Ауыл медицинасы жаңа кезеңге қадам басты: телемедицина мүмкіндігі артып, шалғай ауылдарға заманауи медициналық көмек жетуде

0
235
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Қазақ «Ауру айтып келмейді» дейді. Сондықтан адамның дер кезінде дәрігерге қаралуы, сапалы медициналық көмек алуы – өмірдің ең қымбат құндылықтарының бірі. Әсіресе шалғай ауылдар үшін ақ халатты маманның жақын болуы, емхана есігінің ашық тұруы – үлкен медет.

Бұрын ауылдағы ағайын денсаулығына алаңдап, аудан не облыс орталығына сабылатын. Бір қаралу үшін ұзақ жол жүріп, уақыт жоғалтатын кездер де аз болған жоқ. Ал бүгінгі таңда ауыл медицинасының ахуалын жақсарту, халыққа көрсетілетін көмектің сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Үкіметке денсаулық сақтау инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Президенттің айтуынша, елімізде пайдалану мерзімі өтіп кеткен 14 мыңнан астам медициналық нысан әлі де жұмыс істеп тұр. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы жаңаруды талап ететін маңызды мәселе.

Осыған байланысты ауылдық медицина жүйесін жаңғырту жұмыстары қолға алынып, жаңа емханалар салу, аудандық ауруханаларды жаңарту, телемедицинаны дамыту, жылжымалы медициналық кешендердің жұмысын күшейту және ауылға барған дәрігерлерге қолдау көрсету бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Ақ халаттың ауылына ақ жол ашылды

Ауыл медицинасының еңсесін көтеруге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 медициналық нысанның құрылысы толық аяқталды.

Бұл жоба талай ауыл тұрғыны үшін дер кезінде көмек алуға, сырқатын ерте анықтауға, денсаулығына алаңдамай өмір сүруге жасалған нақты мүмкіндік деуге болады.

Жаңадан салынған медициналық нысандардың 427-сі тозығы жеткен ескі ғимараттардың орнына бой көтерсе, 208 нысан бұрын медициналық қызмет жалға алынған бөлмелерде көрсетілген немесе жеке ғимараты болмаған елді мекендерде салынды. Сонымен қатар 20 ауыл алғаш рет өз медициналық нысанына қайыра ие болды.

Ашылған жаңа ғимараттар тек дәрігер қабылдайтын қарапайым орын емес. Мұнда амбулаториялық оңалту кабинеттері, телемедицина бөлімдері, дәріхана пункттері, зертханалар мен күндізгі стационарлар жұмыс істейді. Сонымен бірге облыстық және республикалық клиникалардың білікті мамандарымен қашықтан байланысып, кеңес алуға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтар орнатылып жатыр.

Ауылдағы ағайын үшін мұндай өзгерістердің маңызы зор. Себебі дәрігерге ертерек қаралу, аурудың алдын алу, қажетті тексеруден уақытылы өту – олар үшін қол жетпес мәселе еді.

Сонымен қатар елімізде 2023-2026 жылдар аралығында 32 аудандық аурухана жаңғыртылуда. Негізгі мақсат – оларды көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейіне жеткізу.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 10 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, ал 21 ауруханада жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жаңартылған ауруханаларда инсульт және кардиологиялық орталықтар, оңалту, травматология, хирургия, жансақтау және қарқынды терапия бөлімдері ашылады. Сондай-ақ заманауи қабылдау бөлімдері, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, ангиографтар мен эндоскопиялық құрылғылар орнатылады.

Аурухананың ажары тек жаңа құрал-жабдықпен емес, білікті маманмен де көрінеді. Сондықтан жаңғырту жұмыстары кадр мәселесін де қамтиды. Алдағы уақытта мұнда интервенциялық кардиологтар, невропатологтар, нейрохирургтер, реабилитологтар, психологтар және логопедтер қызмет көрсететін болады.

Ауыл мен қала арасындағы медициналық алшақтықты азайтудың тағы бір тиімді жолы – жылжымалы медициналық кешендердің жұмысы. Кейбір шалғай елді мекендерде тұрақты емхана салу немесе маман ұстау бірден мүмкін бола бермейді. Осындай жағдайда көшпелі медициналық қызмет халыққа үлкен қолдау көрсетеді.

Бүгінде еліміз бойынша 142 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп, қолжетімділігі қиын ауылдарға барып, тұрғындарға қажетті тексеру мен кеңес беруде. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл кешендер 509 елді мекендегі 243 711 тұрғынға медициналық қызмет көрсетті, нәтижесінде 3 233 адам бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесіне есепке алынды.

Жылжымалы кешендердің басты ерекшелігі – дәрігерді күтіп отырмай, медициналық көмекті халықтың өзіне жеткізуінде. Мұндай мүмкіндік әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Бұрын сырқат адам бір қаралу үшін ұзақ жол жүріп, уақытын жоғалтса, бүгінде қажетті тексеру мен кеңесті өз ауылынан алу мүмкіндігі артып келеді.

Дәрігер кеңесі енді алыстан да беріледі

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – телемедицинаны дамыту.

Қазір технологияның мүмкіндігі арқылы ауыл дәрігері ірі қалалардағы тәжірибелі мамандармен байланысып, күрделі жағдайлар бойынша кеңес ала алады. Бұл – медицинадағы жаңа мүмкіндік қана емес, шалғайдағы тұрғындардың сапалы көмекке қолжетімділігін арттыратын үлкен қадам.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарына 1,4 миллионнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді. Бұл еліміз бойынша көрсетілген осындай қызметтердің жалпы көлемінің 11 пайызын құрайды.

Алдағы уақытта 5 284 медициналық ұйымды телемедициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Олардың қатарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар және жылжымалы медициналық бригадалар бар. Сонымен бірге телемедициналық жабдықтарды 6 936 мектепке орнату көзделуде.

Ал 2029 жылға қарай аудандық деңгейден төмен орналасқан медициналық ұйымдардың 50 пайызы телемедициналық кешендермен қамтылмақ. Бұл жүйе ауыл дәрігеріне бейінді мамандармен қашықтан кеңесуге, тексеру нәтижелерін жолдауға және науқасты ірі қалаға жібермей-ақ қажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Ауыл медицинасының дамуы тек ғимарат пен құрал-жабдыққа емес, ең алдымен білікті маманға байланысты. Сондықтан мемлекет ауылдық жерлерге дәрігер тарту үшін бірқатар қолдау шараларын қарастырып отыр.

Аса тапшы мамандық иелері қатарындағы медицина қызметкерлері ауылдық жерде кемінде бес жыл еңбек етуге келіссе, оларға 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған.

Дәрігерлерге тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беру мүмкіндігі де бар. Аудан орталығына барған мамандар үшін несие көлемі 2 500 АЕК-ке дейін, ал басқа ауылдық елді мекендерге барған мамандар үшін 2 000 АЕК-ке дейін белгіленген.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшадан орын беру, жол шығындарын өтеу, мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру және кәсіби жауапкершілікті медициналық ұйым есебінен сақтандыру сияқты қолдау түрлері де қарастырылған. Сонымен бірге жергілікті билік өңірдің мүмкіндігіне қарай медицина мамандарына қосымша жеңілдіктер ұсына алады.

Жедел жәрдемнің жаңа тынысы

Халыққа медициналық көмектің қолжетімді болуы тек емхана мен аурухананың жұмысына ғана емес, шұғыл жағдайда көмекке тез жетуге де байланысты. Сондықтан жедел медициналық жәрдем қызметін жетілдіру де денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналды.

2025 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда жеделдіктің төртінші санатына жататын шақыртуларға қызмет көрсету тәртібі өзгертілді. Енді мұндай шақыртулар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың жанынан құрылған жылжымалы медициналық бригадалар арқылы орындалады.

Қазіргі таңда еліміз бойынша осындай 988 жылжымалы бригада халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, санитариялық автокөліктерді жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Абай, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында жедел медициналық жәрдемнің жаңа стансалары мен қосалқы стансалары салынуда.

Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты бір – адам өміріне қауіп төнген сәтте көмекті барынша жылдам жеткізу.

Ал телемедицина арқылы шалғайдағы дәрігердің білікті мамандармен байланысуы, жылжымалы кешендердің ауыл-ауылды аралауы, жаңа ауруханалардың ашылуы – мұның бәрі халық денсаулығын сақтауға бағытталған нақты қадамдар екені даусыз.

Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар – тек бүгінгі күннің қажеті үшін емес, ертеңгі ұрпақтың саулығы үшін қолға алынған игі бастама. Өйткені ауылдың дені сау болса, елдің де еңсесі биік болады.

Түйін сөз

Ауылдағы медициналық жаңғырту, телемедицина, ауыл дәрігерінің жағдайына мән беру, жылжымалы медициналық кешен, жедел жәрдем, медициналық инфрақұрылым – мұның бәрі ауыл жұртшылығы үшін жасалып жатқан үлкен жобаның жұмыстары.

Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сол байлықты ауылдағы ағайынға теңдей жеткізу – бүгінгі жаңғырту жұмыстарының басты мұраты.

Ал жаңа ғимараттар мен жаңа технологиялардың түпкі мақсаты – халықтың саулығын сақтау. Себебі дәрігер ауылға жақындаған сайын шипа да жақындайды, ал шипа жақындаған жерде елдің еңсесі әрдайым биік болады.

Қызжібек Әбдіғаниқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here