Конституция – құқықтық мемлекеттің тірегі, заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізі

0
122

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі, тәуелсіздігіміздің мызғымас кепілі және еліміздің стратегиялық даму бағытын айқындайтын басты құжат. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға серпін беріп, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.

Жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты айқын көрініс тапты. Мемлекет басшысы ұсынған бұл тұжырымдама бүгінде қоғам дамуының негізгі бағдарына айналып отыр. Заңның үстемдігі – құқықтық мемлекеттің басты белгісі болса, тәртіп – сол заңдардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ететін қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Әділетті қоғам құру үшін әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті құрметтеуі қажет. Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі ғана емес, құқықтық сананы қалыптастыратын маңызды идеологиялық әрі құқықтық ұстаным. Заң – мемлекет белгілеген, жалпыға бірдей міндетті құқықтық нормалардың жиынтығы болса, тәртіп – сол нормалардың өмірде орындалуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар жүйесі.

Қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі бүгінгі күні де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Бұл нақыл қоғамдағы тәртіптің маңызын, заңға бағынудың еркіндік пен қауіпсіздіктің кепілі екенін айқын көрсетеді. Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда әділеттілік орнығып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалады. Расында да, заң талаптарын құрметтеп, тәртіпке бағынған адам өз құқығын қорғауға қабілетті болады және қоғамда өзін қауіпсіз сезінеді.

Осы орайда білікті заңгер мамандарды даярлаудың маңызы ерекше. Жетісу университеті – өңірдегі білім мен ғылымның қара шаңырағы ретінде құқық саласына қажетті жоғары білікті мамандар даярлап келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі. Университет қабырғасында болашақ заңгерлер, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының мамандары сапалы білім алып, құқықтық мәдениетті нығайтуға және заңдылықты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Бұл – елімізде құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды міндеттердің бірі.

Бүгінде заң мен тәртіп идеологиясын жүзеге асыру бағытында жоғары оқу орындары арасында Жетісу университеті белсенді бастамаларымен ерекшеленіп, көшбасшы оқу орындарының қатарынан көрінуде. Университетте құқықтық сауаттылықты арттыруға, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрмет сезімін тәрбиелеуге бағытталған түрлі ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуының, қоғамдық келісімнің және ұлттық бірліктің берік негізі. Оның қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және тәртіпті нығайту – әрбір азаматтың ортақ парызы. Өйткені заңға құрмет пен тәртіпке негізделген қоғам ғана әділетті, қауіпсіз әрі өркендеген мемлекет құра алады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here