Ми институты: Еліміздегі нейроғылым саласы жаңа дәуірге қадам басты ма?

0
61

Адамзат көк жүзін бағындырып, ғарыш кеңістігінің құпиясын ашуға талпынып, жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан сайын бір ақиқатқа қайта оралады: табиғат жаратқан ең күрделі әрі ең жұмбақ ғалам адамның өз бойында. Ол миллиардтаған нейроннан тұратын, ой мен сананың, сезім мен жадының тылсым мекені болған адам миы. Ғасырлар бойы ғалымдарды таңғалдырған осы құдіретті жүйені тануға деген ұмтылыс бүгінде әлемдік ғылымның басты бағыттарының біріне айналды. Ал, енді бұл жолдағы маңызды ғылыми қадам Қазақстанда да жасалды. Ғылым мен білімнің алтын бесігі саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігі үшін тарихи оқиға орын алды. Елімізде алғаш рет мамандандырылған ғылыми-білім беру орталығы – Ми институты салтанатты түрде ашылды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген бұл маңызды бастама отандық ғылымның жаңа белеске көтерілгенін айғақтап қана қоймай, болашақ ғылыми жаңалықтарға бастар жарқын жолдың да негізін қалады.

Заманауи ғылымның ең күрделі әрі келешегі зор бағыттарының бірі саналатын нейроғылым саласын дамытуға бағытталған институттың ашылуы еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға, жас ғалымдардың ізденісіне серпін беруге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатын тың қадам. Бұл бастама Қазақстанның инновациялық даму стратегиясымен үндесіп, ғылымды өндіріспен, біліммен және медицинаның озық жетістіктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ми институтының ашылуы тек жаңа ғылыми орталықтың іске қосылуы ғана емес, сонымен қатар адам санасының құпияларын тануға, озық зерттеулер жүргізуге және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастаманың жарқын көрінісі.

Іс-шараға еліміздің ғылымы мен білімінің көшбасшылары, медицина саласының білікті мамандары және халықаралық серіктестер жиналды. Салтанатты рәсімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, жетекші медициналық орталықтардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік әріптестер қатысты. Ғылым мен тәжірибені, білім мен инновацияны тоғыстырған басқосу жаңа институттың ашылуымен ғана емес, Қазақстандағы нейроғылым саласының жаңа дәуірге қадам басқанын айшықтаған маңызды оқиға ретінде есте қалды. Залға жиналған қауым адам миының құпияларын зерттеуге бағытталған тың бастаманың куәсі болып, болашақ ғылымның келешегіне деген сенім мен үміттің ерекше атмосферасын сезінді.

Ми институтының ашылуы аяқ астынан жүзеге асқан жоба емес. Оның негізі 2018 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Когнитивтік нейроғылым орталығында қаланып, осы жылдар ішінде жинақталған ғылыми тәжірибе мен жүйелі зерттеулердің заңды жалғасына айналды. Бұл адам миының күрделі қызметін терең зерттеуге, нейроғылым саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған көпжылдық еңбектің жемісі.

Институтта ғылыми ізденістер халықаралық стандарттарға сай келетін озық технологиялар мен заманауи зерттеу кешендерінің көмегімен жүргізіледі. Атап айтқанда, жоғары дәлдіктегі 3 Тесла магниттік-резонанстық томографы, ANT Neuro компаниясының жоғары тығыздықтағы электроэнцефалография жүйелері, функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) технологиялары кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдаудың инновациялық әдістері нейроғылым саласындағы зерттеулердің аясын кеңейтіп, адам миының қызметін бұрынғыдан да тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Осының барлығы Ми институтын тек ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес, әлемдік ғылым жетістіктерін тоғыстырған, болашақтың технологиялары мен тың жаңалықтары дүниеге келетін зияткерлік алаң ретінде танытады. Қазақстан ғылымының жаңа белесін айқындайтын бұл орталық ұлттық нейроғылымды халықаралық деңгейге көтеруге серпін бермек. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білім саласын дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ғылыми-технологиялық әлеуетті күшейту, пәнаралық зерттеулердің аясын кеңейту және ғылым жетістіктерін нақты өндіріске енгізу еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі.

– Ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыру, пәнаралық зерттеулерді күшейту және инновацияларды өндіріске енгізу – ғылыми білім беру қауымдастығының басты міндеттері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл бағыттағы бастамаларды әрдайым қолдап келеді. Ми институтының ашылуы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі, – деді ректор.

Сонымен қатар, Жансейіт Түймебаев жаңа институттың ашылуы университеттің ғылыми ізденістерін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл орталық нейроғылым, медицина, биотехнология және жасанды интеллект салаларындағы озық зерттеулердің тоғысқан алаңына айналып, отандық ғылымның халықаралық беделін арттыруға қызмет етеді. Жас ғалымдардың тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, адам миын зерттеу бағытындағы әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысты нығайтып, Қазақстан ғылымының жаңа белестерге көтерілуіне жол ашады.

Ақылбек Күрішбаев жаңа институттың құрылуы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы арасындағы нәтижелі әріптестіктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Оның пікірінше, ғылымның ең күрделі әрі болашағы зор бағыттарының бірі нейроғылым саласында қолға алынған бұл жоба халықаралық деңгейдегі зерттеулер жүргізуге, жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдауға және озық технологияларды дамытуға кең мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Ми институты ғылыми жаңалықтарды өндіріспен ұштастырып, Қазақстан ғылымының жаһандық ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ететінін жеткізді. Бұл орталық ғылым мен инновацияны тоғыстырған жаңа буын зерттеу алаңына айналып, елдің интеллектуалдық дамуына елеулі үлес қоспақ. Профессор Әлмира Құстыбаева жетекшілік ететін институт адам санасының сырын терең зерттеуге бағытталған заманауи ғылыми орталық ретінде қалыптасып келеді. Институт құрамында когнитивтік, мінез-құлықтық, есептеу нейроғылымы және нейролингвистика зертханалары жұмыс істейді. Бұл зертханаларда адам миының қалыпты және патологиялық даму ерекшеліктері жан-жақты зерделеніп, ойлау, есте сақтау, қабылдау және шешім қабылдау секілді күрделі когнитивтік үдерістердің табиғаты зерттеледі.

– Ми институтында биология, психология, компьютерлік ғылым, нейроғылым, лингвистика саласындағы зерттеу жүргізетін ғалымдар бірігіп үлкен жобаларды жүргізуде. Халықаралық деңгейде іргелі зерттеулерді жүргізу басты мәселесі осы және қолданбалы маңыздылығы да өте зор. Өйткені, қазір жалпы адамдарға көмек ретінде қолданбалы зерттеулер жүргізіп жатыр, – деп пікір білдірді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Ми институтының қызметкері Жанар Ибраева.

Сонымен қатар, ғалымдар нейродегенеративті аурулардың пайда болу тетіктерін анықтауға, эмоциялардың адам мінез-құлқына әсерін талдауға және көптілділіктің ми қызметіне ықпалын зерттеуге басымдық бермек. Институт қабырғасында жүргізілетін іргелі әрі қолданбалы зерттеулер жаңа диагностикалық әдістер мен болжамдық биомаркерлерді әзірлеуге жол ашып, медицина мен нейроғылым саласындағы маңызды ғылыми жаңалықтардың негізін қалайды. Осылайша, Ми институты адам миының әлі толық ашылмаған құпияларын зерттейтін, ғылым мен инновацияны тоғыстырған бірегей ғылыми алаңға айналып, Қазақстанның нейроғылым саласындағы жетекші орталықтарының біріне айналуға ұмтылуда.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ми институтының ашылуы – Қазақстан ғылымының даму тарихындағы маңызды белестердің бірі. Бұл тек жаңа ғылыми орталықтың іске қосылуы ғана емес, адамзат үшін ең күрделі құбылыстардың бірі саналатын ми қызметін терең зерттеуге бағытталған үлкен бастаманың бастау алуы. Ғылым мен білімнің, инновация мен тәжірибенің тоғысқан бұл алаңы жас зерттеушілердің тың идеяларын жүзеге асырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жаңа институт еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, отандық нейроғылымның дамуына серпін береді. Адам санасының жұмбақ әлемін тануға ұмтылған бұл қадам Қазақстан ғылымының жаһандық ғылыми кеңістіктегі орнын айқындап, болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here