әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан – Сингапур кванттық технологиялар орталығы ашылды

0
193

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығының ашылу рәсімі өтті. Бұл – елдің ғылымын, қауіпсіздігін және технологиялық егемендігін дамытуда стратегиялық маңызы бар жаңа ғылыми-технологиялық нысан.

Ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансеит Кансеитұлы кванттық технологиялар цифрлық шешімдердің эволюциясындағы кезекті кезең ғана емес, кванттық физиканың іргелі заңдарына негізделген түбегейлі жаңа технологиялық платформа екенін атап өтті.

Орталық қызметінде кванттық криптография мен кванттық байланысқа ерекше назар аударылады. Бұл технологиялар ақпаратты қорғауды алгоритмдерді күрделендіру арқылы емес, берілетін деректерге көзге көрінбей араласудың физикалық тұрғыдан мүмкін еместігі арқылы қамтамасыз етеді. Кванттық есептеулер ең қуатты классикалық суперкомпьютерлердің өзіне қолжетімсіз міндеттерді шешуге мүмкіндік ашады, ал кванттық сенсорлар уақытты, гравитациялық және электромагниттік өрістерді дәстүрлі құралдар үшін қағидатты түрде қолжетімсіз дәлдікпен өлшеуге жол береді.

Орталықтың құрылуы Қазақстанның ұлттық кванттық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған саналы қадамы ретінде қарастырылады. Бұл тек жекелеген зертханаларды іске қосу ғана емес, іргелі ғылымды, инженерлік әзірлемелерді, білім беру бағдарламаларын және қолданбалы индустриялық шешімдерді кешенді біріктіруді көздейді. Орталық жұмысының алғашқы кезеңінде кванттық криптография және кванттық байланыс зертханасы іске қосылып, ол мамандар даярлау, кванттық қорғалған коммуникациялар әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдарға арналған стандарттар мен сертификаттау жүйесін қалыптастыру базасына айналады.

Жобаның маңызды құрамдас бөлігі – кванттық зерттеулер мен жоғары технологиялар саласындағы әлемдік жетекші алаңдардың бірі саналатын Сингапур-мен серіктестік. Халықаралық ынтымақтастық бірлескен ғылыми бағдарламаларды іске асыруға, зерттеушілер алмасуға және халықаралық стандарттарға сай, нақты технологиялық нәтижеге бағытталған қолданбалы жобаларды бастауға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығы – болашаққа салынған инвестиция. Бұл – жоғары білікті кадрлар даярлау, ұлттық кванттық инфрақұрылымның негізін қалау және отандық жоғары технологиялық өнімдерді дамыту деген сөз. Орталық ел ғылымы, білімі, ұлттық қауіпсіздігі мен инновациялық экономикасы үшін өсім нүктесі ретінде қарастырылады.

Іс-шара қатысушылары кванттық технологиялар саласында жүйелі жұмысты бүгіннен бастаған мемлекеттер ұтатынын атап өтті. Салтанатты рәсім соңында ел басшылығына, бейінді министрліктерге, университет ұжымына және халықаралық серіктестерге қолдау мен сенім үшін алғыс білдіріліп, орталықтың ғылым, мемлекет және келер ұрпақ игілігі жолында ашық әрі нәтижелі жұмыс істеуге дайын екендігі расталды.

Белисарова Ф.Б.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессоры 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here