Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кездесуде мүгедектігі бар азаматтарды медициналық қызметпен қамту және санаториялық-курорттық еммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл тақырып елдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады.
Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева өз сөзінде мүгедектігі бар адамдар сапалы медициналық көмекке қол жеткізуде түрлі кедергілерге тап болатынын атап өтті. Бұл тек негізгі ауруды емдеумен шектелмей, профилактика, диагностика және ақпаратқа қолжетімділікті де қамтиды. Сондай-ақ ол санаториялық-курорттық емнің әртүрлі мүгедектік санаттары үшін қолжетімділігі мен тиімділігіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталды.
Сенаторлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдерімен және сарапшылармен бірлесе отырып, қазіргі проблемалар және оларды шешу жолдарын талқылады. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов өз баяндамасында мүгедектігі бар адамдардың, әсіресе балалардың санының артып келе жатқанын атап өтті. Жаңа диагностикалық әдістерді енгізу, неонаталдық хирургияны дамыту және ұрықты қорғау орталықтарын ашу мәселесіне тоқталды. Ерте кезеңде ауруларды анықтау үшін скрининг жүйесін жетілдіру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, медициналық мекемелер жұмысының сапасы мен қолжетімділігі, кадр даярлау, еріп жүруші қызметкерлерге қаржы бөлу мәселелері көтерілді. Медициналық қызмет көрсету мен емдеу хаттамаларын әзірлеу барысында мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттілігін ескерудің маңыздылығы атап өтілді.
Отырысқа қатысушылар мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Институционалдық диалогтың, мекемеаралық өзара іс-қимылдың және денсаулық сақтау саласында инклюзивті тәсілдерді әрі қарай дамытудың маңыздылығы атап өтілді.