Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумының пленарлық отырысына қатысты. 24-25 шілдеде өткен биылғы форум «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында Ресей Президентіне және Омбы облысының басшылығына Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлерінің, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаевтың да ерлігіне көрсетіліп отырған құрмет пен тағзым үшін ризашылығын білдірді. Президенттің әкесі Екінші Беларусь майданы құрамында Польша жерінде ауыр жараланып, кейін Омбыда ем қабылдаған болатын.
ТАТУ КӨРШІЛІК КӨКЖИЕКТЕРІ
Мемлекет басшысы өз сөзінде өңіраралық ықпалдастықтың нақты іс жүзіндегі нәтижелері екіжақты күн тәртібін мазмұнмен байытып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың дәйекті дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
«Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл – мемлекет басшыларының, үкіметтердің, өңірлік билік органдарының және, әрине, екі ел парламенттерінің бірлескен әрі жүйелі жұмысының жемісі. Өткен жылдың қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен биылғы мамыр айында Президент Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары осы тұрғыдан тарихи маңызға ие болды. Осы сапарлардың қорытындысы бойынша қол қойылған мемлекетаралық қатынастарды стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру туралы декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті қағидаты туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің ондаған жылдарға арналған жасампаз ынтымақтастығы мен ортақ өркендеуінің берік негізін қалады.
Сеніммен айтуға болады, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық барлық негізгі бағыт бойынша табысты дамып келеді. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 28 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында өзара сауда көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайызға артты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйған.
«Бұл бағыттағы оң серпін сақталып отыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ресейден тартылған инвестиция көлемі 45 пайызға артты. Ал, алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша, оның көлемі 773 миллион АҚШ долларына жетті. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде бүгінде Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған 20 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар, Ресейдегі қазақстандық бизнестің де әлеуеті нығайып келеді. Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 9 миллиард АҚШ долларынан асты.
Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық айрықша орын алады. Қазіргі таңда екі ел жалпы инвестиция көлемі 52 миллиард АҚШ долларынан асатын 177 ірі бірлескен жобадан тұратын ауқымды инвестициялық қоржын қалыптастырды. Оның 122-сі іске асырылып, нәтижесінде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
ҒАРЫШ САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен алғашқы атом электр станциясын салу жобасын екіжақты ынтымақтастықтың шынайы стратегиялық сипатын айқын көрсететін маңызды бастама деп бағалады. Сондай-ақ, Президент ғарыш саласындағы әріптестікті өзара ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі ретінде атады.
«Биылғы сәуір айында «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы Қазақстан мен Ресейдің ғылыми, инженерлік және өндірістік әлеуетін ұштастыра отырып, сан түрлі салада ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген тағылымды сөз бар. Бұл ой орыс халқының «Где лад, там и клад» деген мақалымен үндеседі. Достық пен тату көршіліктің берік негізіне, өзара сенім мен қолдауға, сондай-ақ бір-біріміздің заңды мүдделерімізді құрметтеуге сүйене отырып, бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуі мен әл-ауқатын арттыру жолында әлі талай биік белесті бірге бағындырамыз деп сенемін», – деді Президент.
БАСЫМ БАҒЫТ – КӨЛІК-ЛОГИСТИКА
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі халықаралық ахуалда форумның күн тәртібіне шығарылған тақырыптың маңызы айрықша. Президент әлемдегі ең ұзын тұтас құрлықтық шекараға ие Қазақстан мен Ресейге Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық архитектурасын дамытуда жетекші рөл жүктелгенін атап өтті.
«Бұл – бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда елдеріміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Біз бірлескен күш-жігердің арқасында осы саладағы барлық міндетті жүйелі түрде шешіп, көлік инфрақұрылымын дамытып, транзиттік әлеуетімізді нығайтып келеміз.
Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 3,5 пайызға өсіп, 92 миллион тоннаға жетті. Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылатын транзиттік тасымал да қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымал көлемі сегіз есеге артты. Осы бағытта Ресей – Қазақстан – Қытай маршрутымен мерейтойлық миллионыншы контейнердің жеткізілуі тарихи белеске айналды. Бұл – біздің мүмкіндігіміздің шегі емес екені анық.
Автомобиль көлігімен жүк тасымалы да айтарлықтай өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, оның көлемі шамамен 8,5 миллион тоннаны құрады. Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, 4,3 миллион тоннаға жетті. Осы бағыттағы жүйелі бірлескен жұмыстың нәтижесінде мұндай қарқын алдағы уақытта да сақталатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Оның айтуынша, өткен жылы бұл бағыттағы жүк тасымалының көлемі айтарлықтай артқан. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның пікірінше, Ақтөбе – Ұлғайсын автомобиль жолын қайта жаңғырту аталған бағыттың өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Қолданыстағы цифрлық платформалар негізінде пилоттық жоба ретінде ең жүктемесі жоғары бағыттардың бірінде «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін іске қосуды ұсынамыз. Екі елдің көлік-логистикалық жүйелерін тиімді цифрлық ықпалдастыру және жаңа технологияларды кеңінен енгізу өзара сауда көлемін ұлғайтуға, транзиттік ағындарды арттыруға әрі экономикалық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жол ашады.
Мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің алғашқы сынақ рейсі жүзеге асырылды. Бұл маңызды оқиға көлік саласындағы Қазақстан мен Ресей әріптестігінің жаңа технологиялық деңгейге сенімді қадам басқанын айқын көрсетті», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
ШЕКАРА МАҢЫ ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту шекаралас өңірлердің дамуы үшін айрықша маңызға ие.
«Осыған байланысты шартты түрде «500+» деп аталатын шекаралас өңірлердің әуе қатынасын дамыту жөніндегі бірлескен бағдарламаны әзірлеуді ұсынамын. Бұл бастама Астана мен Қазақстанмен шектесетін, халқы 500 мыңнан асатын Ресей қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашуды көздейді.
Бағдарламаны жүзеге асыру өзара туристік ағынның артуына да қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұған қоса, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттарды дамыту да келешегі зор бастама деп санаймын. Ол үшін екі елдің туризм индустриясы өкілдерінің өзара ықпалдастығын жандандыру маңызды.
Осы ретте айта кеткім келеді, бүгінде Қазақстанға демалу және көрікті жерлерді тамашалау мақсатында келетін туристер саны жағынан Ресей бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші орында – Үндістан, төртінші орында – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға қажетті барлық мүмкіндік бар. Бұған еліміздің қолайлы географиялық орналасуы, табиғи ландшафттарының сан алуандығы, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрасы негіз болады. Ең бастысы, ресейлік туристер үшін Қазақстанда тілдік те, дүниетанымдық та тосқауыл жоқ. Бізді ортақ тарих пен ортақ мәдениет біріктіреді.
Шекаралық туризмді дамыту – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – өзара сенімді нығайтуға, тату көршілікке негізделген ортақ кеңістікті қалыптастыруға салынатын инвестиция. Мұндай кеңістік екіжақты байланыстарымыздың беріктігінің айқын көрсеткіші әрі ортақ дамудың қуатты қозғаушы күші болмақ», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың басты артықшылығы жоғары деңгейдегі сенімді саяси диалогтың өңірлер, іскер топтар, ғылыми және мәдени қауымдастықтар арасындағы белсенді байланыстармен, ең бастысы, миллиондаған адамның достығымен нығайтылып отырғанында екенін айтты.
«Екіжақты ықпалдастығымыздың ерекшелігі – сабақтастық пен серпінді дамудың үйлесімді ұштасуында. Ортақ тарихи мұрамызға құрмет көрсете отырып, біз бірлескен болашағымыздың жаңа көкжиектерін дәйекті түрде ашып келеміз. Қазақстан Ресей Федерациясымен жасампаз стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға берік ниетті.
Мен Омбыға құрамында орталық мемлекеттік органдардың басшылары, барлық шекаралас өңірлердің әкімдері және іскерлік қауымдастық өкілдері бар ауқымды делегациямен келдім. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша нақты жұмыс жүргізуге және нәтижелі уағдаластықтарға қол жеткізуге деген байыпты ұстанымымызды көрсетеді.
Бүгінгі форумның қорытындылары Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың шежіресіне тағы бір жарқын бет қосып, мемлекеттеріміздің өркендеуіне және бауырлас халықтарымыздың әл-ауқатының артуына қызмет етеді деп сенемін», – деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ресей Президенті өңірлердің Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге қосып отырған белсенді үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, өңірлік билік органдары мен бизнес өкілдерінің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өзара сауда көлемі артып, инвестициялық байланыстар нығайып келеді.
«Ең бастысы, Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында ғана емес, экономиканың барлық бағыты мен қоғамдық өмірдің өзге де салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндігі бар. Ресей мен Қазақстанның өңірлері алдағы уақытта да бірлесе әрі үйлесімді жұмыс істей отырып, елдеріміз арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды тереңдетуге елеулі үлес қоса беретініне сенімдімін. Бұл екі мемлекет пен бауырлас халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді», – деп атап өтті Владимир Путин.
Пленарлық отырыста Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчук, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі.
«СТАМБҰЛ 2.0» ФОРМАТЫ: ТОҚАЕВ ПУТИНГЕ СОҒЫСТЫ УАҚЫТША ТОҚТАТУДЫ ҰСЫНДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында Украинадағы соғысты «тоқтата тұру» туралы ұсыныс айтты. Тоқаевтың мәлімдемесі мен оған Путиннің берген жауабының үзіндісін ТАСС агенттігі жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірін екі ел арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында Владимир Путинмен болған кездесуі кезінде білдірді. Қазақстан Президенті қазіргі таңда «бұл жағдайдан қалай шығу керектігін ешкім нақты білмейтінін, өйткені тараптардың өз ұстанымдары бар екенін» атап өтті. Сонымен қатар, ол «бәлкім, бұл қақтығысты уақытша тоқтатып, Стамбұл формуласы 2.0 үдерісіне қайта оралу керек шығар, өйткені онда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген болатын» деген пікір білдірді.
Тоқаевтың айтуынша, Украинадағы соғысқа байланысты оған Еуропа мен АҚШ тарапынан көптеген сигналдар келіп түсуде. Бұл жөнінде ол бұған дейін Владимир Путинді хабардар еткен. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өз елінің Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу үдерісінде делдал болудан бас тартатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғыс «мемлекетаралық қақтығыс» екенін, оның «қандай да бір азаматтық соғысқа қатысы жоқ» екенін атап өтті.
«Біз әрдайым украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарадық. Бұл қақтығыстың табиғаты көптеген адамға, соның ішінде бізге де, толық түсінікті емес деп санаймыз», – деді Мемлекет басшысы. Ол сондай-ақ Украинадағы соғысты «тоқтату қажет» екенін айтып, бұл жағдай Мәскеу мен Киевтің қарсыластарына да тиімді екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің 2025 жылғы тамызда АҚШ-тың Анкоридж қаласында өткен Дональд Трамппен кездесу барысында «барынша дипломатиялық икемділік танытқанын» атап өтті.
Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан Президентінің соғысқа қатысты айтқан пікіріне қысқаша түсініктеме бере отырып, оған Украинадағы жағдай туралы күні бойы «міндетті түрде егжей-тегжейлі ақпарат беретінін» айтты.
Ал, бірнеше сағаттан кейін Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Украинадағы соғыс туралы «барлығын егжей-тегжейлі баяндағанын» мәлімдеді.
«Киевтің ұстанымын ескерсек, соғысты тоқтата тұру мүмкін емес. Біз үшін басты шарт – алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізу. Бұл мақсаттар түсінікті әрі дәйекті. Сондықтан, Киев тиісті шешімдер қабылдаса, жағдай бүгін-ақ, тәуліктің соңына дейін тоқтауы мүмкін», – деді Кремль өкілі.
Айта кетейік, 2022 жылы Петербург халықаралық экономикалық форумындағы ашық пікірталас модераторы Маргарита Симоньян Қазақстан Президентінен Ресейдің арнайы әскери операциясына және оның заңдылығына қатысты көзқарасын айтып беруін сұраған болатын.
Симоньянның «Жалпы, бұл мәселеге қатысты сіздің ойыңыз қандай? Қазақстан қоғамы бұған қалай қарайды?» деген сұрағына Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Луганск пен Донецкінің тәуелсіздігін мойындауы екіталай екенін мәлімдеген еді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Форумға қатысушылар көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, сауда көлемін кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, өнеркәсіптік кооперация және шекаралас өңірлер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Форум Қазақстан мен Ресейдің өзара сенім, тату көршілік және нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастық қағидаттары негізінде қарым-қатынастарын одан әрі дамытып келе жатқанын көрсетті. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ











