22 маусым менің өмірімдегі ең ерекше күндердің бірі болды. Сол күні төрт жылдық еңбегімнің, талпынысымның, арманым мен үмітімнің жемісін қолыма алып, Жетісу университетінің түлегі атандым. Ең бастысы – қызыл диплом иегері болдым. Алған дипломым мен үшін баға жетпес байлық. Бұл – маған сенген жандардың сенімі, ұстаздарымның берген білімі мен жақындарымның қолдауының нәтежиесі.
Мен мүгедектігі бар студент ретінде бір нәрсені анық түсіндім білім алуға ешқашан кеш болмайды. Жас та, денсаулықтағы ерекшелік те адамның мақсатына жетуіне кедергі емес. Ең бастысы – өзіңе сену және алға ұмтылу. Жетісу университетінде оқыған төрт жыл ішінде мен үшін барлық жағдай жасалды. Қолжетімді орта, пандустар, жайлы аудиториялар және ең бастысы – түсіністікпен қарайтын, әрдайым қолдау көрсететін ұстаздарым менің сапалы білім алып, өзімді дамытуыма үлкен мүмкіндік берді.
Осы орайда университет басшылығына университетіміздің Ректорына Бөрібаев Ермек Әбілтайұлына, Гуманитарлық факультет деканы Желдибаева Райгүл Серікқызына профессор-оқытушылар құрамына және білім жолында маған қолдау көрсеткен барша ұстаздарыма шын жүректен алғысымды білдіремін.
Ерекше алғысымды Басқарма мүшесі – әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Абдулдаұлы Сериев мырзаға білдіремін. Дипломымды салтанатты түрде табыстап, ақ жол тілегені үшін ризашылығым шексіз. Сол сәтте ерекше толқыныс пен қуаныш сезімін бастан өткердім.
Бибігүл Жұмашқызына деген алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Төрт жыл бойы ол кісі біз үшін тек ұстаз ғана емес, әр студенттің жағдайына бейжай қарамайтын жанашыр тәлімгер, ақылшы әрі қамқор жан болды. Бибігүл апай әрдайым біздің жетістігімізге қуанып, қиын сәттерде қолдау көрсетті. Студенттердің әрқайсысының қабілетін байқап, жігерлендіріп, алға ұмтылуға күш берді. Оның адамгершілігі, қарапайымдылығы, кәсібилігі мен шәкірттеріне деген шексіз қамқорлығы біз үшін үлкен үлгі болды. Мен үшін Бибігүл Жұмашқызының орны ерекше. Ол кісі маған сенім артып, әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Кейде бір ауыз жылы сөзі мен ақыл-кеңесі үлкен мотивация сыйлайтын. Осындай ұстаздың тәлімін алғанымды үлкен бақыт әрі мақтаныш деп білемін. Жанымнан табылған топтастарыма да алғысым шексіз. Өздерінен жасым үлкен болсам да, мені әрдайым құрметтеп, көмектерін аямады. Бірге оқып, бірге қуанып, бірге жетістікке жеттік.
Диплом табыстау рәсімін жоғары деңгейде ұйымдастырған университет ұжымына да үлкен рақмет айтамын. Шара барысында студенттер атынан сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Сол сәтте төрт жыл бойы сапалы білім мен тәлім-тәрбие берген ұстаздарыма деген алғысымды жеткізуге мүмкіндік алдым. Құрметті ұстаздарым, сіздердің еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Әр шәкірттің жетістігінде сіздердің қолтаңбаларыңыз бар.
Ал білім алуды армандап жүрген жандарға айтарым: білім алуға ешқашан кеш емес. Мен өз тәжірибем арқылы осыған көз жеткіздім. Қорықпай қадам жасап, армандарыңызға қарай ұмтылыңыздар. Жетісу университетінде білім алуға барлық мүмкіндік жасалған.










Жарайсыз Болат мырза ???????? Мүгедектер арбасында отырған диплом алушы өзін ешкімнен кем сезінбеуі үшін, проректордың оның жанына тізерлеп отырып суретке түсуі – адамгершіліктің ең биік үлгісі.
Лауазымының биіктігін емес, адамның қадір-қасиетін жоғары қойған бұл әрекет мені ерекше тәнті етті. Осындай кішіпейілділігі мен адамға деген құрметі үшін проректорға шынайы түрде таңданамын әрі зор құрметпен қараймын.
Осындай қарапайым, бірақ мағынасы терең әрекеттер қоғамымызға мейірім мен ізгіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.