Қайтарылған активтер: Ақмола облысының 10 ауылында медициналық нысандар салынады

0
156

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылы жемқорлар мен олигархтардан 670 млн доллар немесе 300 млрд теңге қайтарылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңыз бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді.

790 мыңға жуық халқы бар Ақмола облысының бірқатар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысын аяқтау жұмыстарына Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Барлығы 4 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт салынады. Әр ауысымда 405 науқасты қабылдай алатын дәрігерлік нысандар ауылдық жерлерде халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Дәрігерлік амбулаториялар Ақмола облысының келесі ауылдарында:

  • Аршалы ауданы Арнасай ауылында,
  • Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауылында,
  • Жарқайың ауданы Пятигорское ауылында,
  • Целиноград ауданы Жаңа Есіл ауылында бой көтереді.

Сондай-ақ:

  • Жақсы ауданының Киров ауылында,
  • Целиноград ауданы Жарлыкөл ауылында,
  • Бұланды ауданының Партизанка ауылында,
  • Бұланды ауданы Алтынды ауылында,
  • Шортанды ауданының Пригородное ауылында ФАП-тар салынады.

Целиноград ауданының Шалқар ауылында медициналық пункт пайдалануға беріледі.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаеваның айтуынша, биыл 10 медициналық нысанды аяқтау жоспарлануда, оның ішінде 8 нысан бойынша 50 пайыз құрылыс жұмыстары аяқталды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here