Ұлт ұстазы үйінде музей түні

0
216
Фото: А. Байтұрсынұлы музей-үйі.

Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музейлер түні – 2026» акциясы аясында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі келушілерге тағылымы терең, рухани мазмұны бай ерекше мәдени кеш сыйлады. Ұлт ұстазының өмірі мен мұрасын кеңінен насихаттауға арналған ауқымды іс-шараға алматылықтар мен қала қонақтары көптеп жиналып, тарихи мекен бір түнге ұлттық руханияттың ордасына айналды.

Фото: А. Байтұрсынұлы музей-үйі.

Кеш шымылдығы жүргізушілердің әсерге толы бастау сөзімен ашылып, жиналған қауымға «Музейлер түні» акциясының әлемдік мәдени кеңістіктегі маңызы кеңінен таныстырылды. Іс-шара барысында қонақтар Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы, ағартушылық қызметі, Алаш қозғалысындағы тарихи рөлі және ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі туралы мол мағлұмат алды.

Шара аясында ұйымдастырылған «Алаш арыстары» фотокөрмесі көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеде Алаш қозғалысы қайраткерлерінің сирек кездесетін тарихи фотосуреттері қойылып, ұлт зиялыларының ел тағдырындағы орны кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, келушілерге арналған «Ахметке хат» ұсыныс-лебіз бұрышы жұмыс істеп, онда қонақтар Ұлт ұстазына деген жүрекжарды лебіздері мен музей жұмысына қатысты тілектерін қалдырды.

Кештің маңызды сәттерінің бірі – «Ұлт ұстазы» фильмінде Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдаған белгілі актер, композитор, «Парасат» орденінің иегері Байғали Есенәлиев пен Түркиядан арнайы келген ұстаз Семих Ипектің қатысуы болды. Түркі дүниесіне деген ықыласын білдірген қонақ қазақтың қара домбырасымен, өзінің «Алаш» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Фото: А. Байтұрсынұлы музей-үйі.

Іс-шара барысында музей қорына Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпанға тиесілі тарихи жәдігер – таяқтың табысталуы да көпшілік назарын аударды. Музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбет бұл құнды жәдігерді музей қор сақтаушысы Әділет Бақыткерейге салтанатты түрде тапсырды. Бұл тарихи мұраның музей қорына қабылдануы – ұлт ұстазының әулетіне қатысты жәдігерлердің толықтырылуына жасалған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Кеш бойы алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылып, тарихи деректер мен тың ғылыми пікірлер ортаға салынды. Алаштанушы ғалымдар Светлана Смағұлова мен Досалы Салқынбек Алаш қозғалысының тарихи мәні мен Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының ұлт тарихындағы орны туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Тарихшы Еркін Ермұханов пен әдебиеттанушы ғалым Гүлжахан Орда ұлт ұстазы шығармашылығының ғылыми қырларына тоқталды. Сонымен қатар, тарихшы Болат Қабдөшев, филология ғылымдарының докторы Гүлмірия Тұрысбекқызы тарихи мұраның бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде ой бөлісті.

Кеш концерттік бағдарламамен әрленіп, дәстүрлі әндер мен күйлер орындалды. Гүлтанат Алтынбайқызы Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебінің шәкірті Қуанышбай Жанарыс күй тартып, Талғар аудандық Ұлттық құндылықтар орталығының шәкірті Қорған Айдосұлы Дәнеш Рақыштың «Соға кет» әнін орындады.

Талғар ауданы мәдениет үйі Ұлттық құндылықтар орталығының жетекшісі, дәстүрлі әнші Камила Рахымберген халық әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Сонымен қатар, Ахмет Ерланұлы «Бала Ахмет» атты әнін орындаса, ақын, музей-үйдің аға ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы «Ахмет көшесіндегі ой» атты арнауын оқып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті. Оқушылар ұлт ұстазы өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, көптің алғысына бөленді.

Кеш аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінен құралған «Жетігеншілер» тобы өнер көрсетті. Өнертану ғылымдарының магистрі Нұргүл Жақыпбектің шәкірттері – Анэль Даутова, Камила Коконева, Дина Нұрпейісова және Інкәр Мадбек жетіген аспабында ұлттық шығармаларды орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Музей түні барысында ұйымдастырылған интеллектуалды викториналар мен зияткерлік ойындар келушілердің белсенді қатысуымен өтті. Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы және музей тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, тарихи танымдарын кеңейтті. Жеңімпаздарға музей атынан естелік сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табысталды.

Кештің шарықтау сәті «Ахмет, Әлихан аманаты» атты театрландырылған қойылым болды. Қойылымда Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресі, ұлт тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық еңбегі және кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты сахналанды.

Шара соңында музей жұмысына жанашырлық танытып жүрген азаматтар мен белсенді қатысушылар марапатталды. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы мен музей-үй меңгерушісі Жамила Парсаханқызы қонақтарға алғыс білдіріп, музей мұрасын бірге насихаттауға шақырды.

Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұйымдастырған «Музейлер түні – 2026» акциясы ұлттық руханиятты ұлықтаған, тарих пен тағылымды тоғыстырған мазмұнды мәдени кеш ретінде жоғары деңгейде өтті. Іс-шара көпшілікке Алаш мұрасын тереңірек танытып қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты.

Әділет Ахметұлы,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here