Қазақ ғылымының 80 жылдық белесі: қалыптасуы мен даму жолы

0
356
Фото: ҚР Ұлттық ғылым академиясының Баспасөз қызметі.

Қазіргі заманда елдің экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігі ғылымның даму деңгейімен тікелей сабақтас. Ғылым енді тек білімнің бір саласы ғана емес, мемлекеттердің әлем алдындағы беделі мен бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі күшке айналды. Сондықтан жаһандық кеңістікте өз орнын айқындауға ұмтылған Қазақстан үшін ғылымды өркендету стратегиялық маңызы зор бағыт болып отыр.

Соңғы жылдары ғылым саласында оң өзгерістер байқалғанымен, еліміздің халықаралық көрсеткіштері әлі де көңіл көншітпейді. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) Жаһандық инновациялық индексінде Қазақстан 139 елдің ішінде 81-орынға тұрақтаған. Бұл – отандық ғылым алдында әлі де шешімін күткен түйткілдер аз емес екенін аңғартады.

Атап айтқанда, ғылыми жобаларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, білікті ғылыми кадр даярлау ісіндегі олқылықтар, зерттеу инфрақұрылымының баяу жаңаруы, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізудің әлсіздігі және ғылым мен экономиканың нақты салалары арасындағы байланыстың кемшіндігі ғылымның алға басуына тұсау болып отыр. Мұндай кедергілерді еңсеру үшін жүйелі жаңғыру мен тың серпін қажет екені анық.

Дегенмен бүгінгі ғылымның дамуы аяқ астынан қалыптасқан дүние емес. Оның арғы жағында терең тарих, ұлт зиялыларының өлшеусіз еңбегі жатыр. Қазақстандағы ғылыми ойдың тамыры XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Осы кезеңде Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, М.-Ж.Көпеев, Ә.Бөкейхан сынды ұлт руханиятының шамшырақтары ғылыми таным мен ағартушылықтың негізін қалады. Олардың еңбектері халықтың зердесін оятып, ұлттық зияткерлік мәдениеттің қалыптасуына жол ашты.

XX ғасырдың басында Қазақстанда алғашқы мамандандырылған ғылыми мекемелер бой көтере бастады. Олар дерек жинап, зерттеу жүргізетін маңызды орталықтарға айналды. 1905 жылы ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту мен мал ауруларымен күрес ісіне негіз болған Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты құрылды. Бұдан кейін егін өнімділігін арттыру мен жергілікті табиғатқа бейімделген дақыл түрлерін дамыту мақсатында Красноводопад тұқым шаруашылығы станциясы (1909) және Орал тәжірибелік ауыл шаруашылығы станциясы (1914) ашылды. Бұл мекемелердің бағыты тар болғанымен, қазақ жерінде жүйелі ғылыми ізденістің қалыптасуына жол салды.

1920 жылы Орынбор қаласында жаратылыстану, география, тарих, этнография және археология саласындағы зерттеушілердің басын қосқан «Қазақстанды зерттеу қоғамының» құрылуы ел ғылымындағы елеулі оқиға болды. Ал 1920-жылдардың ортасынан бастап Қазақстан КСРО Ғылым академиясының ірі ғылыми экспедициялары шоғырланған маңызды орталыққа айналды.

Академиктер А.Е.Ферсман, А.Н.Самойлович, А.А.Григорьев сынды көрнекті ғалымдардың жетекшілігімен табиғи байлықтарды кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде пайдалы қазбалардың мол қоры анықталып, болашақ өндіріс пен өнеркәсіптің берік негізі қаланды.

1930-жылдарға қарай республика көлемінде 5 ғылыми-зерттеу бөлімшесі мен 20-дан астам тәжірибелік станция жұмыс істеді. Бұл – қазақ даласында ғылымға деген бетбұрыстың күшейіп, ғылыми ізденістің жаңа қарқын ала бастағанының айқын көрінісі еді.

Қазақ ғылымының қанат жаю кезеңі

КСРО ҒА Қазақстандық базасы мен филиалының құрылуы және дамуы. Ғылыми кадрлардың шоғырлануы мен зерттеу нәтижелерінің жүйеленуі анағұрлым ауқымды академиялық құрылымдардың қалыптасуына заңды түрде алып келді. 1932 жылы Алматыда КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы құрылды. Бұл ғылыми күш-жігерді орталықтандыру және үйлестіру жолындағы маңызды қадам болды. Алғашында зоология және ботаника атты екі сектордан тұрған база өңірдің биоалуантүрлілігін зерттеуге басымдық берді. Арада небәрі алты жыл өткен соң, 1938 жылдың қарашасында қазақстандық база КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы болып қайта құрылды. Бұл оқиға республика ғылымына жаңа серпін беріп, зерттеу аясының едәуір кеңеюіне және штаттың ұлғаюына жол ашты: онда шамамен 100 ғылыми қызметкер еңбек етті, олардың 14-і ғылым кандидаты, үшеуі ғылым докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.

1940-жылдардың басында республикада 12 жоғары оқу орны, 11 ғылыми-зерттеу және жобалау-технологиялық ұйым, 2 жобалау институты, 2 ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы, 6 зауыттық ғылыми-зерттеу және конструкторлық бөлімше, Алматы қаласында ботаникалық бақ пен зоологиялық парк жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысы жылдары қазақстандық ғылым үшін күрделі, бірақ көп жағдайда шешуші кезең болды. 1941 жылғы шілдеден 1944 жылғы тамызға дейін КСРО-ның орталық қалаларынан Қазақстанға 20-дан астам ірі ғылыми-зерттеу институты және жүздеген көрнекті ғалым эвакуацияланды. Бұл зияткерлік әлеуеттің ағылуы республиканың ғылыми кеңістігіне орасан зор ықпал етті.

Эвакуацияланған мекемелер қатарында Тіл, әдебиет және тарих институты (1942), Химия-металлургия институты (1942), сондай-ақ Топырақтану, ботаника, зоология және өлкелік патология институттары (1943-1945) сияқты жаңа институттар құрылды. Бұл институттар жаңа жағдайда өз жұмысын жалғастырып қана қоймай, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және ресурстық базасын дамытуға байланысты міндеттерді шешуге белсенді атсалысты. Қазақстанда академиктер А.А.Григорьев, Л.С.Штерн, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.М.Панкратова, сондай-ақ ұлы академик В.И.Вернадский сияқты ғылымның аса көрнекті өкілдері еңбек етті. Олардың қызметі кадрлық әлеуетті нығайтып қана қоймай, білім беруді, ғылыми мектептердің қалыптасуын және зерттеу деңгейінің артуын қамтамасыз етті.

Қазақ ғылымының кемел кезеңі

Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуы – кеңестік дәуірдегі қазақстандық ғылымның ең биік белестерінің бірі болды. 1946 жылғы 1 маусымда КСРО ҒА Қазақ филиалының негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясы ресми түрде құрылды. Бұл – қазақ ғылымының өсіп-өркендеп, кемел деңгейге жеткенін мойындаған тарихи оқиға еді.

Академияның тұңғыш президенті болып көрнекті ғалым, әйгілі геолог Қаныш Сәтбаев сайланды. Оның басшылығымен Қазақ КСР Ғылым академиясы аз ғана уақыт ішінде КСРО көлеміндегі ірі ғылыми орталықтардың қатарына қосылды.

1950-1980-жылдары Қазақстан экономикасының даму қарқыны жалпы Одақтық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болды. Бұл кезең ғылыми-техникалық ілгерілеумен қатар өрбіді. 1970-жылдардың ортасында ғылымға бөлінетін қаржы көлемі елдің жалпы ұлттық өнімінің шамамен 3%-ын құрады. Бұл – қазіргі көрсеткіштен 21 есе артық деңгей еді.

Осы жылдары көптеген жаңа ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық ұйымдар құрылды. Соның ішінде Ғылым академиясының құрамынан 6 жаңа институт ашылды. 1980-жылдардың басында Қазақстанда 140 ғылыми мекеме жұмыс істеп, оларда 21,1 мың адам еңбек етті. Ал, Академия құрамында 31 ғылыми мекеме, оның ішінде 24 ғылыми-зерттеу институты болды. Ғалымдар ғылым мен экономиканың барлық дерлік салалары бойынша ауқымды зерттеулер жүргізді.

Бұл кезеңде Қазақстанның КСРО халық шаруашылығындағы үлесі де айтарлықтай артты. Республика көмір өндіру, темір кенін игеру, болат қорыту және қара металдар прокатын шығару салаларында зор табысқа жетті. Сонымен қатар, Қазақстан қорғасын, мыс және титан өндіру бойынша алдыңғы қатарға шықты.

Осындай өндірістік серпілістің артында Академия ғалымдарының ғылыми ізденістері мен жаңалықтары тұрды. Әсіресе, геология мен металлургия салаларындағы зерттеулер қазақ жерінің бай қазынасын тиімді игеруге жол ашып, республиканың ірі индустриялық аймақтардың біріне айналуына мүмкіндік берді. Бұл ғылым мен экономиканың бір-бірімен тығыз сабақтас екенін айқын дәлелдеді.

1976-1991 жылдар аралығы отандық ғылым тарихындағы ең мазмұнды, ең өнімді кезеңдердің бірі саналады. Бұл дәуір 1976 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының 30 жылдық мерейтойының салтанатты түрде аталып өтуімен ерекшеленді.

Осы уақытқа қарай республика ғылымы қуатты зияткерлік әлеуетке ие болып, ғылыми-зерттеу мекемелерінің кең тармақталған жүйесін қалыптастырды. Ғылым өзінің институционалдық дамуының ең жоғары деңгейіне жетті. Мәселен, 1978 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында 51 академик, 74 корреспондент-мүше, 200 ғылым докторы және 1500-ден астам ғылым кандидаты еңбек етті.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғылым саласы мүлде жаңа кезеңге қадам басты. Бұл уақыт күрделі сын-қатерлермен қатар, ғылымды жаңа нарықтық жағдайға және жаһандық ғылыми үдерістерге бейімдеуді талап етті. Осы кезеңді дағдарыс, реформалау және біртіндеп қайта жаңғыру дәуірі деп сипаттауға болады.

КСРО-ның ыдырауы ғылым саласына ауыр соққы болып тиді. Қаржыландыру күрт қысқарып, бұрынғы ғылыми байланыстар үзілді. Ғылыми тұрақтылық әлсіреп, көптеген зерттеу нәтижелері мен ғалымдардың еңбегі сұраныссыз қалды.

Дағдарыстың ауқымы статистикалық мәліметтерден анық көрінеді. 1990 жылдан 2000 жылға дейін ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары қызметкерлерінің саны 52 мыңнан 12 мың адамға дейін азайды. Яғни, ел 40 мыңнан астам жоғары білікті маманынан айырылды.

Республикадағы ғылыми қызметкерлер саны да екі есеге жуық қысқарды: 27,6 мыңнан 14,8 мың адамға дейін төмендеді. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін мемлекеттік дотациялар бірнеше есе кеміді. Көптеген ғылыми институттар жабылып, материалдық-техникалық база ескіре бастады.

Мұның бәрі отандық ғылымның дамуына аса қолайсыз ахуал қалыптастырып, ондаған жыл бойы жиналған ғылыми әлеуетке зор қауіп төндірді. Соның салдарынан «ми ағымы» күшейіп, жоғары білікті ғылыми мамандар коммерциялық салаларға немесе шетелдерге кетуге мәжбүр болды.

Ғылымды жаңғырту жолы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі ахуалды терең түсінген мемлекет ғылым саласын сақтап қалу және оны жаңа заман талабына бейімдеу үшін құқықтық әрі институционалдық негіз қалыптастыруға кірісті.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 1992 жылы «Қазақстан Республикасының ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заңның қабылдануы болды. Бұл заң тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғылымды дамытудың басты қағидаттарын айқындап, оның құқықтық мәртебесін, мемлекеттік қолдау тетіктерін және ғылыми саясаттың негізгі бағыттарын алғаш рет нақтылап берді.

Кейінгі жылдары ғылым саласында ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асты. 1996 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясы (ҚазКСР ҒА құқықтық мирасқоры), Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы және ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі біріктіріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамындағы орталық атқарушы орган – «ҚР Ғылым министрлігі – Ұлттық ғылым академиясы» болып құрылды.

Бұл шешім ғылыми қызметті бір орталықтан басқаруға, ғылыми ізденістерді үйлестіруге және ғылым саласындағы жұмыстарды жүйелеуге бағытталды.

Алайда уақыт өте келе ғылыми басқару құрылымында жаңа өзгерістер орын алды. 1999 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы министрлік құрамынан бөлініп, республикалық мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылды. Дегенмен академиялық институттардың барлығы министрлік қарамағында қала берді.

2003 жылы Ұлттық ғылым академиясы республикалық қоғамдық бірлестік болып қайта жасақталды. Осылайша Академия мемлекеттік орган мәртебесінен айырылып, ғылыми саясатты тікелей басқару тетіктерінен шеттей бастады.

Бұл өзгерістер Академияның мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастырудағы ықпалын әлсіретті. Сонымен қатар, ғылыми институттар мен зерттеу жұмыстарын үйлестіру мүмкіндігі шектеліп, ғылым саласының бейінді министрліктер мен мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігі күшейе түсті.

Соның салдарынан академиялық ғылымның институционалдық беделі төмендеп, Ұлттық ғылым академиясының елдегі басты ғылыми орталық ретіндегі орны әлсірей бастады.

Отандық ғылым тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі – Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебенің қайта берілуі болды. Бұл маңызды шешім ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен қабылданды.

Соған сәйкес ҚР ҰҒА жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды.

Ал 2023 жылғы наурызда Президент Жарлығымен ҚР ҰҒА «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта аталды.

Бұл шешім Ұлттық ғылым академиясының елдің ғылыми-техникалық саясатын қалыптастырудағы негізгі әрі жетекші рөлін айқындап берді. Ғылымның мемлекеттік маңызы қайта салмақтанып, академиялық жүйенің жаңа кезеңге қадам басуына жол ашылды.

Ғылымға серпін берген қолдау

Соңғы жылдары мемлекет ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға және ғалымдарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

Ғылымды өркендетудегі басты тіректердің бірі – заңнамалық негіздердің жаңартылуы болды. Осы бағытта 2024 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңы қабылданды. Бұл құжат ғылыми саланы басқару жүйесін заман талабына сай жаңғыртып, ғылымның дамуына тың серпін беруге бағытталды.

Сонымен қатар, ғылымның тек мемлекеттік қаржыға ғана тәуелді болып қалмауы үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестиция тартуды ынталандыратын маңызды қадамдар жасалды. Осы мақсатта Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, ғылымға қаржы құятын кәсіпкерлер мен ұйымдарға қолдау тетіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңы күшіне енді. Бұл заң сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және қысқартуға, олардың ашықтығы мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтер саласындағы адал бәсекелестікті дамытуға бағытталды.

Ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2025 жылы республикалық бюджет есебінен ҒЗТКЖ-ға жұмсалған ішкі шығындар көлемі 213,2 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы 45,7 млрд теңгемен салыстырғанда 4,7 есе көп.

Мұның өзі мемлекет ғылымды ел дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарап, ғылыми әлеуетті нығайтуға қомақты инвестиция салуға нық бет бұрғанын аңғартады.

Академияның жаңа даму бағыты

Соңғы үш жыл ішінде отандық ғылымды жаңғырту бағытында жүргізілген реформалардың нәтижесінде жаңартылған Академияның институционалдық қалыптасу кезеңі толық аяқталды. Ғылым саласының жаңа заңнамалық негізі жасалып, тұрақты қаржыландыру жүйесі жолға қойылды. Сонымен қатар, Академияға Жоғары ғылыми ұйымның ерекше мәртебесі берілді.

Бүгінде Академия ел ғылымының стратегиялық дамуын айқындайтын негізгі ғылыми орталықтардың біріне айналып отыр. Әлемдегі жетекші академиялық ұйымдардың тәжірибесі ескеріле отырып, Академияның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленіп, қабылданды. Ұлттық ғылыми жүйенің қалыптасқан құрылымын сақтай отырып, артық әкімшілік кедергілерсіз Академияны басқарудың заманға сай ұйымдастырушылық үлгісі қалыптастырылды.

Әділ әрі ашық сайлау өткізіліп, ғылымның негізгі бағыттары бойынша 19 академик – Академияның толық мүшелері болып сайланды. Ал «ҚР ҰҒА» РҚБ-ның 2025 жылғы 27 наурызда таратылуына байланысты оның 150 мүшесі Академия құрамына құрметті академик ретінде енгізілді.

Академия тарихында алғаш рет ғылым мен технологияның жаңа әрі болашағы зор бағыттарын дамытып жүрген көрнекті ғалымдар шетелдік мүшелер болып сайланды. Бұл – қазақстандық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістікпен байланысының нығайып келе жатқанын аңғартады.

Академия отандық ғылымның қазіргі жай-күйіне жан-жақты талдау жүргізіп, ғылыми басымдықтарды айқындаудың жаңа төрт деңгейлі моделін қалыптастырды. Бұл жүйе қаржылық ресурстарды ел экономикасының ең маңызды әрі бәсекеге қабілетті салаларына тиімді бағыттауды көздейді. Жаңа модель Үкіметке жолданып, 2027 жылдан бастап ЖҒТК жұмысына енгізілетін болды.

Сондай-ақ алғаш рет жүйелі ғылыми форсайт тәсілі қолданылды. Осы мақсатта 75 салалық және өңірлік сессия өткізіліп, 220 перспективалы ғылыми міндет айқындалды және 65 ғылыми-техникалық тапсырма дайындалды. Енді ЖҒТК ғылым үшін басым бағыттарды айқындау барысында Ғылым академиясының форсайттық зерттеулерінің нәтижелерін ескеретін болды.

Әлемдік ғылыми үрдістер мен жаңа технологияларды сараптау мақсатында кореялық KISTI институтымен бірлесіп, «AI SilkNet» форсайт және предиктивті талдау орталығы құрылды.

Қолданбалы ғылымды дамытудың жаңа тұжырымдамасы да ұсынылды. Бұл бастама бұрынғыдай бытыраңқы ғылыми тақырыптарды қаржыландырудан бас тартып, ғылыми нәтижелердің толық циклін – зерттеу жүргізуден бастап әзірлемелерді өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға дейін үздіксіз қолдауды көздейді.

Аталған тұжырымдама Қазақстан Республикасында ғылымды стратегиялық дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі құрамдас бөліктерінің біріне айналды.

Академия өңірлік ғылымды дамытуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Өңірлер арасындағы ғылыми теңсіздікті азайту мақсатында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында Академия Президиумының 11 көшпелі отырысы өткізіліп, форсайттық зерттеу орталықтары ашылды және ғылымды қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленді.

Бүгінде су ресурстарын басқару, биотехнологиялар, сирек жер металдары, жасанды интеллект, биомедицина және ядролық медицина салаларындағы аса өзекті мәселелерді шешуге бағытталған флагмандық ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Академия салалық министрліктермен тікелей жұмыс жүргізе бастады.

Солардың ішіндегі ең маңызды жобалардың бірі – жасанды интеллект негізінде су ресурстарын интеграцияланған басқару жүйесін жасау. Бұл жоба Қытай ғылым академиясымен, Чжэцзян технологиялық университетімен және Қытайдың технологиялық компанияларымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Осы ынтымақтастық аясында нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін DeepBas цифрлық геоақпараттық моделі әзірленуде. Аталған жүйе су ресурстарын басқаруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және «ақылды» ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі.

Сонымен қатар, өңірлерде тұқым шаруашылығының цифрлық жүйесін енгізу, жасыл қорды дамытуға арналған цифрлық платформалар құру және отандық карбамид өндірісін ғылыми сүйемелдеу бағытында пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.

Халықаралық ғылыми байланыстар да кеңейіп келеді. Университеттермен және шетелдік серіктестермен бірлесіп жаңа ғылыми институттар мен зерттеу орталықтары құрылып, шетелдік инвестициялар тартылуда.

Соның нәтижесінде Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар жөніндегі құзыреттер орталығы, Перспективалы кардиологиялық зерттеулер орталығы, Көлік ғылымдары және технологиялары институты, Радиофармацевтика және тераностика орталығы секілді маңызды ғылыми құрылымдар дүниеге келді.

Жас ғалымдарды қолдау, ғылымды кеңінен насихаттау және үздік ғылыми тәжірибелерді дәріптеу ісіне де айрықша назар аударылып отыр. Айта кету керек, Жас ғалымдар кеңесі алғаш рет 1968 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтің бастамасымен құрылған болатын.

2024 жылы бұл игі дәстүр қайта жаңғырып, Кеңес жас зерттеушілердің елдің ғылыми-технологиялық саясатын қалыптастыруға қатысатын тұрақты алаңына айналды. Сонымен бірге дарынды оқушыларды ғылымға баулу және болашақ ғылыми әлеуетті қалыптастыру мақсатында Кіші академия құрылды.

Бүгінде Академияның қолдауымен 13 ғылыми журнал жарық көреді. Соңғы екі жылдың ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан ғылымының дамуына арналған 1150-ден астам материал жарияланып, конференциялар, форумдар және семинарларды қамтитын 76 ғылыми іс-шара өткізілді.

Алдағы уақытта отандық ғылымның дамуы қолданбалы зерттеулерді күшейтуге, ғылыми жұмыстардың тиімділігін арттыруға, ресурстарды басым бағыттарға шоғырландыруға, өңірлік ғылымды қолдауға және Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістікпен ықпалдастығын кеңейтуге бағытталмақ.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы нақты ісімен елдің стратегиялық ғылыми институтына айналуға толық дайын екенін дәлелдеп отыр. Оның бастамалары білім экономикасына көшуге жол ашып, инновациялар мен жоғары технологияларға негізделген жаңа дәуірдің берік іргесін қалыптастыруда.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here