Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Бала Ахмет» атты жаңа әннің тұсауы кесілген әдеби-сазды кеш өтті

0
368

2025 жылдың 18 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Тәуелсіздік мерекесіне орай Алаш қайраткерлерін ұлықтауға арналған «Тәуелсіздігім – тұғырым» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Еліміздің тәуелсіздік мерекесін қарсы алу, Алаш арыстарының мұрасын насихаттау және Алаш көсемдерінің бірі, ғалым, ақын, аудармашы, ұлт руханиятының шамшырағы болған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегін дәріптеу, жас ұрпақ санасында ғалым мұрасын жаңғырту мақсатында өткен айтулы шара қатысушыларды тебіреніс пен толқынысқа бөледі.

Тағылымды рухани шара аясында «Бала Ахмет» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Әннің әуенін комозитор, журналист Ерлан Төлеубай, сөзін ақын, А. Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Әділет Ахмет жазған. Тың туынды Ахмет Ерланұлының орындауында тұңғыш рет тыңдарман әлеміне жол тартып отыр.

Әнші бала Ахмет Міржақып Дулатұлы атындағы №136 мектеп-гимназиясының екінші сынып оқушысы. Ұйымдастырушылар қонақтарға А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жәдігерлерін таныстырып, тағылымды экскурсия жасағаннан кейін, «Тәуелсіздігім – тұғырым» атты әдеби-сазды кеш басталып та кетті. Әсерлі кештің сөз тізгінін музей-үй қызметкері Әділет Ахмет ұстады. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Жетігеншілер бөлімінің 1 курс студенттері сыңғырлы күймен шашу шашып, кеш шымылдығын ашты. Аталған қара шаңырақтың ұстазы Нұргүл Жақыпбекқызы лебіз білдіріп, рухани басқосуға сәттілік тілеп, өнерлі шәкірттерін таныстырып өтті.

Алматы қаласы музейлер бірлестігі кадр бөлімінің басшысы Бифатима Бекдоллақызы құттықтау сөз сөйлеп, ұжым мен қонақтарды Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

А. Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет сөз кезегінде тағылымды шараға жиналған қонақтарға алғыс білдіріп, ұлт ұстазының өнерпаздық қыры туралы зерттеулердің, ізденістің жалғасы іспетті өнер туындыларына шолу жасап, тыңдарманға жол тарту алдында тұрған тың туынды жайлы өз пікірін білдіріп, жас өркенге сәттілік тіледі.

Жас жетігеншілер әрбір жылы лебізден кейін күймен тербеп, басқосудың көркін қыздырып отырды. Әділет Ахмет хакім Абайға арнаған «Жалғыз» атты толғауы мен «Жетігенім» атты өлеңін оқып беріп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Алматыкітап баспасы көркем әдебиет бөлімінің жетекшісі, аудармашы, редактор Бұлан Жамбыл сөз кезегінде өтіп жатқан әдеби басқосудың ұлттық идеология мен руханияттағы маңызын айтып, Алаш арыстарының кісілік болмыстарын еске алып, құнды көзқарасын білдірді. Үндістан елінен келген құдайы қонақ та Ахмет тұрған мұражайға сапарында осындай бір ойламаған керемет сазды басқосудың қонағы болғанына дән ризашылығын білдіріп, қазақтың ұлттық аспабы жетіген мен домбыраның айрықша әуеніне тәнті болғанын, қазақтың күй қазынасын зерттеуге ізденіс жасайтынын айтып ағынан жарылды.

Сазды кештің соңында «Бала Ахмет» атты әннің тұсаукесері өтті. «Бала Ахметті» әуелеткен бала Ахметтің әсем үні, батыл рухы қонақтарды тебірентті. Көңіл толқып, көзіне жас алған ұстаздар жауқазын әншіге ақ баталарын берді. Музей-үй ұжымы ән авторлары мен орындаушыға сый-сыяпат көрсетті.

Өнерпаздарға алғыс хаттар, құнды кітаптар ұсынылды.

Шараға қатысушылар қатарында Ахмет Байтұрсынұлының туыс ұрпақтары, ғалымдар мен ахметтанушылар болды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here