Жасанды жаңбыр: ғылым мен табиғат арасындағы тартыс

0
147
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Бұрын көпшілік жиналып, жауын сұрап тасаттық беріп, көкке көз тігетін. Бүгінде адамзат табиғатты тек бақылап қана қоймай, оны болжауға әрі бағыттауға ұмтылып отыр. Жаһандық деңгейде «жасанды жаңбыр» технологиясына деген сұраныс пен қызығушылық күшейе түсті. Енді бұл бағытқа Қазақстан да қосылды. Ғасырлық тарихы бар «Qazaq» газеті осы тақырыпты тарқатпақ.

Технологияның тарихы

Технологияның негізін 1940 жылдары америкалық химик Ирвинг Ленгмюр қалаған. АҚШ-та жүргізілген алғашқы тәжірибелерге метеорологтар Винсент Шефер мен Бернард Воннегут қатысқан. Бұл General Electric компаниясының жобасы аясында жүзеге асқан. Алғашында зерттеулер зертханалық жағдайда жүргізіліп, жауын-шашын түзу үшін құрғақ мұз пайдаланылған. Кейіннен Воннегут күміс йодидін қолдануды ұсынды. Нәтижесінде, 1943 жылы табиғи ортада алғашқы жасанды қар жаудыру тәжірибесі сәтті жүзеге асқан.

Кейін мұндай зерттеулер Австралия, Қытай және басқа да елдерде жүргізілді. ХХ ғасырдың соңынан бастап бұлттарды әртүрлі реагенттермен өңдеу технологиясы су тапшылығы байқалатын өңірлерде және табиғи апаттардың алдын алу мақсатында кеңінен қолданыла бастады.

Жасанды жаңбыр қалай жүзеге асады?

Жасанды жаңбыр көпшілік ойлағандай, ашық аспаннан қолдан жаңбыр жаудыратын тәсіл емес.

Бұрын метеорологтар ауа райын сағаттап талдайтын. Ал қазір AI технологиялары спутниктен түсетін мыңдаған деректі секундтар ішінде өңдей алады. Қазақстанда EUMETSAT және Қытайдың FY-4 спутниктерінен алынған ақпарат пайдаланылады. Арнайы жүйелер: бұлттардың қозғалысын, ылғал көлемін, жел бағытын, жауын-шашынды анықтайды.

Ең алдымен мамандар атмосферада ылғалы жеткілікті, жауын-шашын түсуге бейім бұлттарды анықтайды. Одан кейін арнайы ұшақтар арқылы бұлт қабатына реагенттер шашады. Көбіне тұз бөлшектері пайдаланылады. Аталған бөлшектер ауадағы ылғалды біріктіріп, соның нәтижесінде тамшылар жауын түрінде жерге түседі.

Алайда бұл әдіс бұлтсыз ашық аспаннан жаңбыр жаудыра алмайды. Технологияны жүзеге асыру үшін жауын-шашынға бейім бұлттың болуы өте маңызды.

Жасанды жаңбыр технологиясының басты ерекшелігі – жасанды интеллект жүйелерінің қолданылуы.

Технологияның тиімділігі – керек жерде, дәл уақытында жауын-шашын мөлшерін арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарын табиғи апаттардан қорғау және су ресурстары тапшы өңірлерді сумен қамту.

Кемшін тұстары да жоқ емес. Сарапшылар авиациялық жұмыстар мен арнайы реагенттерге жұмсалатын қомақты қаржы, қоршаған ортаға төнетін қауіптер, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп санайды.

Осыған байланысты «Жасанды жаңбыр: қолдау ма, қарсылық па?» атты ғылыми мақаланың авторлары Бахар Вугар кызы Мехтиева мен Наталья Глинкина жасанды жауын-шашын шақыру технологиясының артықшылықтары мен салдары толық зерттелмейінше, оның тиімділігі жөнінде нақты баға беру қиын деп есептейді.

Ал Қазгидромет мамандарының бағалауынша, технологияны дұрыс әрі уақытылы қолданған жағдайда жауын-шашын көлемі 10-20 пайызға дейін артуы мүмкін.

Тамшыға тәуелді тіршілік

Соңғы жылдары елімізде қуаңшылық жиілеп, су тапшылығы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ахуал күрделі.

Су қоймаларындағы су деңгейі төмендеп, жауын-шашынның аздығынан ауыл шаруашылығы ақсап тұр. Мамандар мұны жаһандық климаттық өзгерістермен байланыстырады. Ал сарапшылар болашақта су үшін күрес мұнай бәсекесінен де маңызды болатынын жиі ескертеді. Әсіресе, аграрлық әлеуеті жоғары саналатын Түркістан облысы үшін бұл – өте өзекті мәселе. Аймақта мақта, көкөніс әрі бақша дақылдары кеңінен өсіріледі. Дегенмен, ауыл шаруашылығы толықтай су ресурстарына тәуелді. Қуаңшылықтың бір ғана маусымы мыңдаған шаруаның еңбегін зая кетіріп, өнім көлемін төмендетуі мүмкін.

Қазақстандағы жасанды жауын-шашын жобасы

Қазақстан алғаш рет жасанды жауын-шашын технологиясын тәжірибелік деңгейде енгізуге кірісті. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым президенті әрі Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандуспен кездесуінде жасанды жауын-шашын мәселесін атап өткен болатын.

Бұл – Орталық Азия кеңістігіндегі осындай ауқымдағы алғашқы мемлекеттік жоба. Бірегей бастама елдің оңтүстік өңірлеріндегі су тапшылығы мәселесін азайтуға бағытталған. Қанатқақты жоба Түркістан облысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, Қазақстан Орта Азия елдері арасында өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болды.

БАӘ – әлемдегі ең құрғақ аймақтардың бірі. Соған қарамастан олар ауа райын басқару технологиясына миллиардтаған инвестиция салды. Бүгінде Әмірліктерде бұлттарды бақылайтын заманауи радарлар, арнайы авиация, жасанды интеллект жүйелері жұмыс істейді.

 «Жоба су қоймаларының толу деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған», – деп атап өтті Түркістанда өткен жобаны іске қосу рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Бастаманы іске асыру Түркістан облысындағы қуаңшылық пен су тапшылығының салдарын азайтып, жалпы аумағы 900 мың гектардан асатын ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуге жол ашады. Мамандардың бағалауынша, жобаның әлеуетті экономикалық тиімділігі жылына 35 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қазақстан үшін бұл бастаманың маңызы зор. Себебі, ел тек дайын технологияны енгізумен шектеліп отырған жоқ. Жоба аясында отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық берілген. Бүгінде Түркістан облысының метеорологтері, ұшқыштары, инженерлері мен өзге де сала мамандары БАӘ Ұлттық метеорология орталығының сарапшыларынан арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін арттырып жатыр. Бұл тәжірибе алдағы уақытта технологияны еліміздің басқа өңірлеріне енгізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанның өзіндік климаттық технологиялар мектебін қалыптастыруға негіз болмақ.

Алайда Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл бағытта әлі нақты қорытынды жасауға ерте екенін атап өтті. Қазіргі кезеңде жоба сынақ кезеңінде болғандықтан, оның нәтижелері тек тәжірибе барысында анықталмақ.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, әзірге жауын-шашын көлемінің нақты қанша пайызға артатынын айту мүмкін емес. Жобаның тиімділігі практикалық қолдану нәтижелері мен алынған деректерді талдау арқылы кешенді түрде бағаланатын болады.

Сарапшылар пікірі

Бұл бастама халықаралық деңгейде түрлі пікір тудырып отыр. Олардың қатарында Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Ақылбек Жапаров та бар. Оның пікірінше, бір өңірде жауын-шашын көлемін жасанды түрде арттырудың әсері көрші аймақтарға да таралуы мүмкін. Сондықтан мұндай технологияларды қолдану кезінде олардың өңірлік экожүйеге ықпалы мұқият зерттелуі қажет.

Ал Ұлыбританиядағы Рединг университетінің метеорология профессоры Мартен Амбаум жасанды жауын-шашын технологиясының мүмкіндігі шектеулі екенін тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл әдіс жауын-шашын мөлшерін аздап арттырғанымен, табиғи ауа райын түбегейлі өзгертуге қауқарсыз.

«БАӘ-де мұндай бағдарлама бар. Алайда қазіргі технология жауын-шашын көлеміне айтарлықтай әсер ете алмайды», – дейді ғалым.

Жоғары экономика мектебінің география және геоақпараттық технологиялар факультетінің доценті Михаил Варенцов бұлттарды өңдеу технологиясы әлемнің көптеген елдерінде қолданылып келе жатқанын айтады. Ол бұл әдіс жауын-шашын түсу мүмкіндігін арттыруға бағытталған деп санайды.

Ғалымның айтуынша, технология бар бұлттарға әсер еткенімен, оның нәтижесін алдын ала дәл болжау мүмкін емес. Мұндай технологиялар тек жергілікті деңгейде ғана әсер етеді, ал оларды табиғи апаттардың негізгі себебі деуге ғылыми негіз жоқтығын атап өтеді.

Тобықтай түйін

Жасанды жаңбыр – бүгінгі ғылым мен технологияның нақты жетістігі. Алайда ол барлық мәселені шешетін әмбебап құрал емес. Табиғатқа араласу әрқашан жауапкершілік пен ғылыми дәлдікті талап етеді.

Қазақстанның бұл қадамы климаттық технологияларды игерудің жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін. Алайда оның нақты тиімділігі уақыт пен тәжірибе арқылы ғана айқындалмақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here