Үкімет отырысында «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешев елді мекендерді газдандыру жұмыстары туралы айтқан болатын. Баяндамадан соң Үкімет басшысы Олжас Бектенов «QazaqGaz» басшысына саладағы проблемалардан айналып өткені үшін ескерту жасады. Бұл туралы Іnbusiness.kz ақпарат агентігі хабарлады.
39 жастағы Санжар Серікбайұлы атқарылған жұмыстарын жіпке тізгендей етіп, баяндап берген-ді. Мұнысы Премьер-министрге жақпай қалды.
– Жұмыстарыңызда ешқандай мәселелер жоқ па сонда? Тек жұмыстың оң нәтижелерін көрсеттіңіз. Проблемалық мәселелерді көбірек айту, жарыққа шығару, талқылау керек. Бар ма, ондай мәселе? – деп сұрады 44 жастағы Олжас Абайұлы.
Осыдан кейін Санжар Жаркешев Қашағандағы газ өңдеу зауытында мәселе туындағанын, бірақ оның да жұмысы қазір толық жолға қойылғанын жеткізді.
– Қашағандағы газ өңдеу зауытының проблемалары болды, өзіңіз білесіз. Оның құрылыс жобалары, құрылыс жұмыстары баяу болған еді. Қазіргі уақытта басқа бас мердігер келген. Құрылыс проблемалары шешіліп, 100 пайыз жабдықтар Қытайдан келді. Құрылыс ұлғайтылды, қазіргі уақытта белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп нақтылай кетті «QazaqGaz» басшысы.
Айта кетейік, 23 сәуірде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту, оның ішінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ қызметінің периметрі мәселелері қаралды. Газ тапшылығын шешуді, газбен қамту көрсеткішінің өсуін және цифрлық құралдарды енгізуді қоса алғанда, негізгі қорытындылар туралы компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады.
Санжар Серікбайұлының айтуынша, еліміздің басшылығының, Үкіметтің, Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауының арқасында «QazaqGaz» соңғы үш жылда бірқатар негізгі міндеттерді іске асырды. Атап айтқанда, газ тапшылығы мәселесі шешіліп, ұзақмерзімді перспективада берік ресурстық база қалыптасты. Еліміздегі газдандыру деңгейі 4,7%-ға өсті, газға 1,7 млн адам қол жеткізді. Бюджет қаражатынан бөлек 700 млрд теңгеден астам сомаға инфрақұрылымдық жобалар салынды.
Санжар Жаркешов қазіргі уақытта компанияның қаржылық жағдайы тұрақтанғанын, жоғары халықаралық рейтингтерге қол жеткізілгенін, негізгі серіктестермен сындарлы қарым-қатынастар жолға қойылғанын, оның ішінде 2025-2026 жылдары газ жеткізуге «Газпроммен» екі жылдық импорттық келісімшартқа қол қойылғанын айтты.