жайды сөз қылып,
Отырасың қосағыңмен сырласып.
Жан-жүрегің, өкпе, бауырың таза ма?
Алла бізді тартпаса екен жазаға!
Кешу сұрар таудан үлкен күнәға,
Құлшылықтың биік шыңы – ораза.
* * * 
Жаратушым!
Саған иман келтірдім,
Миымда да, жүректе де сен тұрдың.
Сыйындым.
Уақыттан әңгіме айтып, бос өткен,
Дау-дамайдан, өтіріктен, өсектен
Тиылдым.
Алла тағы несібесін берді деп,
Жаным балқып, ет-жүрегім елжіреп,
Сүйіндім.
Кешіре көр!
Күнәм ауыр, қарыз көп,
Ораза айы мұсылманға парыз деп –
Бұйырғын!
Қасиетті ай – Рамазан
Жеті тамұқ жабылып,
Сегіз жұмақ ашылған.
Бір Аллаға жалынып,
Дәргейіне бас ұрған
Қасиетті ай – Рамазан.
Ауыз ашар жасатып,
Тарауыққа жиналған.
Жәрдем қолын ұсынған,
Адамдарға қиналған
Қасиетті ай – Рамазан.
Туыс көрсе қуанып,
Сәлемдескен ізетпен.
Құран оқып, дұға қып,
Қадір түнін күзеткен
Қасиетті ай – Рамазан.
Қараңғыны қақ жарып,
Көктен Құран түсірген.
Әруақтарды ырза қып,
Жеті шелпек пісірген
Қасиетті ай – Рамазан.
Жүректерге гүл шығып,
Ғибрат алып сүреден.
Хаққа жасап құлшылық,
Ізгі тілек тілеген
Қасиетті ай – Рамазан.
Айтылғанда ақ тілек,
Жаратушы жебеген.
Періштелер бақ тілеп,
Қанатымен демеген
Қасиетті ай – Рамазан.
Бес парыз
1. Алла саған ғұмыр берсін,
Кәлимаға тілің келсін!
2. Көкірегіңді таза қыл да,
Бес намазды қаза қылма!
3. Таң атарда ниет етіп,
Оразада ауыз бекіт!
4. Күтсін десең жұмақ алдан,
Зекет төле жиған малдан!
5. Меккеде мол қазына бар,
Шамаң келсе, қажыға бар!
Орындалса бес парызың,
Болмас сонда еш қарызың!
* * * 
Наданға алдыңнан болар кез,
Қайтесің сөзіңді шығындап.
Жүрсем деп естімей жаман сөз,
Құлақты қоясың тығындап.
Көшеде жан көрсең көргенсіз,
Көзіңді еріксіз жұмасың.
Шындықты айтуға дәрменсіз,
Болғанда тіліңді тиясың.
Ауыз, көз, құлақ, тіл – ораза,
Ораза тек бір ай бола ма?
Ішіңді, сыртыңды тазала,
Бұзатын нәрсеге жолама.
* * * 
Ауыз бекіттім,
Тыйдым тілімді.
Жұттым сөзімді,
Қаштым өсектен.
Жаптым құлақты,
Жұмдым көзімді.
Жылдың бір айы – 
Тыйым ұдайы.
Болсам да тап-таза,
Жаратқан Құдайым
Деді ме сынайын,
Жанымда жоқ маза.
Қалған күндерде,
Тойлатып жүргенде,
Аузыңды ашасың.
Сәресін тоспасаң,
Демейсің ешқашан:
«Асқазан босасын!»
Бар болса қанағат,
Жоламас жаманат,
Қатардан қалмаспын.
Ораза  ниеті,
Кісіге  құрметі,
Жыл бойы жалғассын!
* * * 
Тілім келді кәлимаға,
Сөз таралды жарияға.
Балаларым қанат қақты,
Балапандай әр ұяда.
Күн төксе де көктен нұрын,
Сыйласа да көктем гүлін.
Қарыз болып мойнымда тұр,
Оразасыз өткен жылым.
Айтылып та, жазылып та,
Жетіп жатты сөзім жұртқа.
Тапқан табыс бола тұра,
Барған жоқпын қажылыққа.
Алла!
Мені елегенің,
Талантыммен ерек едім.
Дүние қудым, кітап жидым,
Бірақ, зекет төлемедім.
Шын көңілден жазар жырым,
Тура сөйлеп, таза жүрмін.
Кешір, Алла!
Бірақ, қанша,
Намазымды қаза қылдым.
Елден болдым көш ілгері,
Есті жидым, есірмедім.
Күнәм таудай, тастан ауыр,
Кешір, Алла!
Кешір мені!
* * * 
Өсірдік қанша жәннаттың малын,
Құрбандық шалдық қаншама?!
Ұмытпау керек тозақтың барын,
Жанымыз таза болса да.
Қанша рет ауыз ашқызып елге,
Ұстасақ-дағы ораза,
Қақпасын тірлік жапқызып демде,
Болары анық жаназа.
Солардың бірін жасамай тіпті,
Адасып жүрген пенде көп.
Босамай кірден көңілі күпті,
Оларға қылар ем де жоқ.
Біреулер бекер өкпелеп сөзге,
Не демес сырттан дұшпаным?!
Толтыру қиын ортайған кезде,
Көңілдің олқы тұстарын.
Бергендей сусын келгенге шөлдеп,
Жазылар жанның жарасы.
«Өмірді дұрыс сүрдім бе мен?» – деп,
Артыңа бір сәт қарашы.
Парыз бен қарыз
Иман, Намаз, Ораза,
Зекет, Қажы – парыз.
Азан айтсаң тілекпен,
Ниет қылсаң жүрекпен,
Өткен күннен бар із.
Болып жатса еш күнің,
Келісе ме кескінің,
Кімге айтасың арыз?!
Таңда және кешқұрым,
Жасамасаң ешбірін,
Толып кетер қарыз.
Қадір түнінде
Періштелер жерге түсіп,
Барлық шайтан қашқанда,
Келешекті кесіп-пішіп,
Телмірген бар аспанға.
Түңілген бар бұл өмірден,
Адасқан бар тұманда.
Дұға оқыса шын көңілден.
Қабыл қылар Бір Алла!
Жамағат көп тілек тілер,
Тартқан тағдыр азабын.
Хаққа сенер, қадір білер,
Көбейсе екен қазағым.
* * * 
Биік-биік таулар,
Жайнап тұрған орман,
Өткел бермес сулар –
Қамал.
Қалқан.
Қорған.
Барлығына қожа,
Тартқызатын жаза,
Кім бар сондай таза?!
Ойлан!
Қинал!
Илан!
Ораза мен қажы,
Намаз және зекет,
Жүрген болсаң өтеп,
Құйған,
Жиған,
Иман.
Ауыз берік
Ауыз берік,
Сенім – көрік,
Жігер, ерік – 
           Ораза.
Тұнық бұлақ,
Салқын суат,
Дәтке қуат – 
          Ораза.
Жабық құлақ,
Жасыл құрақ,
Асыл тұрақ – 
         Ораза.
Тілге – тыйым,
Алған сыйың,
Күнде жиын – 
         Ораза.
Айтпай өсек,
Атпай кесек,
Қысты жеңу –
          Ораза.
Таза жүру,
Көріп, білу,
Хаққа сену –
          Ораза.
* * * 
Ауыз бекіттім,
Тыйдым тілімді.
Жұттым сөзімді,
Қаштым өсектен.
Жаптым құлақты,
Жұмдым көзімді.
Жылдың бір айы – 
Тыйым ұдайы.
Болсам да тап-таза,
Жаратқан Құдайым
Деді ме сынайын,
Жанымда жоқ маза.
Қалған күндерде,
Тойлатып жүргенде
Аузыңды ашасың.
Сәресін тоспасаң,
Демейсің ешқашан:
«Асқазан босасын!»
Бар болса қанағат,
Жоламас жаманат,
Қатардан қалмаспын.
Ораза ниеті,
Кісіге құрметі
Жыл бойы жалғассын!
* * * 
Мына жалғанда,
Қиын заманда,
Арсыз қоғамда,
Жетпей арманға,
Жүрген адамға
Сөзім өтпеді.
Зулап ағатын,
Жүйрік сағатым,
Жүйке тозатын.
Сабыр-тағатым,
Бірде жетсе де,
Бірде жетпеді.
Мезгіл құбылды,
Жүрдім, сүріндім,
Тұрдым, жығылдым,
Берді балын да,
Берді уын да
  Өмір өтпелі.
Қыстың суығын,
Күздің салқынын,
Жаздың жылуын,
Күннің тұнығын,
Еске салды ғой
Көңіл көктемі.
Қалдым дін-аман,
Тапқан нәпақам,
Алған сыбағам,
Тұтқан оразам,
Берген садақам
Бекер кетпеді.
* * * 
Қаншама қиын өткелден өттік,
Сірескен қардың құрсауын сөктік.
Шуағын шашқан Ораза келді,
Тағы бір айға аман-сау жеттік.
Тамаша тілек – Ғаламтор беті,
Ақжарма лебіз – көрінбес шеті.
Болсыншы қабыл қылатын сабыр,
Ораза тұтқан кісінің ниеті.
Тәубашыл жандар, иманы берік,
Қуанып қалдым сіздерді көріп.
Кекетіп жатыр кейбіреу, бірақ,
Адамды жүрген Аллаға сеніп.
Әр үйге ырыс, береке кіріп,
Қарсы алсын жұртты мереке күліп.
Өткенде жылдар өкінер, бәлкім,
Жүргендер елді келеке қылып.
Оларға тура беретін жауап:
Жақсыны тұрсын жүрегің қалап.
Жылу мен жарық жүрекке жиған,
Иманды жанға әкелсін сауап.
ӘУМИН! 
Ақылбек Шаяхмет,
ақын, жазушы, драматург

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here