Жол салушы немесе төрт Олимпиадаға қатысқан спортшының жазбасы

0
439

Биыл 34-ке толатын қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев шорт-тректен Олимп ойындарына 4 мәрте қатысты. Бұл – 16 жыл. Ең үлкен белесі – 4-орын. Шорт-тректе, жалпы аяққа конькиді іле бермейтін қазақ үшін бұл үлкен жетістік. Ол Италияның Милане-Кортина д’Ампеццо өңірінде өткен қысқы Олимпиада ойындарында бабы болса да, бағы мүмкіндік бермеді. Бұл – спорт. Миллионнан тек бірі үздік шығады. Бұл жол – қиын жол. Үлкен еңбек пен шыдамдылық қажет. Осы жолы медаль тағылмады. Бірақ, шорт-трекке қазақ баласы үшін жол салынды. Бүгін алынбаған медаль ертеңгі күні алынады. Қазақ шорт-трегінің дамуына төккен ерен еңбегі үшін Абзал Абайұлына алғыс айтайық. Бүгін өмірінің үлкен бөлігін шорт-трекке арнаған жазбасын төменде ұсынамыз.

Редакция

– Егер футболда Ройс туралы осылай айтса, шорт-тректе, бәлкім, бұл – мен шығармын.

Мен үшін бұл төртінші Олимпиадам. Биыл қолдауды ерекше сезіндім: әлеуметтік желілерде жазылған жылы пікірлерді көрдім, түн ұйқысын қиып, таңға дейін отырып жарыстарымды тамашалап, жанкүйер болғандарыңызды білемін. Спортшы үшін бұл баға жетпес сезім. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын!

Олимпиада жолында маған қолдау көрсеткен, сенім білдірген барлық жандарға да алғысым шексіз. Әр қолдаудың, әр жылы сөздің, әрбір артылған сенімнің орны бөлек. Барлығыңызды жақсы көремін, қадірлеймін.

Мен көп жылдар бойы еліміздегі шорт-тректің дамуына өз үлесімді қосуға тырыстым. Алдағы уақытта да осы спортты Қазақстанда кеңінен насихаттай беремін. Бұл менің миссиям әрі жүрек қалауым. Болашақта еліміз осы спорт түрінен ең мықты мемлекеттердің қатарында болғанын қалаймын. Осыған жету үшін барымды саламын.

Соңында сіздерге деген кішкентай ғана өтінішім бар: келесі Олимпиадаға дейін біздің спорт жайлы ұмытып кетпеңіздер. Алдымызда тағы төрт жыл, көптеген халықаралық жарыстар бар. Бәріне де қатысып, ел намысын абыроймен қорғауға тырысамыз. Командамызды қолдап жүріңіздер. Олимпиадада көргендеріңіздей, бұл өте қызықты әрі тартысты спорт түрі.

Абзал Әжіғалиев, қазақстандық шорт-трекші

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here