Жаңа кезең, жаңа басымдықтар

0
547

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты 2025 жылдың қорытындыларын саралап қана қоймай, еліміздің алдағы кезеңге арналған стратегиялық даму бағыттарын айқындаған маңызды саяси мәлімдеме болды. Бұл сұхбат өткен жылға жасалған кезекті талдау емес, Қазақстанның жаңғыруының жаңа кезеңіне аяқ басқанын айқын көрсететін мазмұнды ой-тұжырымдарымен ерекшеленеді.

Соңғы жылдары елімізде әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыруға бағытталған берік институционалдық негіз қаланды. Экономика тұрақты өсім көрсетіп келеді. Алайда Мемлекет басшысы сандық көрсеткіштермен шектелмей, дамудың сапасына, оның азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік тұрақтылыққа тигізер ықпалына ерекше назар аударды.

Сұхбатта салық реформасына айрықша мән берілді. Ол мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің өзегі ретінде қарастырылды. Ашықтық, әділдік және ортақ жауапкершілік экономикалық саясаттың негізгі қағидаттарына айналуы тиіс. Салық төлеу мәжбүрлі міндет ретінде емес, ел дамуына қосылған саналы үлес ретінде қабылдануы қажет екені атап өтілді.

Сонымен қатар энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым салаларын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар жылдар бойы жинақталған теңгерімсіздіктерді жоюға және тұрақты экономикалық модель қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, көлік дәліздерін дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда.

Сұхбатта цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылдың «Жасанды интеллектіні дамыту жылы» деп жариялануы мемлекеттің жаһандық технологиялық үдерістермен қатар қадам басуға деген стратегиялық ниетін айқын көрсетті. Білімге, деректерге, ғылымға және адами капиталға инвестиция салу болашақ дамудың басты ресурсы ретінде қарастырылуда.

Әлия Ақтымбаева,
география және табиғатты пайдалану
факультетінің деканы, доцент

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here