Әбубақсы мен Жадаукөк (әңгіме)

0
201

Бұл оқиғаны біздің бала кезімізде қиял-ғажайып ертегідей аңыз қылып айтатын. Содан да болар өзім Әбубақсыны көрмесем де, ел аузындағы айтылған жағдаяттар әсерінен арыла алмай, өз жанымнан бірер көріністерді қосып, әңгіме қылып жаздым.

Автор.

Торғайдан шыққалы тәулікке таяды, бірақ асығыстығы жоқ аяң жүрістен жол еңсерілмеді. Айдауыл Борсан милицияның аты боққарын, қорқылдақ торы. Ауыздығы алынбаса да жердегі шөпті шала тістеп, талғажу етіп келеді. Оны қыстап жатқан Борсан да жоқ. Жалпиған кең бөксесін ер үстінде екі жаққа кезек-кезек аударып қойып, қалғып-шұлғып отыр. Беліндегі наганын салған құрым кобурасы қисалаң-қисалаң етіп қаруы бір жерде түсіп қалатындай көрінеді. Артынан ерген Әбубақсы соны көріп келе жатып кейде: «Осы немені аяқ қолын байлап көтке бір теуіп тастап кетсем бе екен. Бірақ, қайда барады? Қайда тығылады? Үкіметтің құрығы ұзын бәрібір ұстайды ғой. Әрі мынау байғұстың да сорын қайнатпай ма, түрмеге қамайтын адамнан айырылып қалдың» деп ойлайды.

Санасын осындай сан-сапалық ой шырмаған Әбубақсы амал жоқ Борсанның айтқанына көніп, маужырап келеді. Ендігі ойы Қызбелтаудың ертегіндегі «Құттыбай бұлағына» жетіп, ат шалдыру. Оған да алыс қалмағандай ма қалай. Көз ұшынан бұлдырап сағым көтерген таудың сұлабасы көрінеді. Оның бұл ойын айдауыл Борсан да құптайды.

– Әбеке, айтқаның болсын, қонсақ қонайық осы жерге, алда әлі қаншама жол жатыр, Қостанай қайда, біреу қайда, – дейді ол.

Қас қарая олар діттеген жерге де жетті. Жарықтық, «Құттыбай бұлағы» жердің жаннаты ғой: айналасы көкмайса, суы мөп-мөлдір. Бұл қай заманнан бері ағып жатыр десеңші. Суы бір ортаймайды, жол жүрген жолаушы мен осы төңіректегі мал мен жанның ырысы. Төменгі жағы жайылып әжептәуір көлшік болып кеткен. Бір қызығы, ол одан әрі ақпай қайтадан жер қойнына сіңіп кетеді. Ғафу ақынның осы аттас өлеңі бар еді. Жарықтық осы маңайда туды ма екен? Әлде тұрды ма екен? Әлде ақынның шабытына қуат берген бұлақтың құдіреті ме екен? Әйтеуір осы бұлаққа өлең арнады ғой. Онысы тасқа басылып, кейінгі ұрпақтың игілігіне айналды.

Бұлар аттарының біріне тұсау салып, екіншісін шідерлеп, қоржындарындағы ас-суларын ішіп болғанда дала тас қараңғы болып, аспанда сансыз жұлдыздар жымың қағып шыға келді.

Әбубақсы бүгінде елуге таяп қалған еңсегей бойлы, жауырыны қақпақтай ірі кісі. Кезінде талай күреске түсіп, елге аты жайылған балуан. Кім-кімде оған тура келіп, бет түйістіре алмайды. Оның үстіне Әбудің шоқтай жайнаған өткір көзі адамды арбайды. Ағып жатқан суды тоқтататын, аяқ астынан от салып жіберетін итті қоян ғып, түйені ешкіге айналдыратын сыйқыры бар. Ауыл аймағы, ат жетер жердегі елдің бәрі оны тік тұрып қарсы алады. Әруақты адам деп табынады. Ауырған балаларын үшкіртіп тұмар жаздырып алады. Осының бәрінен хабардар Борсан Әбудің басынан өткен бір қызық хикаяларды естімек болып сауал салды:

– Әбу аға, – деді ол, – өмірде өзегіңізді өртеген өкінішті жағдай болды ма?

Мынау ит менен не естігісі келді екен дегендей Әбубақсы Борсанның жап-жалпақ бетін барлай қарады. Бірақ, оның жүзінде қулық-сұмдықтың ізі жоқ, жай ғана әуестік сияқты бірдеменің нышаны сезілді.

Әбубақсы ойласып қалды: «Не айтуға болады?».

Осы жасында оның басынан не өтпеді дейсің. Бықы-жықы мағынасыз тіршілік. Бірақ, әйтеуір жай өмір сүрген жоқ, атжалман әбжіл де болған жоқ. Қарапайым өмір сүрді.

«Бұл пақырға оның несі қызық. Өзі де борбай еті борша болып, әркімге жалданып жұмыс істеп нәпақасын тапты емес пе? Мынау өкімет орнаған соң осы милицияға алынып, адам қатарына қосылғандай болды. Өзінің сұрағы қалай қызық. «Өзегіңді өртеген өкінішті жағдай» дейді».

Иә, болды, өтті ондай нәрсе Әбубақсының басынан. Ол қатып қалған шер-шемен, айықпайтын, жазылмайтын жүрек жарасы. Сүйгеніне қосыла алмады. Оған сол кездегі әділетсіз заман, ескі салттан арыла алмаған қоғам кінәлі еді.

– Болды қарағым, болғанда қандай, – деді Әбубақсы дауысы қатқылданып.

«Е, бұл кісінің де әттегенайы бар екен ғой. Күресте қапы кетті ме екен, әлде бақсылығында бір кінәрат болды ма» деп ойлады Борсан милиция.

Мұның осы ойын тап басқандай Әбубақсы:

– Жоқ, Борсан, сен ойлағандай емес, ол махаббат хикаясы, кезінде сүйгеніме қосыла алмадым, – деді.

– Апырай, ә, осынша алапат күш иесі, оның үстіне керемет бақсылығы бар адамның да махаббат та жолы болмайды екен-ау, – деп Борсан әңгіме тындауға құлшына түсті.

– Ол кезде мен тым жас едім. Он сегізге енді толғам, – деп бастады Әбубақсы әңгімесін, – көрші ауылымызда Бекен деген кісінің Ақбота деген қызы болды. Ол Ақбота десе, Ақбота еді. Мөп-мөлдір көзі қандай, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы ерекше еді. Сол жылы ол он алтыға толған. Бір-бірімізді ұнатып, сөз байластық. Бірақ, оның айттырып қойған, өзінен көп үлкен адамы бар екен. Қалыңмалы төленген, ата-аналары құйрық-бауыр жескен бұл пісімі келген іс болатын. Әйткенмен, Ақбота болашақ күйеуін көргісі де келмейді. Әкесі кесіп-пішкен соң дымы құрып үндемей жүрген. Басқаша жол жоқ, мен Ақботаны алып қашуға бекіндім. Менің тегім кіші жүз ғой. Ырғыз жақтанмын.  Торғай бойындағы нағашыларды паналамақ болдым. Егер оларға аман-есен жетсек, қалың арғын елі бізді жасырып қалары анық еді. Құдайым ол тілекті бізге бермеді. Қуғыншылар қарасы жүрген сайын жақындай түсті. Екі адамды көтеру оңай ма, астымдағы атым да болдыра бастады. Сондай бір сәтте:

– Бегімім, мыналар бізді ұстамай тынбас. Қайырымсыз, қатыгез, сезімсіз адамдар ғой. Біреуімізді жазым ғып жіберуі де мүмкін. Соңғы тілегім болсын, аяғымды да, жамбасымды да жерге тигізбей осы аттың үстінде отырған қалпымда өзіңе ғана бұйыруға тиісті пәктігімді ал! Анау шалға, өлексем де жетеді, – деді Ақбота дауысы құмығып.

Табан астында мұндай датқа не айтуға болады. Тосылып, не дерімді білмей қалдым. «Бұл қалай бұрыннан ойластырылған шешім бе? Әлде, аяқ астынан туындаған асау ойдың ұшқыны ма?» деген бір түйсік санамды осып өтті. Не істеу керек? Мұндай жағдай менен басқа қазақ баласының басынан өтті ме, жоқ па білмеймін. Мен сүйіктімнің соңғы өтінішін, тіпті тағдырымыз қыл үстінде тұрған шақта қисынсыз-ау дерлік өтінішін орындауға мәжбүр болдым.

Нартәуекел! Әуелі астымдағы киік терісімен қапталған көпшікті жұлып алып, ердің басынан асыра жайдым. Артымда отырған қызды белінен құшақтап, алдыма өңгеріп алдым. Ақбота қап-қара қою шашы жайылып, ат жалымен астасып көзін жұмып шалқая берді. Мен де Ақботаның қып-қызыл ернінен өбе түстім. Дүние тылсым, тас болып қатып қалғандай. Жастықтың ессіз есірік сезімі бізді әбден тұмшалап тастаған. Екеуіміз де бұрын сезбеген, сезілмеген жаңа бір әлемге сүңгіп бара жатқандаймыз. Оттай ыстық махаббат ләззатынан бірінші рет нәр алған жас денеміз от болып жанып жатқандай.

Бір сәт есімізді жиып, үсті-басымызды түзеп бола бергенде бір қарулы қол сілтеген сойыл көкжелкемнен тиіп, ат үстінен аударып тастады. Ақботаның «хош, қарағым» деген көмескі дауысы құлағыма жеткендей болды. Бір жуан қара оның атын жетелеп, кейін қарай тұра шапты. Қалған тобыр да маған қарамастан қыз мінген атты жан-жақтан қаумалап, тырағайлап қаша жөнелді. Қанша жатқаным белгісіз, бір сәтте есімді жиғандай болдым. Тас төбемде, көкзеңгір аспанда бір түз тағысы қалықтап ұшып жүр екен. «Ей, Әбу, бітті бәрі, енді саған Ақбота жоқ, үмітіңді үз, тағдырыңды басқа жақтан ізде. Саған Аллатағала басқаша жол сілтейді, сен ел табынатын тәуіп боласың, сыйқыршы, бақсы. Сенің бағың сонда» дейтін сияқты.

Айтқандай осы күннен бастап менің бойымда бір ерекше құбылыс пайда болды. Көрмейтінді көріп, сезбейтінді сезетін болды. Елге бармай осы Торғай жерінде қалдым, жауырыным жерге тимеген балуан болдым, Әбубақсы атандым. Мынау астымдағы Жадаукөк екеуміздің қалған хикаямыз саған белгілі, – деп ол әңгімесін аяқтады.

Жадаукөк – Әбубақсының құлынынан қолға ұстаған аяулы сәйгүлігі. Талай бәйгенің алдын бермеген жүйріктігімен елге аян. Таяудағы бір жарыста 1 Май колхозының Құланқасқа атымен мәреге тайталаса келді. Бұрын жеке-дара келетін Жадаукөктің мұнысын Әбубақсы «қашықтық аз болды» деп түсіндіреді екен.

Құланқасқа да шашысына шаң жүқпайтын жүйріктің бірі еді. Екеуі әп, дегеннен кейінгі топтан қара үзіп, үзеңгі қағыстыра жүйткіді. Көздері шатынап, бірін-бірі жеп қоярдай ызалана, ізбарлана шабады. Сол қарқынмен, тайталасқан қалпында мәреге қатар келеді. Жадаукөктің бірқалыпты шауып келе жатып, кенеттен екінші тынысы ашылғандай аяқ астынан самғай жөнелетіні бар-ды. Осы жолы сол әдетіне басып мәре сызығы үстінде Құланқасқадан тұмсығы бар қамшы сабындай алға шықты және секунд сайын арындап, ұзай берді. Жиналған жұрт шуласып, бәйге Жадаукөктікі десті. Бірақ, комиссия «Құланқасқаның аяғы мәре сызығын бірінші басты» деп бой бермеді. Әбубақсы мұндай қорлыққа қайдан шыдасын, ашу үстінде комиссия төрағасын қақ жауырынынан қамшымен екі рет осып өтті. Содан істі болып, Борсан милиция мұны Қостанайдағы ақтүрмеге айдауылдап әкелуінің басты себебі осы еді. Дегенмен, бүкіл түрме басшыларын аң-таң қалдырған ең ғажап оқиға енді осы жерде басталады.

«Ауылдың надан қазағы ғой, қайда барады дейсің» деп оны бір аспалы құлыбы бар жеке бөлмеге қамай салған-ды. Кезекші таңертең қараса бөлменің есігі ашық, құлыбы сау, Әбубақсы жайнамазын жайып жіберіп далада намаз оқып отыр. Мұны көріп зәресі ұшқан кезекші бастығына осылай да осылай деп баяндайды. Ол сенер сенбесін білмейді.

– Бүгін екі құлып сал, – дейді бастығы, – оның сыртында қолына қару беріп бір часовой қой.

Қояды. Таңертең қараса часовой ұйықтап жатады. Есік ашық, екі құлып та сап-сау. Әбубақсы тағы жайнамазын жайып намаз оқып отырады. «Мұны қалай істедің, қайтып істедің» деп сұрайын десе түрме бастығы қазақша білмейді. Амалы таусылған ол осында жақында жұмысқа тұрған жас қазақ лейтенанты бар екен соны шақырады. Әбубақсыны кабинетіне алдырып, екі жақтап тергейді.

Жаңағы Сапан Ділдәбеков деген лейтенант жас кезінен Әбубақсының дақпыртын естіп өскен Торғай жақтың тумасы болса керек. Бастығына мұның ерекше қабілеті бар, киелі адам екенін түсіндіріп бағады.

– Ой, сендер, қазақтар оттай бересіңдер! Сауатты жоқ, оқымаған қаймана қазақта қайдағы гипноз, – деп бастығы бәс бермейді, – мықты екенін білейін, мені сыйқырлап көрсінші.

Қазақ жігіті Әбубақсыға жағдайды түсіндіреді.

– Мақұл, – дейді ол, – мынау бастығының өмірі есінен кетпейтін қылайын. Әкел анау қаламсапты.

Әбубақсы аузы жыбырлап бірдеңе айтуы мұң екен, қаламсап табан астында әпжыланға айналып бастықтың өзіне ұмтылады. Зәресі ұшқан боққарын орыс отырған орындығымен қоса құлап, есінен танып қалады. Жас жігіт ұшып тұрып, бастығын көтеріп алғанда оның шалбарының ауы дымданып кеткенін көріп, «Ә, өркөкірек, кердеңбай, қазақты адам санатына қоспаушы едің ғой, енді көр» дегендей мырс етеді.

Сөз жатпайды. Қостанай халқы бұл оқиғаны сырыққа құрық жалғап дегендей өсіре айтып, естіп үлгереді. Енді Қостанайдағы томай мен қырықмылтықтың, Алқау жақтағы алтыбас қыпшақтардың, тіпті Әулиекөлдегі әлімбеттер мен сүгірлердің игі жақсылары Әбубақсымен жүздесіп қалу үшін қымызы мен табақ-табақ етін арқалап, ақтүрмені торуылдайды.

Түрме қарауылдары Әбубақсыға жақындауға қорқады, ол тәртіпке бағынып ешқайда қашпай, өз бетінше жатып тұрады. Күндіз намазын оқиды, келген кісілермен әңгімелесіп емін-еркін жанама бақылауда болады.

Тобыл бойының бал құрағы мен белуардан келетін көкмайсасын үзіп жеген Жадаукөк екі аптаның ішінде жұп-жұмыр болып семіріп, толысқан жаясы мен артқы аяғының сан еттері білеу-білеуленіп шыға келді. Күн сайын түрме маңына келіп талыстай кеудесіндегі бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, алдыңғы аяғын аспанға көтеріп қайшылап-қайшылап алып, иесіне мен келдім дегендей арқырай кісінейді. Кейбіреулер ұстап алғысы келіп, қаумалап көріп еді, оған  Жадаукөк көне ме құйрығын көкке шаншып, аналарды мазақ қылғандай төрт аяғын қадау-қадау басып тайып тұрады.

Арада айға жуық уақыт өткенде түрме бастығынан Әбубақсы жайлы адам шошырлық істерді баяндаған рапортын алып жоғарыдағы ұлықтарда бас шайқайды. Әбубақсының айыптау актісін алдырып оқиды. Сонан соң «Әй, мынада адам соттайтындай ештеңе жоқ. Торғайдағы төре бір-екі қамшы жесе тағынан түсіп қалмас, бәйгеден келіп тұрған аттың бағын байлайтын несі бар. Кінә өзінен! Мынау адамға айыппұл тарттырып, босатып жіберіңдер» деген пәрмен келеді.

Кейін белгілі болғандай мұндай шешімнің шығуына Ақмырзадағы Әмірғали шалдың қүйеу баласы, Қостанайда тұратын адвокат Әбдіғапардың көп еңбегі сіңіпті. Сөйтіп, Әбубақсы түрмеден босап шығады. Оған табынушылар мен тілеулестері бір шоғыр болып оны Тобылдың бергі бетіне дейін думандатып шығарып салады. Қалың тобыр арасында төрт аяғын кербездене басып көздері жайнап, сылаң қаққан Жадаукөк былай шыға бере иесі тізгінді сәл босатып, жеңіл ғана тебіні қалуы мұң екен бауырын жазып, көсіле шауып көз ұшында бұлдырап кете барады…

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Қазақ» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here