Тарихтан тамыр тартқан, болашаққа бағыт алған университет

0
376
Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

Қазақ қыздарының парасаты мен болмысына айналған қасиетті қарашаңырақ Қыздар университеті – білім мен тәрбиені қатар өрген рухани орда. Бұл тек маман даярлайтын оқу орны ғана емес, арманын арқалап келген әрбір бойжеткеннің қанатын қатайтып, болашаққа сеніммен қадам бастайтын мекен. Ғасырлық тағылым мен заманауи білім үндескен университеттің әр қабырғасынан қазақ қызына тән нәзіктік пен қайсарлықтың, білім мен мәдениеттің лебі сезіледі. Ұлт зиялыларының қолтаңбасы қалған қасиетті білім мекені уақытпен бірге жаңарып, жаңа дәуірдің талаптарына бейімделген келбетін қалыптастырып келеді. Бір кездері қазақ қыздарының сауатын ашып, елге қызмет ететін ұстаз тәрбиелеу мақсатында құрылған оқу орны бүгінде халықаралық деңгейдегі ғылыми-білім беру кеңістігіне нық қадам басқан іргелі университетке айналды. Ғылым мен инновация, шығармашылық пен цифрлық технология үндескен бұл ортада ұлттық рух та, жаһандық даму да қатар өріліп жатыр.

Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

1944 жылдың 15 тамызында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің №457 қаулысымен «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты» болып іргесі қаланған білім ордасы арада қаншама уақыт өтсе де өзінің бастапқы мұратынан айныған емес. Ұлт болашағын тәрбиелі де білімді қыздармен кемелдендіруді мақсат еткен қарашаңырақ бүгінде де сол асыл миссияның үдесінен көрініп келеді.

Бұл оқу орнының тарихы ел тарихымен, ұлт руханиятымен астасқан тағылымды жол. Оның қалыптасуына қазақ ғылымы мен әдебиетінің алыптары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Нұртас Оңдасынов сынды біртуар тұлғалардың тікелей атсалысуы университеттің мерейін асқақтатып, тарихи бедерін тереңдете түседі. Сондықтан бұл білім шаңырағы тек жоғары оқу орны ғана емес, қазақ қызының парасаты мен болмысын қалыптастырған рухани мекен ретінде бағаланады. Бүгінде ғасырлық белеске нық қадам басқан университет жаңашыл бастамаларымен, халықаралық ынтымақтастығымен және ғылым мен білімді ұштастырған заманауи жобаларымен дараланып отыр. Ұлттық құндылық пен әлемдік білім кеңістігін сабақтастырған оқу орны жас буынға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, уақыт талабына сай жаңғырудың жарқын үлгісін көрсетуде.

Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды кеңінен таныстыру мақсатында университетте «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялар фестивалі аясында республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұл сапар қатысушыларға оқу орнының тек сәулетті келбетін ғана емес, оның терең рухани қуатын, даму философиясын, білім беру кеңістігіндегі жаңашыл бағытын және қазақ қыздарының болашағына жол ашқан тағылымды миссиясын жақыннан тануға мүмкіндік берді.

Баспасөз турының басты ерекшелігі – ресмиліктен гөрі ашық пікір алмасуға, еркін сұхбат пен шынайы диалогқа басымдық берілді. Журналистер университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімовамен жүздесіп, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі, стратегиялық бағыты, білім беру жүйесіндегі жаңашыл бастамалары мен алдағы даму жоспарлары жөнінде жан-жақты мәлімет алды.

Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

Біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әрдайым ашық әрі тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз. Сіздердің кәсіби пікірлеріңіз бен шынайы бағаларыңыз университет үшін аса маңызды, – деп пікірін білдірді ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Бұл сөзден университет басшылығының қоғаммен байланысқа бейжай қарамайтыны, керісінше медиа мен білім кеңістігінің өзара үндестігін маңызды санайтыны анық сезілді. Дөңгелек үстел форматында өткен мазмұнды басқосуда журналистер білім сапасы, студенттердің әлеуметтік жағдайы, халықаралық серіктестік, ғылыми әлеует, академиялық мобильділік және университеттің ұзақмерзімді даму стратегиясына қатысты көкейдегі сауалдарын еркін қойып, нақты әрі тұшымды жауап алды. Оқу орнының бүгінгі келбетін ғана емес, оның болашаққа бағытталған айқын ұстанымын да таныта түсті. Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері университеттің заманауи инфрақұрылымымен, жаңартылған оқу аудиторияларымен және инновациялық білім беру кеңістіктерімен танысты. Әсіресе, жалпы білім беретін мектептерге шахмат пәні мұғалімдерін даярлауға бағытталған «KazChessLab» білім беру алаңы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Журналистер блиц-партия ойнап көріп, интеллектуалды ойлау жүйесін дамытуға негізделген жаңа әдістеменің мазмұнымен жақын танысты. Бұл жоба білім беру үдерісіне тың серпін әкелетін заманауи бастамалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.

Біздің басты мақсатымыз журналистерге университеттегі жаңа бастамаларды, тың жобалар мен жүзеге асып жатқан өзгерістерді жақыннан көрсету. Бүгінде білім ордасы тек оқу процесімен ғана шектелмей, заман талабына сай жаңашыл бағыттарға бет бұрып келеді. Осындай игі істерді қоғаммен ашық бөлісу, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнату біз үшін маңызды, – деді QyzPU басқарма төрағасы, ректор кеңесшісі Думан Жекенов.

Сапар барысында университеттің тек білім берумен шектелмей, тұлғалық даму, шығармашылық еркіндік пен интеллектуалдық әлеуетті қатар дамытатын орта қалыптастырып отырғаны анық байқалды. Бұл уақыт талабына сай жаңарған, бірақ рухани тамырынан ажырамаған білім ордасының айқын келбеті еді.

Сонымен қатар, қонақтар «QyzPU» медиастудиясының, Баспасөз қызметі редакциясының, жаңартылған хореография залының және Серәлі Қаниев атындағы кітапхананың жұмысын көрді. Бұл нысандар университеттің тек педагог маман даярлап қана қоймай, студенттің жан-жақты дамуына жағдай жасап отырғанын көрсетті. Баспасөз турының маңызды бөлігі ғылыми-зерттеу бағыттарына арналды. Сонымен қатар, Молекулалық физика және термодинамика зертханасында, Биотехнологиялық зерттеулер зертханасында және «PHYWE» интерактивті кабинетінде болып, ғалымдар мен студенттердің ғылыми жобалары көрсетілді. Қазіргі таңда университет ғылым мен инновацияны білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналдыруға басымдық беріп отыр. Бұл бағытта жас зерттеушілерге қолдау көрсету, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу және тәжірибелік зертханаларды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

Бүгінде QyzPU – ұлттық білім мен заманауи дамуды ұштастырған іргелі оқу ордасына айналды. Университет құрамындағы бір колледж бен бес институтта 12 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бұл сан түрлі арман мен болашаққа ұмтылған жастардың үлкен ортасы.

Қыздар университетінің білім кеңістігі Қазақстанмен ғана шектелмейді. Бүгінде мұнда Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген шетелдік жастар да тәлім алуда. 2025-2026 оқу жылында шетелдік студенттер саны 182-ге жетсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 350-ге дейін арттыру жоспарланған. Бұл университеттің халықаралық деңгейдегі беделі мен сенімінің айқын белгісі.

Қазіргі таңда QyzPU әлемнің 23 еліндегі 83-тен астам университет және ғылыми орталықпен серіктестік байланыс орнатып, жаһандық білім кеңістігіне нық қадам басып келеді. Халықаралық рейтингтердегі нәтижелер де оқу орнының қарқынды дамуын дәлелдей түседі. 2026 жылы университет тұрақты даму бойынша әлемдік университеттер рейтингінде 1501+ позициясына ие болды. Сонымен қатар, Азия университеттері рейтингінде 1001-1100 аралығына еніп, Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында 59-орынға тұрақтады. Ал QS Stars халықаралық рейтингтік жүйесінің 4 жұлдыз иегері атануы университеттің тек Қазақстан көлемінде емес, әлемдік білім кеңістігінде де өз орны қалыптасып келе жатқанын аңғартатын маңызды жетістік. Сапалы білімге, ғылымға және қазақ қыздарының болашағына бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.

QyzPU-дың 2025-2029 жылдарға арналған даму стратегиясы білім сапасын арттырып қана қоймай, университетті жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті академиялық ортаға айналдыруды көздейтін ауқымды қадам. Бұл бағыттағы басты құндылықтың бірі адам капиталы, яғни сапалы кадрлық әлеует қалыптастыру.

Фото: QyzPU-дың Баспасөз қызметі.

Бүгінде оқу орнында 744 профессор-оқытушы қызмет атқарады. Олардың қатарында 23 ғылым докторы, 161 ғылым кандидаты және 87 PhD докторы бар. Университетте білім беру үдерісі тек теориямен шектелмейді. Мұнда жас мамандарды заманауи талапқа сай даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық тәжірибені енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін арттыру мен академиялық еркіндікті нығайтуға ерекше басымдық берілген. Осындай іргелі ғылыми орта мен жаңашыл көзқарас университеттің келешекке сенімді қадам басып келе жатқанын аңғартады. Себебі, сапалы университет ең алдымен, сапалы ұстаздардан басталады.

Бүгінгі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тек педагог мамандар даярлайтын оқу орны емес. Бұл  ұлттық тәрбие мен инновацияны, ғылым мен шығармашылықты, дәстүр мен цифрлық технологияны тоғыстырған заманауи білім кеңістігі. Баспасөз туры барысында байқалған басты ерекшелік – университеттің жаңашылдығы және болашаққа деген айқын бағдары. Ұлт қыздарын білім мен парасат биігіне жетелеген қарашаңырақ бүгінде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті университетке айналу жолында сенімді қадам жасап келеді.

Университеттің тек оқу процесімен шектелмей, ғылым, инновация, шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық бағытында да қарқынды дамып отырғаны айқын аңғарылды. Ең бастысы, бұл оқу орнында ұлт болашағына қызмет ететін білімді де білікті, рухани танымы терең жас буынды қалыптастыруға деген шынайы ұмтылыс сезіледі.

Қыздар университетінің бүгінгі келбеті  уақытпен үндескен жаңғырудың, білім мен тәрбиені қатар өрген терең танымның көрінісі. Бір кезде ұлт қыздарының тағдыры үшін ашылған қарашаңырақ бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған іргелі білім ордасына айналып отыр. Мұнда тек маман даярланбайды мұнда болашаққа сеніммен қарайтын, ұлттың рухани жүгін көтере алатын парасатты қыздар тәрбиеленеді.

Қазақтың маңдай алды тұлғалары іргесін қалаған қасиетті білім ордасының бүгінгі тынысы  жаңашылдық пен ұлттық құндылықтың жарасымды үйлесімі. Әлемдік рейтингтерге еніп, халықаралық байланысын кеңейтіп, ғылым мен білім көшіне ілескен университеттің әр жетістігінің артында үлкен еңбек, айқын мақсат және ел болашағына деген жанашырлық жатыр.

QyzPU қазақ қызының арманын асқақтататын, білімге жол ашатын, болашаққа бағыт беретін рухани мекен. Осындай оқу ордасының бар екені елдің ертеңіне деген сенімді күшейтеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here