Жаһандық саясаттың күрделі сахнасында әрбір ресми хат, әрбір дипломатиялық үндеу – жай ғана құжат емес, мемлекеттер арасындағы сенім мен стратегиялық серіктестіктің көрінісі. Әсіресе, әлемдік геосаяси ахуал құбылып тұрған кезеңде ірі державалар мен аймақтық көшбасшылар арасындағы байланыс жаңа мазмұнға ие болуда.
Ақорда мен Ақ үй арасы: сенім мен серіктестікке негізделген диалог
Осы тұрғыда АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың дамуы айрықша назар аудартады. Вашингтоннан жолданған ресми хат – соның айқын дәлелі. АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы диалог жаңа мазмұнмен толығуда. Бұл байланыс тек екі елдің ғана емес, тұтас халықаралық қауымдастықтың мүддесіне қызмет етеді. Әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр. Осы орайда құрылған Бейбітшілік кеңесінің рөлі айрықша. Оның қызметі жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады. Сондықтан, аталған хат пен ұсыныстар халықаралық саясаттағы жаңа серпіннің белгісі деуге толық негіз бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Дональд Трамптан хат келді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram арнасында хабарлады. Дональд Трамп хатында ақпан айында Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысы аясында Тоқаевпен болған кездесуге ризашылық білдірді. Сол жүздесу екі ел арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің алтын көпіріндей болғанын астарлап жеткізді. АҚШ Президенті алдағы уақытта да екіжақты диалогтың жанданып, жаңа белеске көтерілуіне үміт артатынын атап өтті. Сонымен қатар, келесі Бейбітшілік кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Президентін қайта қабылдауға әзір екенін айтты. Бұдан бөлек, Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырды.
«Қазақстан Республикасының басшысын келесі Бейбітшілік кеңесінің отырысында және алдағы G20 саммитінде қайта қарсы алуды асыға күтемін», – деп жазды Дональд Трамп.
Еске сала кетейік, 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давосқа барып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысты. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрылып жатқан Газадағы Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге шақырылған алғашқы көшбасшылардың бірі болды. Сонымен қатар, Қазақстанға осы бастаманың негізін қалаушы мемлекеттердің бірі болу ұсынылды. Давоста өткен жарғыға қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Президентімен қатар 18 елдің көшбасшылары мен өкілдері қатысты.
Вашингтонның пайымдауынша, Бейбітшілік кеңесі Газадағы бейбіт дамуды қамтамасыз ету жолында стратегиялық бақылау жүргізіп, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және қабылданған міндеттемелердің орындалуын қадағалауға жауапты болады. Ақ үйдің мәліметінше, құрылтайшы атқарушы кеңестің құрамына жеті адам енеді. Олар – дипломатия, даму, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі мол, ел тағдырын таразылай алатын білікті тұлғалар. Әрбір мүше Газаны тұрақтандыру үшін аса маңызды бағыттарға жауап береді. Сонымен қатар, Газаның жаңа үкіметінің қызметін бақылау үшін арнайы атқарушы кеңес құрылады. Бұл кеңес 11 адамнан тұрады, оның ішінде құрылтайшы атқарушы кеңестің төрт мүшесі бар.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп аталған жаңа бірлестікті «кез келген уақытта және кез келген жерде құрылған ең ұлы әрі ең беделді кеңес» деп бағалаған еді.
Қорытындылай келе, бұл бастама халықаралық қатынастардағы жаңа кезеңнің басталуын аңғартады. АҚШ пен Қазақстан арасындағы сенімді диалогтың нығаюы – өзара түсіністік пен әріптестіктің айқын көрінісі. Дональд Трамп ұсынған бастамалар бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл – еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға берілген мүмкіндік. Бейбітшілік кеңесінің құрылуы – жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге жасалған маңызды қадам. Бұл ұйым арқылы халықаралық қауымдастықтың күш-жігері бір арнаға тоғысуы мүмкін.
Сонымен қатар, G20 саммитіне шақыру Қазақстанның әлемдік саясаттағы орнын айқындай түседі. Мұндай жоғары деңгейдегі байланыстар елдің сыртқы саясатының табысты екенін көрсетеді. Алдағы уақытта бұл диалогтың нақты нәтижелерге ұласуы күтіледі. Демек, бұл бастамалар бейбіт әрі тұрақты болашаққа бастар маңызды жолдың бастауы болады. Бұл оқиға – тек бүгінгі күннің жаңалығы емес, болашаққа бағытталған стратегиялық қадам. Өйткені, мұндай жоғары деңгейдегі диалогтар бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік іргетасын қалайды. Демек, Вашингтоннан бастау алған бұл үнқатысу – әлемдік саясаттағы жаңа мүмкіндіктердің есігін ашатын маңызды белес.
Индира БІРЖАНСАЛ









