Қазақстан мен Еуропа сарапшылары мәдени мұраны цифрландыру мен сақтау мәселелерін талқылады

0
172

2025 жылғы 22 мамырда «Ғылым ордасы» РМК, Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросы және DUALEST SAS компаниясы (Франция) бірлесіп «Қазақстан музейлері, архивтері мен кітапханаларының француз және еуропалық мұра саласы сарапшыларымен кездесуі» атты халықаралық B2B форматындағы кездесу өткізді.

Халықаралық кездесуге «Ғылым ордасы» РМК, Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросының өкілдері, сондай-ақ француз компанияларының делегациясы қатысты. Олардың қатарында Bruynzell компаниясының президенті Alexandre Collot, Polymorph Design, Memorist, Agence Nathalie Carrière және DUALEST компанияларының өкілдері болды. Сонымен қатар іс-шараға Алматы қаласындағы музейлердің, архивтердің, кітапханалардың және ғылыми-мәдени ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара «Ғылым ордасы» РМК мен DUALEST SAS компаниясы арасында 2026 жылы қол қойылған меморандум аясында ұйымдастырылды. Аталған меморандум архив қорларын сақтау, реставрациялау және цифрландыру, франко-қазақстандық ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларына француз және еуропалық сарапшыларды тарту бағыттарын қамтиды.

Кездесудің негізгі мақсаты — мәдени мұраны сақтау, цифрландыру және музейтану салаларында жұмыс істейтін француз және еуропалық сарапшылармен кәсіби байланыс орнату, Қазақстан мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу.

Іс-шара барысында француз делегациясы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы мен музейлерін аралады. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау, реставрациялау және цифрландыру бағыттары бойынша Қазақстанның музей, архив және кітапхана саласының өкілдерімен B2B форматындағы кәсіби кездесу өткізілді.

Кездесу аясында цифрландыру үдерістерін дамыту, музей, архив және кітапхана қорларын сақтау мен реставрациялау тәжірибесін жетілдіру, цифрлық архивтер мен деректер алмасу платформаларын құру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын іске асыру, мамандардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here