Айбыны асқақ армия: әскеріміздің әлеуеті қандай?

0
832
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығының басты кепілі – оның айбынды армиясы. Қазіргі таңдағы геосаяси тұрақсыздық, жаһандық қауіп-қатерлер мен әскери қақтығыстардың жаңа сипаты әрбір тәуелсіз елден қорғаныс жүйесін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Осы орайда, Орталық Азия өңірінде тұрақтылық белдеуіне айналған Қазақстанның Қарулы Күштері қандай деңгейде? Заманауи әскери доктринаға сай жасақталған ұлттық армиямыздың бүгінгі шынайы әлеуеті мен жауынгерлік қуаты қаншалықты пәрменді? Бұл журналистік зерттеуімізде біз отандық әскердің материалдық-техникалық жарақталуын, заманауи соғыс талаптарына бейімделуін және мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыру бағытындағы стратегиялық қадамдарды сараптаймыз. Бұдан бөлек, еліміздің бітімгерлік бастамалары турасында да тоқталамыз.

 ҚОРҒАНЫС ҚУАТЫМЫЗ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

Егемендіктің елең-алаң кезінен бастап еліміз қазіргі заманғы, ұтқыр және кез келген қауіп-қатерге лайықты жауап бере алатын кәсіби армия қалыптастыра алды. Алғашқы кезеңде негізгі реформалар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, әскери-аумақтық басқару жүйесі енгізіліп, өңірлік қолбасшылықтар құрылды. Құрлық әскерлері бригадалық құрылымға көшіріліп, десанттық-шабуылдау бөлімшелері жасақталды. Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Әуе қорғанысы күштеріне біріктірілді. Арнайы операциялар күштері, Әскери-теңіз күштері және Аумақтық қорғаныс әскерлер құрылды. Бүгінде мұның бәрі қазақ армиясының теңгерімді құрылымын қамтамасыз ете алды деп сеніммен айта аламыз.

Қазіргі уақытта Қарулы күштерді авиациялық, ұшқышсыз ұшу жүйелері, бронетехника және жоғары дәлдікті қарулар сияқты заманауи қару-жарақ үлгілерімен жарақтандыру жалғасып жатыр. Сонымен қатар озық технологияларды енгізу және стандарттарды халықаралық деңгейге сәйкестендіру басым бағыттардың біріне айналды.

Соңғы жылдары әскери білім беру жүйесі жүйелі түрде жаңғыртылып, оқу үдерісіне заманауи және цифрлық оқыту технологиялары жаппай енгізілуде. Халықаралық ынтымақтастықтың да көкжиегі кеңейіп келеді. Әскери білім беру бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен өзара әріптестік аясы артуда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев армияның дамуына ерекше назар аударып отыр. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне, әскери-көліктік авиацияға, Арнайы операциялар күштеріне, радиоэлектрондық күрес құралдары мен ұшқышсыз ұшу технологияларына басым бағыт берілді.

Бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқаны белгілі. Атап айтқанда, қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр.

Жеке құрамның дайындық деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді. Қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық оқу-жаттығулар мен жарыстарда табысты нәтиже көрсетіп, жоғары дайындық деңгейі мен үйлесімділігін дәлелдеді.

Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық жүйесі қазіргі заманғы қарулы күрес жүргізу әдістерін ескере отырып құрылып жатқанын айта кету керек. Негізгі назар оқытудың шынайылығын арттыруға, өзара іс-қимылды дамытуға және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Жауынгерлік әрекеттерді модельдеу және имитациялау арқылы өткізілетін оқу-жаттығулардың тәжірибесі кеңейтілді. Бұл өз кезегінде күрделі сценарийлерді тиімді пысықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам оқу-жаттығу өткізіледі. Бұл ретте тренажерлар мен симуляторларды қолдана отырып жүргізілетін сабақтардың үлесі ұлғайғанын айта кету керек. Сонымен қатар, далалық жағдайдағы даярлықтың қарқындылығы да артып келеді. Оның ішінде түнгі сабақтар мен күрделі жағдайларда әрекет ету қимылдары да бар.

Биыл даярлық бағдарламалары қайта қаралды. Командирлердің рөлі күшейтіліп, оқу-материалдық база жаңғыртылды. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, жаңа модульдер енгізілді. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл, жоғары дәлдікті қаруға қарсы күрес және қала ішінде ұрыс жүргізу тәжірибесіне барынша мән берілді. Тактикалық медицина, атыс және инженерлік даярлық бағыттары да өзектендірілді. Жеке құрамның психологиялық тұрақтылығы мен басқару жүйесінің негізгі буыны ретінде сержанттар құрамын даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әскери қызметшілер шығындар, оқшаулану және байланыс бұзылған жағдайда әрекет ету дағдыларын пысықтауға бейімделді. Халықаралық ынтымақтастық та маңызды сала болып қала береді. Қарулы күштер ҰҚШҰ оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып тұрады. Бұл тәжірибе алмасуға және даярлық деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, заманауи технологиялар, оқытудың жаңа әдістерін енгізу әскерлердің жауынгерлік әзірлігін және олардың тез өзгеретін жағдайларда әрекет ету қабілетін кезең-кезеңмен арттыруға мүмкіндік береді.

ҚАЗАҚСТАН ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БӘЙГЕГЕ ДАЙЫН БА?

Қарулы күштердің дамуы мен техникалық қайта жарақтандырылуы – Қорғаныс министрлігінің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте негізгі назарды қару-жарақ пен техниканы кезең-кезеңмен жаңартуға аударып отырмыз. Бұл әскерлердің жауынгерлік әлеуетін жүйелі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қолданыстағы Т-72 танктерін, БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машиналарын, БТР-80 бронетранспортерлерін жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл олардың заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастық та маңызды рөл атқарады. Беларусь, Германия, Испания, Ресей, Польша және Франция сияқты бірқатар мемлекеттермен техниканы жөндеу, қызмет көрсету және жаңарту міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұшқышсыз ұшу жүйелері, барлау және байланыс құралдары жеткізілді.

Әскери-әуе күштерін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Олар заманауи жойғыш ұшақтармен, C-295 және A400M көліктік ұшақтарымен, L-410 оқу-жаттығу ұшақтарымен және ұшқышсыз ұші кешендермен жарақтандырылып жатыр. A400M ұшақтарын қазірдің өзінде бітімгерлік бөлімшелерді тасымалдауға және гуманитарлық миссияларды орындауға қолданудамыз.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі заманауи зениттік-ракеталық кешендермен және ҰҰА мен жоғары дәлдікті қаруды қоса алғанда, кең ауқымды қауіптерге қарсы тұра алатын отандық «Нұр» радиолокациялық құралдарымен жабдықталған.

Әскери-теңіз күштерінде кемелер құрамын жаңғырту және 2030 жылға дейін флотты жаңарту жұмыстары жоспарланған. Құрлық әскерлері заманауи бронды техникамен, артиллериялық жүйелермен, радиоэлектрондық күрес және қамтамасыз ету құралдарымен жарақтандырылып жатыр.

Артиллериялық бөлімшелер заманауи барлау және нысананы дәлдеу құралдарымен, оның ішінде «Атлас» оптикалық-электрондық кешендерімен жабдықталды. Сондай-ақ атысты басқару жүйелерін жетілдіруге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары да жолға қойылған. Байланыс саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бөлімшелер әскерлерді басқарудың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи радиостанциялармен және отандық автоматтандырылған кешендермен жабдықталып жатыр.

ҚОРҒАНЫС-ӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІН ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысының отандық кәсіпорындар мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі армияға қажетті өнімдерді өндіру мен жергіліктендіру деңгейін арттыру бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді. Бұл, ең алдымен, оқ-дәрі өндірісі, кеме жасау, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын жөндеу және өндіру, оптикалық-электрондық жүйелер мен броньды техника салаларын қамтиды.

Бүгінде Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені оптикалық-электрондық барлау құралдарын, броньды дөңгелекті машиналар мен бронетранспортерлерді, байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ЕС-145 тікұшақтарын және су сыйымдылығы 200 тоннаға дейінгі әскери кемелерді, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруына арналған оқ-дәрілерді, сондай-ақ әскери қызметшілерге қажетті жабдықтар мен киім-кешек шығарады.

Бұдан бөлек, кәсіпорындарда броньды танкке, автомобиль техникасына және реактивті дүркіндеп ату жүйелеріне техникалық қызмет көрсету мен жаңғырту жұмыстары жолға қойылған.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» бүгінде елдегі негізгі әскери техника өндірушілердің бірі болып табылады. Кәсіпорын, ең алдымен, әлемдік стандарттарға сай келетін, жарылысқа қарсы қорғанысы жоғары заманауи сауытты дөңгелекті машиналарды шығаруға маманданған. Олардың қатарында «Арлан», «Алан», «Барыс» машиналары бар. Кәсіпорын корпустарды дайындаудан бастап құрастыруға, сынақтан өткізуге және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі өндірістің толық циклін қамтамасыз етеді.

Оралдағы «Зенит» зауыты Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері мен өзге де күштік құрылымдарына арналған кемелерді жасауға маманданған. Кәсіпорын Әскери-теңіз күштері үшін «Барыс» жобасындағы кемелерді, сондай-ақ басқа күштік құрылымдарға арналған көпмақсатты «Сұңқар», «Бүркіт», «Айбар» катерлерін шығарады. Сонымен қатар зауыт жобалаудан бастап, кеме құрастыруға, жөндеуге, жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Бұған қоса корпустар мен қосалқы жүзу құралдарын да өндіреді. Осылайша кәсіпорын Қазақстанның жетекші кеме жасау орталықтарының біріне айналды.

Алматы қаласындағы 405-ші авиажөндеу зауыты авиациялық техниканы жөндеу, жаңғырту және ішінара құрастыруға маманданған. Кәсіпорын Ми-8, Ми-17 тектес тікұшақтар мен олардың модификацияларына күрделі жөндеу, техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындап, сервистік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Ми-8АМТ, Ми-171 сияқты тікұшақтарды ірі тораптық құрастыру жобаларын жүзеге асырады. Бұл мүмкіндік зауытты Қазақстан мен Орталық Азиядағы тікұшақ техникаларын қалпына келтіру, жаңғырту және ішінара жергілікті өндірудің негізгі орталықтарының біріне айналдырады.

Перспективалық бағыттардың қатарында өз зымырандық өндірісін құру және жаңа физикалық принциптерге негізделген технологияларды дамыту шаралары бар. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қазірдің өзінде брондалған көліктер мен байланыс құралдарынан бастап қару-жарақ, кемелер және әскери киім-кешекке дейінгі кең ауқымды өнім түрлерін шығарады.

Ұшқышсыз технологиялар бағыты белсенді дамып келеді. Сынақтардың қорытындысы бойынша отандық «Sunqar» кешені қару-жарақ қатарына қабылданды. Бұл да осы салада ұлттық технологиялық базаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, Қорғаныс министрлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін армияны қайта жарақтандыру және технологиялық жаңғырту үдерістеріне интеграциялауды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде оның дербестігін және бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етуге мүмкіндік береді.

«ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ҚАЗАҚ АРМИЯСЫНА ДЕГЕН СЕНІМІ ЖОҒАРЫ»

Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу кеңістігін жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Қарулы күштердің әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жүргізілетін бітімгерлік операцияларға, оның ішінде Голан жоталарындағы миссияға да тартылған.

БҰҰ миссияларына қатысу бір мезгілде гуманитарлық міндеттерді шешуге және жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Әскери қызметшілер көпұлтты ортада жұмыс істеуге машықтанып, тұрақсыз жағдайларда әрекет ету дағдыларын пысықтайды. Бұл олардың төзімділігін, әскери машығын және жедел дайындығын арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта қазақстандық контингент UNDOF миссиясы құрамында бітімгерлік міндеттер атқарып жүр. Биылғы мамыр айында үшінші ротация сәтті жүзеге асты. Ол С-295 және A400M ұшақтары секілді әскери-көліктік авиацияны пайдалану арқылы, БҰҰ-ның жалға алынған әуе кемелерінсіз жүзеге асырылатын болады. Бұл логистика дербестігін қамтамасыз етіп, ұтқырлықты арттырады және экипаждар үшін қосымша тәжірибе болмақ. Жалпы алғанда, Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудың халықаралық жүйесіндегі сенімді қатысушы ретінде өз позициясын нығайтып, күрделі жағдайларда кез келген міндеттерді орындауда жоғары дайындық деңгейі мен қабілетін көрсете алды.

Осы орайда Мемлекет басшысы әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін атап өткен болатын.

«Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар қатерден қаймықпай азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАЗАҚ АРМИЯСЫ ЦИФРЛАНДЫРУҒА КӨШІП ЖАТЫР

Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу бағытын айқындап берді. Бұл бағыт қорғаныс саласында да толық көлемде іске асырылып жатыр. Осыған сәйкес, Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерді жүйелі түрде цифрлық трансформациялауды жүзеге асырып келеді. Бұл үдеріс әскерлерді басқаруды, есеп жүргізуді, жеке құрамды даярлауды және логистиканы қамтиды. Бұл жерде практикалық нәтижеге де ерекше назар аударылады.

Ел Президенті цифрландыру мен жасанды интеллектіні ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең маңызды құралдары ретінде айқындап берді. Осыған байланысты басқаруды автоматтандыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер мен радиоэлектрондық күрес бағыттарын жүйелі түрде дамытып жатырмыз.

Қорғаныс министрлігі құрылымында жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған арнайы бөлімше құрылды. Мерзімді әскери қызметтің ашықтығын арттыруға және әскери қызметшілердің туыстарымен өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған «Сарбаз+» жобасы іске асырылып жатыр. Халықпен өзара іс-қимылдың цифрлық сервистері eGov.kz және mGov арқылы, сондай-ақ ARMIA.KZ ақпараттық платформасы арқылы енгізілді. Бұдан бөлек, тәулік бойы кеңес беруді қамтамасыз ететін «AI-sulu» және «Шаңырақ» чат-боттары сияқты жасанды интеллект шешімдері кеңінен қолданылады.

Сондай-ақ мониторинг, байланыс және навигация жүйелері дамып келе жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану аясы кеңейіп, жоспарлау және басқару процестеріне жасанды интеллект элементтері енгізілді. Сарышаған полигонында өткен «Жауынгерлік достастық – 2025» оқу-жаттығуы барысында Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі сынақтан сәтті өтті.

Жалпы алғанда, цифрландыру мен инновацияларды енгізу әскерлерді басқару тиімділігін және қорғаныс қабілетінің деңгейін тікелей арттырып, Қарулы күштердің қазіргі заман талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here