Қазақ руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі бүгінде білім мен тәрбие саласында жаңа мазмұнға ие болып келеді. Рухани кемелдену мен көшбасшылық қасиеттерді қатар дамытуға бағытталған бұл жоба жастардың тұлғалық қалыптасуына тың серпін беріп отыр. Осы бағыттағы ауқымды бағдарламаның нәтижелері арнайы ұйымдастырылған іс-шара барысында кеңінен таныстырылды.
Күні кеше Алматыдағы руханият пен өнердің ордасы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры тарихқа тағы бір тағылымды сәтті жазды. Осы күні мұнда Almaty Management University (AlmaU) ұйымдастырған салтанатты іс-шара өтіп, қазақы таным мен заманауи білімді тоғыстырған «Tolyq Adam» бағдарламасының әлемдік деңгейдегі жеңісі ұлықталды. Тimes Higher Education Awards Asia 2026 халықаралық премиясында «Teaching and Learning Strategy of the Year» номинациясын иеленген AlmaU бұл беделді марапатқа қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы университет атанып, ел мерейін асқақтатты. Бұл тек бір оқу орнының жетістігі ғана емес, ұлттық құндылықтарға негізделген қазақстандық білім беру моделінің әлем алдында мойындалуы еді. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада қоғам қайраткерлері, білім саласының өкілдері мен халықаралық сарапшылар бас қосып, бағдарламаның маңызы мен болашақтағы рөлін кеңінен талқылады.
Кеш шымылдығын университет президенті Асылбек Қожахметов ашып, кезінде жалға алынған шағын аудиториядан басталған арманның бүгін халықаралық деңгейдегі абыройға айналған жолын тебіреніспен баяндады. Оның сөзінен білімге деген сенім, ұлт болашағына деген жауапкершілік пен «Толық адам» идеясының терең философиясы айқын сезілді.

– 1988 жылы Алматыдағы шағын ғана жалға алынған аудиторияда басталған бастама бүгінде Азия мойындаған іргелі білім беру моделіне айналды. Қазақстанға ұлттық құндылықтарға сүйенген, бірақ заманауи талаптарға жауап беретін жаңа бизнес-білім жүйесін қалыптастыру еді. Бүгінгі AI дәуірінде тек білімді болу жеткіліксіз. Адамның адамгершілігі, эмпатиясы, ішкі тепе-теңдігі мен жауапкершілігі бәрінен маңызды. Сондықтан біздің мақсат технологияны меңгерген ғана емес, рухани тұрғыдан кемел тұлға тәрбиелеу, – деп пікір білдірді университет президенті.
Осы ұстаным негізінде дүниеге келген «Tolyq Adam + AI = Tolyq AI» формуласы – жасанды интеллектіні адамзат игілігіне бағыттай алатын саналы тұлға концепциясының көрінісі. Яғни, ойлы, парасатты, жауапкершілігі жоғары адам AI мүмкіндіктері арқылы одан әрі жетіліп, қоғамға пайдалы жаңа буын көшбасшысына айналады. Университет президентінің айтуынша, дәл осы идеяға негізделген білім беру бағдарламасының 2026 жылы Азиядағы ең үздік педагогикалық стратегиялардың қатарына енуі жылдар бойғы еңбектің, ұлттық құндылық пен инновацияны ұштастырған көзқарастың айқын жемісі.
Шара барысында мемлекеттік органдар және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мемлекеттік саясаттың бүгінде қазақстандық университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
– Жастар – еліміздің ертеңі. Қазақстан университеттерінде білім алып жатқан жас буынның деңгейі мен құндылықтары алдағы 10-15 жылдағы мемлекетіміздің келбетін айқындайды. «Толық адам» тұжырымдамасы осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастармен кездесулері барысында кеңінен талқылана бастады. Біз халықаралық бағдарламалар арқылы шетелде білім алып, әлемдік тәжірибені меңгердік, ғылым мен білімнің озық үлгілерін көрдік. Алайда тәрбие мен рухани құндылықтар мәселесінде ұлттық болмысымыз бен мәдени мұрамыздың орны ерекше екенін бүгін халықаралық деңгейде сенімді түрде айта аламыз. AlmaU «Толық адам» философиясын оқу үдерісіне жүйелі енгізу арқылы ұлттық құндылықтардың заманауи білім беру кеңістігіндегі маңызын әлемдік деңгейде таныта білді деп есептеймін, – деді ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Іс-шара барысында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Толық адам» концепциясына негізделген, трансформациялық оқыту моделін қамтитын бірегей білім беру бағдарламасының негізгі нәтижелері таныстырылды. Сегіз курстан тұратын бұл жоба жыл сайын мыңнан астам студентті қамтып, жас буынның таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама аясында білім алушылар бизнес құрылымдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен және білім беру мекемелерімен серіктесе отырып, жүзден астам әлеуметтік, экологиялық әрі кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асырған. Бұл бастамалар жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ел дамуына белсенді араласуына жол ашып отыр.


– Бүгін AlmaU бүкіл өңірге аса маңызды бір шындықты дәлелдеп отыр: университет тек білім беретін орын ғана емес, ол – ойлау мәдениетін қалыптастыратын зияткерлік кеңістік. Біз өз мәдениетіміз бен философиямызға негізделген идеяның жаһандық білім беру диалогының ажырамас бөлігіне айналып отырғанын мақтанышпен айтамыз. Сондай-ақ дәл осы биік деңгейді ең алғашқылардың бірі болып көтере білген AlmaU екенін ерекше мақтанышпен айта аламын, – деп пікір білдірді Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова университетті жеңісімен құттықтады.
Бағдарламаның мазмұны мен рухани маңызын тереңірек талқылау мақсатында арнайы панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Оған қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы Зира Наурызбай, AlmaU School of Social Sciences and Transformative Humanities деканы Айжан Сапарғалиева және студенттер қатысты.
Кештің тағылымды әрі толқынысты сәттерінің бірі үш білім беру грантының табысталуы болды. Бұл гранттар академиялық және кәсіби жетістіктерімен дараланып, Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген дарынды талапкерлерге берілді. Гранттарды AlmaU университетінің ректоры Тимур Бұлдыбаев салтанатты түрде табыстады. Іс-шара соңында әнші Біржан Хасанғалиев жүректерге отансүйгіштік рух сыйлаған «Атамекен» әнін шырқап кештің көркін айшықтай түсті. Руханият пен білімді ұштастырған AlmaU университеті «Tolyq Adam» бастамасын одан әрі дамытып, жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеу миссиясын жалғастыра бермек.


Тағылым мен танымды тоғыстырған бұл жиын Абай Құнанбайұлы мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. «Толық адам» қағидатын негізге алған бастама жастардың бойына біліммен қатар адамгершілік, жауапкершілік және елге қызмет ету құндылықтарын сіңіруге жол ашып отыр. Рухани жаңғыру мен сапалы білімді сабақтастырған AlmaU университетінің бұл жобасы болашақ көшбасшыларды тәрбиелеудегі маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Индира БІРЖАНСАЛ









