Еуропалық одақтың Украинаға 90 млрд еуро бөлуімен біз АҚШ пен Еуропа, сондай-ақ АҚШ пен Украина арасындағы қарым-қатынастардың ауыр кезеңі аяқталды деп нық сеніммен айтуға болады. Енді осы тезисті тарқатайық.
Дональд Трамп билігінің алғашқы айларында Украина Еуропаға қарағанда АҚШ-тың айтқанына көбірек құлақ түруі керек болатын, өйткені ол кезде Украинаны қолдаудағы Еуропаның рөлі маңызды болғанымен, «бақылау пакеті» Ақ үйдің қолында еді.
Мәселе көмектің нақты сомасында емес (ол кезде де Еуропаның көмегі көбірек болатын), мәселе – көзқараста еді. АҚШ Еуропаға өз шарттарын таңса, Еуропа да өз кезегінде Украинаға соны істетті. Еуропа үнемі АҚШ-қа жалтақтап, Трамптың бастамаларын қолдап, оның алдында құрдай жорғалап, Украинадан Трамппен жанжалдаспауды өтінетін.
Кир Стармер (Ұлыбритания премьері), Фридрих Мерц (Германия канцлері), Эмманюэль Макрон (Франция президенті), Александр Стубб (Финляндия президенті) сияқты көшбасшылардың Трамп пен Украинаны татуластыруға тырысқан күш-жігерін еске түсірсек те жеткілікті.
Еуропа үшін өз ойынын дербес жүргізе алатын нұсқалардың бар екенін түсіну қиын болды. Яғни, Украинаның аумақтарды беруі мәселесінде «Трамптың айтқанымен жүрмей-ақ, Украинаға Донбастан шығуға тура келеді» (Павел (Чехия президенті), Стубб, Тусктің (Польшаның премьері) мәлімдемелерін еске түсіріңіз) деп айтпай-ақ, өз саясатын ұстану мүмкін емес болып көрінген. Бірақ, содан бері көп нәрсе өзгерді.
Достықтың аяқталуы: Трамппен жеке достықтың ол үшін еш мәні жоқ екенін көрсетті. Оның Макрон, Мерц, Рютте, Стубб, Стармер және Мелонимен достығы аяқталды.
Трамп беделінің түсуі: Еуропа мен Украина Трамптың Путинге дипломатиялық ықпалы тым асыра бағаланғанына көз жеткізді.
Ирандағы соғыс: Ирандағы соғыс Еуропа мен Трамптың жолын біржола айырды. Еуропа сайлаушылары арасында бұл соғыс өте танымал болмағандықтан, Еуропаның басқа таңдауы қалмады.
Украинаның технологиялық серпіні: Иран соғысы барысында Украинаның ұшқышсыз технологиялар бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екені кенеттен анықталды (мұнда Еуропаның соңғы екі жылдағы инвестициясын атап өту керек). Нәтижесінде Украинаның халықаралық субъектілігі күрт артты.
Майдандағы бетбұрыс: Украина майдандағы күш тепе-теңдігін өз пайдасына өзгертті (әзірге аздап болса да). Бұл соғыстың болашағына деген көзқарасты өзгертті, сондықтан Украинаның Трампқа қарсы айтқан дауысы нық әрі тәуелсіз шыға бастады.
Кеше Еуропаның Украинаға екі жылдық көмек пакетін бекітуі осы процесті шегендеді. Бүгінде Украинаға көмек көрсетудегі «бақылау пакеті» Еуропаның қолына көшті, ал Трамп пен АҚШ-тың рөлі айтарлықтай төмендеді. Бұл Еуропа үшін оңай болған жоқ, бұл – есеюдің ауыр жолы еді. Трамп бұрынғы тепе-теңдікті бұзды, сондықтан Еуропа өз құрлығы үшін жауапкершілікті өз қолына алуға мәжбүр болды. Және бұл олардың қолынан келді. Осылайша, Ресей Трампты сынамай, үнемі Еуропаны қарғап-сілеумен болды. Ресей Еуропаның есеюінен өлердей қорықты, қалайда қарт құрлықты тежеуге тырысты. Алайда, оқиғалар барысы Еуропаға басқа жол да қалдырмады, ол еріксіз есеймесе болмайтын жағдай қалыптасты.
Жақын болашақта бізді не күтіп тұр?
Украинадағы соғыс әзірге жалғасады, бірақ оны әділ шарттармен аяқтау мүмкіндігі де айтарлықтай артты. Трамп пен Путин арасындағы дипломатиялық процесс толық тоқтаған жоқ, бірақ бақылау пакеті АҚШ-тың қолынан шығып кетті.
Қуаныш Еділхантегі












