Жаңа заң жобасы: Тұтынушы енді бірден сотқа жүгіне алады

0
63

Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң медицина, туризм, көлік, байланыс саласындағы қызметтерді де реттейтін болады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.

– 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінде Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы жаңа редакцияда қаралып жатыр. Онда қазіргі таңда қолданылатын заңға қарағанда біршама өзгеріс бар. Біріншіден, қазіргі заң бойынша тұтынушы құқығын қорғау үшін шағымданудың 4 сатысынан өтуі керек. Ол Ата заңға қайшы. Біз ең бірінше сол олқылықты алып тастадық, – деді Серік Досымханұлы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы» атты форумда.

Спикердің айтуынша, осылайша тұтынушылардың құқығын қорғаудың бірнеше сатылы алгоритмі жойылып, адам бірден сотқа жүгіне алатын болады. Сондай-ақ, жаңа заң бұрын қамтымаған салаларға да құзыреті жайылады.

– Қазіргі заң бөлшек сауда, электрондық сауда және жай тұрмыстық қызметтер көрсету кезінде тұтынушының құқығын қорғайды. Алайда медицина, туризм, көлік, байланыс қызметтерін көрсеткен кезде бұл заң адамдардың құқығын қорғай алмайды. Бұл салалар басқа заңдармен қорғалады. Болашақта қабылданатын заңда біз бұл олқылықты жоямыз. Заң қабылданған соң біздің мемлекеттік орган осы айтылған қызметтер бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғай алады, – деді Серік Досымханұлы.

Комитет төрағасының орынбасары жаңа заңның тек бір салада күші жүрмейтінін атап өтті. Ол – қаржы қызметтеріне қатысты. Себебі, бұл салаға жауапты өзге мемлекеттік орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here