Қазақстанда қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған EcoQolday мобильдік қосымшасы 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізілді. Жобаны «Жасыл даму» акционерлік қоғамы іске асырды.
Платформа арқылы жеке және заңды тұлғалар шыны, қағаз, картон, пластик қаптама мен пленканы өткізуге онлайн өтінім бере алады. Бұл – қалдықтарды қабылдау мен өткізудің ашық әрі цифрландырылған форматы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Үкімет қалдықтың әрбір түріне төмендегідей арнайы өтемақы мөлшерлемесін бекіткен:
• қағаз қалдықтарының 1 келісі үшін – 45,61 теңге;
• шыны қаптаманың қалдықтары – 57,25 теңге;
• полимерлі қаптама – 71,76 теңге;
• жеңіл және жүк шиналары – 53,08 теңге.
EcoQolday арқылы қалай жұмыс істеуге болады?
• Қосымшаны жүктеп, тіркелу қажет;
• қалдық өткізуге өтінім қалдырылады;
• жинаушылардан ұсыныстар қабылданады;
• келісім жасалып, қалдық тапсырылады.
Қосымша Google Play және App Store платформаларында қолжетімді.
EcoQolday – Орталық Азияда баламасы жоқ экологиялық жоба. Қазіргі таңда платформада 64 компания, 38 жинаушы, 17 қайта өңдеуші және 9 толық циклді кәсіпорынмен келісімшарттар жасалған.
Қосымша іске қосылған сәттен бері 23,4 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Оның ішінде:
• қағаз қалдықтары – 18,0 мың тонна;
• шыны – 5,1 мың тонна;
• пластик – 0,3 мың тонна.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба еліміздегі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.