Уақыт тауып бірер сәт тарихы терең Тараз қаласының көшелерімен серуендеп көріңізші. Мүмкіндік болса оны кешкі қоңыр салқын мезгілінде аралағаныңыз жөн болар еді. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар шаһарымызда нешебір сәулетті сауда орындарымен, кафелер мен тойханалармен, саябақтармен, дәріханалар мен шаштараздармен көз тартады. Енді солардың маңдайшаларына жазылған жазулырына зер салып, оқып көріңізші. Қазақ түгілі орыс азаматтары түсінбейтін нешебір жазуларды оқып, олардың не айтып тұрғанын түсінбей дал боласың. Неге? Өйткені, олардың басым көпшілігі ағылшын тілінде жазылған. Ол сөздің мәнін түсіне алмай қиналасың. Неге олай? Біз тәуелсіз мемлекет – Қазақстанда тұрып жатқан жоқпыз ба? «Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі» деп өзіміз өз еркімізбен қабылдаған Негізгі заңда (Конституциямызда) жазылған емес пе? Онда неге қазақ тілі әлі көлеңкеде тұншығып жатыр?
2017 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдағаны бәрімізге мәлім. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде асығыстыққа жол бермеу керектігін бірнеше рет атап өтіп: «Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе, асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз», – деген болатын.
Осылайша латын әліпбиіне көшу мәселесі кейінге қалдырылған еді. Бірақ, соған қарамастан бүгінгі таңда атауы латын әліпбиімен жазылған ойын-сауық орталықтары, дүкендер, кафелер, басқа да түрлі демалыс орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Осы ретте ертеректе әлеуметтік желіде жарияланған мына бір шағын оқиға еріксіз еске түседі. Үлкен қалада көп жылдар бойы қызмет істейтін бір азамат алыстағы туған ауылына барғанда атажұртында болып жатқан көз қуантар өзгерістерге риза болыпты. Тіпті, жаңадан салынған дүкеннің аты үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша жазылғанын көріп жерлестеріне: «Айналайындар-ау, қазақша, орысша жазғандарыңды түсінемін. Ал енді ағылшынша жазғандарыңа жол болсын?! Түкпірдегі, бір бұрыштағы біздің ауылға қандай ағылшын келеді? Кім үшін ағылшынша жазып әуре болып жүрсіңдер?!» – деп таңданысын білдіріпті.
Ал енді Тараз қаласындағы тойханалардың, дүкендердің атауларына назар аударыңызшы. Мәселен, «Arman hall», «Aisyltan grand hall», «Astrum», «Altyn Saqa», «Silver Hall», «Duman Hall», «Qobyz ballroom», «Maryam Hall», «Daria Hall», «Grand royal», «Marat Palace», «Taraz Hall», «Grammy», «Turan Hall», «Golden Hall», «Dubai hall», «Arai Hall», «Smal», «Firkan», «Okey», «Piton», «Magnum Super», «Maxim», «Magnum Express», «Ailin», «Qyzyl Dihan», «Onyx Mobile», «Candy mall», «Yqylas», «Safia» деп тізімді әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Атауларын есте сақтау былай тұрсын, кез келген адамның оқуға сауаты жете бермейді. Егер осының барлығын латын әліпбиімен емес, кириллицамен жазса, әлгі тойханаларға тойшыл халық бармай қоя ма? Оның ішінде кейбірінің мағынасын түсіну үшін атауды ағылшыншадан қазақшаға аударуыңа тура келеді. Соны бірден қазақша жасауға болмай ма, әлде қазақша атау таусылып қалды ма? Біз қай елде тұрып жатырмыз? Бұл не деген сорақылық? Өзге тілдерден енген кірме сөздерді, атауларды қойып жатқанда жергілікті ономастикалық комиссия мүшелері, басқа да жауапты мекемелер неге тып-тыныш көз жұмып отыра береді? Неге әлгі дүкендердің, тойханалардың, кафелердің қожайындарын «Тіл туралы» заңның талаптарын орындауға шақырып, тиісті жауапкершілікті талап етпейді? Бұл немқұрайдылық па, әлде жігерсіздік пе? Кімнің алдында жалтақтаймыз?
Қазақ тілі ең бай тіл дейміз. Оған күмән жоқ. Алайда көшеге шықсаң жат сөздер өріп жүр. Орталықты «сити», сауданы «маркет» деп жазып қойған. Ол аз десеңіз дикторлардың сөзіне құлақ салыңызшы. «Пиар» дей ме, «фейк» дей ме, «кайф» дей ма, «хайп» дей ме, «спикер» дей ме, «клиент» дей ме, «бренд», «жиһад», «лудомания», «буллинг» және сол сияқты т.б. әйтеуір ересектер түсінбейтін, баланың басын қатыратын кірме сөздер бүгіндері толып кетті.
Тағы бір көңіл аударарлық мәселенің бірі – тіліміздің «арабтанып» бара жатқаны. Қазіргі имамдар мен молдалар өздерінің араб тілінен сауаттылығын көрсеткісі келіп, орынды-орынсыз араб сөздерін араластырып сөйлейтін әдет шығарды.
Ақылбек Шаяхмет есімді ақын: «Бір кездері орыс тілі мен әдебиетіне ден қойған зиялылар орыс тіліндегі сөздерді неғұрлым жиі қолданса, сауатты болып көрінетін. Сол үрдіс енді араб тілінен де бізге ауысқан сыңайлы. Өйткені, мешіттегі имамдар сәресіні «сухур», бесінді «зухр», екінтіні «аср», ақшамды «мағриб», ауызашарды «ифтар», рамазанды «рамадан» деп айтады. Бұл сөздерді біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Керемет, құдірет деген сөздерді «мұғжиза» десе, Құдайға сенімді «ақида» дейді. «Мәһір» деген тағы бір сөз шықты. Атам заманнан қазақта болмаған бұл дәстүрді молдалар неке сыйы есебінде жариялап жүр. Осыған дейін ел ішіндегі кейбір кісілерді «орысқұлдар» деп айтып келсек, енді «арабқұлдар» деген сөздердің пайда болуы осындай сөз қолданыстарына байланысты секілді. Тіл байлығы мол қазаққа жат сөздерден келер пайда жоқ», – дейді «Оймақтай ойлар» атты жинағында.
Соңғы кездерде елімізде өткізіліп жатқан әртүрлі, әр тақырыптағы конференциялардың, форумдардың, саммиттердің тақырыптары да кірме сөздермен қойылатын болыпты. Мысалы, таяуда Шымкентте ұйымдастырылған халықаралық форум «Digital Qazaqstan» деген тақырыппен өтті. Қарапайым халық аталған жиынның қандай мәселеге арналғанын түсіне алмай дал болды. Сөйтсек, «Цифрлы Қазақстан» деген тақырыппен өткізілген жиын екен. Міне, осы сияқты шет тіліне «жүгіну» кейінгі кезде үрдіс алып барады. Бәлкім, бұл – бүгінгі күннің талабы шығар… Солай болсын делік, бірақ мемлекеттік тілімізді дүбәра етпесек деген тілек бар. Әр нәрсенің өз орны бар емес пе? Бұл ана тілімізді кірме сөздермен байытудың бір тәсілі ме? Одан біз не ұтамыз?
Толқынды толқын, ойды ой, сөзді сөз қуады. Сәл ертеректе жерлесіміз, қордайлық белгілі әншінің айтқан мына бір пікірі есіме түсті: «Мен өзім Тараз топырағында туғанмын. Бірде достарыммен туған елге барып, қаланың шетіндегі бір мейрамханада бас қостық. Сол ауылда асхана мен әжетханасын ағылшын тілінде жазып қойыпты. Содан әлгі жердің әкімшісін шақырдым. «Мына жерде қай ағылшын сенің дәретханаңды таба алмай адасып жүр, қай ағылшын сенің асханаңның табалдырығын тоздырды?», – дедім. Қазақша жазса қара жер қақ айырылып, жұтып қоярдай күйде жүр бәрі. Әлгі дәмхана әкімшісі: «Бастық, мен емеспін» деп құтылды.
Бұдан бөлек біз сауда дүкендеріне, дәмханаларға «халал» деп жазғанды сәнге айналдырып алдық. Қазақтың «адал» деген сөзін қолдансақ, мәртебеміз төмендеп қалатындай жағдайға жеттік. Санасыздығымыз сонша, араб, орыс, кәріс, қытайдың сөздерін жазып, өзіміздікін өзекке тепкенді жетістік санайтын болдық. Менің ойымша, қазақтың тілін үйрену қиын емес. Тек жоғарыдан төменге қарай бағытталған нақты іс-шаралар керек. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне де, шетелден келетіндерге де қазақ тілін үйрету керек. Көшедегі жол белгілерін, дәріхана, мейрамханалардың аттарын қазақша жазып қойсақ, өздері-ақ лезде біліп алады. Жан бағу үшін үйренеді. Ал біз… Жалпақшешейміз. Бізде намыс оянбай, жоғарыдағылар қара қазақтың перзенттері екендіктерін түсінбейінше тіліміз көгермейді. Өз тілін, мәдениетін қадірлете алмаған ұлтты ешкім сыйламайды. Тіліңді менсінбегендер төріңді де, тұтас еліңді де қадірлемейді». Жаны бар сөз. Неге біз әркез кері тартып тұрамыз?
Таяуда Алматы қаласына белгілі хирург-профессор ағамыз 80 жасқа толуына арналған тойына шақырды. Тойда жүзге жуық қонақтар, олардың арасында елімізге есімдері жақсы таныс зиялы қайраткерлер де болды. Бір өкініштісі, той асабасы қазақ бола тұрып, тойдың басым көпшілігін орыс тілінде өткізді. Баяғы әдетпен тағы да жан-жағыма зерделей қарасам, жиылғандардың арасында өзге ұлт азаматтарының саны 4-5-ден аспайды екен. Тілек, құттықтау сөз айтқандар да барынша орысша немесе жартылай дүбәрә тілде сөйлеп, шынымды айтайын, тойды жұлма-жұлма етіп, жиынның берекесін кетірді. Қазақ бола тұрып, басқа тілде сөйлегенді біразы өздеріне дәреже, мәдениеттіліктің белгісі деп ұғатыны қынжылтты. Елдің мақтанышы, ел тұтқасы болып жүрген зиялы қауымның бірі асабаға «тойды қазақша жүргіз, қарағым» деп ескертіп, ұсыныс жасамады. Қазақ тілі көлеңкеде қалып, мүсәпір халде екенін тағы да ұқтым. Әлгі той үстінде туған көптеген ой менің жанымды жегідей жеді. Біз осы бодандықтан қашан ажыраймыз? Оған не себеп? Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек кім қадірлейді? Қазақ тілі қазақтарға керек болмағанда, оу, ол кімге керек? Содан кейін кімге өкпелейміз? Қазақша сөйлеуден неге қаймығамыз? Неден қауіптенеміз? Тағы да тағы сұрақтар менің берекемді алды. Алматыда қазақ бола тұра қазақ тілін білмейтін, сөйлемейтіндер көп екеніне налып, олардың санасы оянбай отырғанына қынжылдым. Тойдың соңын күтпей, орнымнан тұрып кетіп қалдым…
Бізде заңдық тетіктер баршылық, бірақ соны іске асыру, жұмыс істеткізу, орындау биліктің ғана емес, қоғамның да міндеті емес пе? Әрбір саналы, ойлы жанның заңды орындау міндеті деп түсінгеніміз жөн.
…Бірде облыстық аурухана жанындағы кітапханаға бас сұқтым. Келер жылдың газет-журналдарына жазылу қызу жүріп жатыр екен. Өзіме керекті газет-журналдарға жазылып болып, кітапханашы қызға мынадай сұрақ қойдым:
– Ұжымымыздың қызметкерлерінің 90 пайызынан астамы өзіміздің қара көз қазақтар. Бірақ, орыс тілде шығатын респубикалық газеттерге жазылу едәуір көп. Оған не себеп? Сол газеттер тау-тау болып аурухана бөлімшелерінде ешкім оқымай бұрқырап бос жатыр емес пе? Неге осыған көңіл бөлмейсіздер?
– Ағай-ау, ол барлығымызға мәлім. Бірақ, бізге тапсырыс жоғарыдан, яғни әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінен келеді. Оны орындамасаң, әжептәуір сөз болады, қысымға түсесің. Содан, үндемей, берілген тапсырманы (разнарядканы) орындаймыз. Құлаққа тыныштық керек, – деп жауап берді Ләззат ағынан жарылып.
Оу, сонда, кімнің не оқуын, қай тілде оқуын ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері реттеп отыруы керек пе? Газет пен журналдарға жазылу неге бұрынғы ескі үрдіспен жүргізілуде? Бұл саясатпен қазақ газеттерінің тиражын және оқушыларын қайтып көбейтеміз? Қолдан, жасанды түрде өзге тілдегі –баспаларды қолдап отырғаннан не ұтамыз? Демек, бізде құлдық сана бойымызға әбден сіңіп, құлдық психологиялық жүйеден алшақтап кетпегеніміз рас екен.
Түркі халқының мақтанышы, елжанды Ататүрік: «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезіміміз, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн», – деп қадап айтқан екен.
Көшеге шығып қараңыз. Қазақша, тіпті орысша да емес, бір түсініксіз жазулар қаптап кеткен. Қытай, ағылшын, тағы басқа… Ал, көшедегі қазақ тілінде жазылатын жарнама мәтіндерінің басым бөлігі қатеге толы екені бәрімізге мәлім.
Тәуелсіздік алдық, егеменділікке ие болдық деп төсімізді керіп, бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ, отыз жыл өтсе де сөз, әрекет тәуелсіздігіне, әсіресе тіл тәуелсіздігіне қол жеткізбей келе жатқанымызды мойындауымыз керек. Ең сорақысы, мәжіліс және сенат отырыстары, әр дәрежедегі республикалық алқалы жиындар, конференциялар мен конгресстер осы күнге дейін басым көпшілігі орыс тілінде өтіп жатқаны барлығымызға айдан-анық. Бірен-саран шенеуніктер ғана анда-санда қазақ тіліне сүйенеді. Бүгінгі билік иелері бұл күндері «орыс тілді» және «қазақ тілді» делініп екі топқа бөлініп кетті. Таразыға салсақ, «орыс тілді» топ басым болып тұр. Олар өзінің ана тіліне шорқақ, ал ағылшын тілінде кез келген ағылшын азаматын шатастырып, сайрап тұр. Оларға не дерсің? Ана тілімізді білмей тұрып, басқа тілде бұлбұлша сайрағанынан не пайда? Ұлттық намыс, ұят, ар қайда? Елін, жерін, тілін құрметтеген, жанындай сүйген аварлық ақын Расул Ғамзатов «Егер ана тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөздері түсінген адамға қандай керемет сөз! Осындай ұлтжанды жанның біздің арамызда аз екеніне қынжылып, тіліңді шайнап, күйінумен қанша уақыт жүре береміз? Қайран да қайран қазағым!.. Қазіргі бишаралықтан, ынжықтықтан қашан, қалай құтыламыз? Не амал бар? Ана тіліміз босағадан қашанғы сығалап тұра береді?
Кейде, тіпті дүкендердің, мекемелердің, кеңселердің, ұжымның паспортын тек қазақ тілінде жазғанымыз орынды болар деген ой келеді. Қазақ елінде тұрып неге орынды, орынсыз өзге тілде жағаластырамыз? Кім бізге «тәйт» дейді? Неге әлі жалтақтықтан арыла алмай келеміз? Білім саласындағы аралас мектептердің мәселесін де тым соза бермей, таяу жылдары шешкеніміз жөн. Аралас мектептің залалы қазақ балаларына аяусыз әсер етуде. Ол да ойда болған жөн.
Қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын қандастарымыз бұрынғыдай қазақ мектептерін қойып, балаларын, немерелерін орыс мектептеріне беруде. Өйткені, орыс тілін білмейтін жастардың жоғары білімі бола тұра қазіргі өмірден орын табуы, қызметке орналасуы өте бұлыңғыр. Билік басындағылар орыс тілін терең білмеген, орыс тілінде құжат жүргізе алмайтын оларға осқырып қарайды, тіпті менсінбейді. Көптеген салада (медицинада, ішкі істерде, әскерде және т.б.) құжаттар, іс-қағаздары әлі тек орыс тілінде жүргізілуде. Сөйтіп ана тіліміз уақыт келе «өлі тілге» айналып кетпесе екен деген күдік сығалайды.
Әнеу бір жылдары жас балаларды үштілділікке (қазақ, орыс, ағылшын) үйретейік деген талап қойылды. Тіпті, сол жылдардағы сенатор Дариға Назарбаеваға үштілділік «тақиясын тар болып», «балаларымызға көршілеріміз қытай тілін де оқытуымыз керек» деп ұсыныс бергені есімізде. Айналайындар-ау, ойласаңдаршы, ақыл-сезімі, ой-парасаты қалыптаспаған жас бала қалай төрт тілді меңгереді. Барлық баланың қабілеті бірдей емес қой. Қарапайым қазаққа ана тілі тұрғанда, ағылшын, қытай тілі ертең керек пе? Неге соны сезінбейміз? Байқағанымыз, біздің елдің білім саласында жаңа реформаторлар жыртылып-айрылады. Әлгі, қазақтың «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп бүйректен сирақ шығарып, билікке көрініп қалғысы келген пысықайлар әртүрлі ұсыныс жасауға шебер-ақ. Әйтеуір, артын ойламайтындар, таяз ой түйетіндер бүгіндері басым болып тұр. Еріксіз ертеден, ата-бабамыздан, келе жатқан «Ит сүйек жұтарда, артына қарап жұтады» деген сөзі ойға келеді. Мына мың құбылған беймаза уақыт бізді қайда алып барар екен?
Намысым менің, намысым,
Қазақтың ары, нарысың!
Тілің мен дінің, діліңді,
Қорғай алмасаң бәрісің.
Рухың биік болсыншы,
Қазағым, менің намысым! – деп кезінде «Желтоқсан желі», «Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай» және де басқа әндерімен елге танылған, сазгер-ақын жерлесіміз Әбиірбек Тынәлиев әні еске түседі.
Авардың көрнекті ақыны Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабында мынадай бір оқиға баяндалады: «Күндердің күнінде Парижде бір дағыстандық суретшіні кездестірдім. Революциядан кейін іле-шала Италияға оқуға кетіпті де, итальян қызына үйленіп, еліне қайта алмай қалыпты. Тау ішіндегі дәстүрге үйреніп қалған әлгі дағыстандық жігіт көпке дейін өзінің жаңа отанына үйрене алмай жүріпті. Жер жүзін талай шарлап, алыстағы бөтен елдердің жарқ-жұрқ еткен астаналарында да болыпты. Бірақ, қайда барса да, туған елін аңсап, зарыққан сезім соңынан қалмай-ақ қойыпты. Осындай сезімнің бояу арқылы бейнеге қалай айналғанын көргім келді де, «өзің салған суреттерді көрсетші» деп өтіндім. Оның бір суретінің аты «Елді аңсау» екен. Суретте байырғы авар киімін киген итальянка (суретшінің әйелі) бейнеленген. Ол тау ішіндегі бұлақтың басында тұр, қолында атақты гоцатлин шеберлері нақыштап жасаған күміс құмыра. Тау баурайында қайғырып, тұнжырап тұрған авардың тас ауылы. Ауыл үстіне төніп тұрған таулар бұдан да бетер қайғырып, тұнжыраулы. Тау төбесін тұман басқан.
– Тұман, – деді суретші, – көздің жасы. Таудың баурайын тұман басқанда, тастың тілім-тілім әжімін бойлап, мөлдір тамшы ағады ғой. Тұман – бұл мен.
Екінші суреттен тікенек бұтаның басында отырған құсты көрдім. Ал, бұта болса, жалаңаш тасты қақ жарып шығып, өсіп тұр. Құс сайрап тұр да, оған өз үйінің терезесінен қайғылы бір тау қызы қарап тұр. Менің суретке назар аударғанымды байқап қалды да:
– Бұл аварлардың көне аңызының желісі бойынша салынған сурет, – деп түсіндірді суретші.
– Қандай аңыз бойынша?
– Құсты ұстап ап, торға қамап қойыпты. Торға түскен құс күні-түні бірдей: «Елім, елім, елім, елім, елім», – деп еңкілдей беріпті… Соңғы жылдар бойы тап осылай еңкілдеп-қақсап жүрген мен сияқты… Құс иесі ойлапты: «Мұның елі қандай екен, ол қайда болды екен? Мүмкін, мұның елі жұмақтағы ағаш өсіп, жұмақтағы құс мекендейтін гүл жайнаған тамаша бақ секілді шығар? Мен осы құсты далаға қоя берейін де, оның қай жаққа ұшып кеткенін көрейінші. Сонау алыстағы ғажап елдің жолын көрсетсін маған» деп ойлап, тордың қақпағын ашып, құсты босатып жіберіпті. Құс он қадам ұшып барыпты да, жалаңаш тасты қақ жарып, өсіп тұрған тікенек бұтаға қоныпты. Осы бұтаның жапырағының арасында оның ұясы бар екен. Мен де өз еліме, өзімді-өзім қамаған тордың терезесінен қарап жүрмін ғой, – деп аяқтады әңгімесін суретші.
– Елге неге қайтқыңыз келмейді?
– Кеш қой. Кезінде туған жерімнен жанып тұрған жас жүрегімді алып кетіп едім. Енді еліме қаудыраған қу сүйегімді қайтаруға хақым бар ма менің? Парижден оралысымен, әлгі суретшінің туған-туысқандарын іздеп, тауып алдым. Таңғалғаным сонша, оның шешесі әлі тірі екен. Суретшінің туған-туысқандары шатырсыз тоқал тамға жиналып алып, өздерінің елден безіп кеткен, туған жерін жат жерге айырбастап жіберген ұлы жайындағы әңгімемді күңіреніп, қайғы-қасіретпен тыңдады. Бірақ, маған ұлына кешірім еткен секілді болып көрінді. Олар оның тірі жүргеніне қуанды ма, қалай, әйтеуір кенеттен шешесі:
– Сендер аварша сөйлестіңдер ғой? – деп сұрады менен.
– Жоқ. Біз тілмаш арқылы сөйлестік. Мен – орысша, ал сенің балаң – французша.
Ұлының өлгенін жаңа ғана естігендей боп, суретшінің шешесі бетін қара орамалмен жауып ала қойды. Үйдің шатырын тырсылдатып, далада жаңбыр жауып тұр. Біз Аварда тұрмыз. Ал, жердің екінші жағында, Парижде Дағыстанның адасқан ұлы да, мүмкін дәл осы сәтте жаңбырға құлақ салып отырған шығар… Біраз үндемей отырғаннан кейін, суретшінің шешесі айтты:
– Сен қателестің, Расул, менің ұлым баяғыда өліп қалған. Сенің көргенің – менің ұлым емес. Менің ұлым өзім үйреткен, авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес!».
P.S. Авардың ұлы авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес екен. Қазақтың ұлы ше? Ол үшін қазақтың анасы қазақ тілінде сөйлеуі керек шығар, бәлкім?..
Жаңа қабылданған Конституциямыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын етіп жазылған. Қазақ тілі – мемлекеттігіміздің негізі, елдігіміздің айғағы. Ол – ұлттың рухани болмысын айқындайтын басты құндылық. Мемлекеттік тіл – ел Тәуелсіздігінің тірегі. Оны дамыту мен қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолдану – елдің ұлттық бірегейлігі мен ішкі тұрақтылығын сақтаудың және рухани өркендеудің негізі. Қазіргі жаһандану дәуірінде көптеген ұлт пен халықтың ана тілі ақпараттық кеңістіктегі бәсекеге қабілетсіздік салдарынан қолданыс аясынан шығып қалу қаупімен бетпе-бет келіп отыр.
Қазіргі кезде елімізде қалыптасқан тілдік ахуал, мемлекеттік органдар мен мекемелерде іс жүргізуде қазақ және орыс тілдерінің қолданылуы туралы жоғарыда айтылған мәселелер ел арасында кеңінен насихатталуы керек. Мемлекеттік тілдің қолданылуына тек заңмен ғана емес, қоғамдық сана арқылы да сұраныс туындауға тиіс. Өкінішке қарай, кей азаматтар қазақ тіліне тек ресми талап ретінде, қажет болмаса қолданылмайтын тіл ретінде қарайды. Бұл көзқарас тілдің күнделікті өмірдегі беделіне кері әсерін тигізуде.
Мәселе тек тіл үйретуде емес, тілге деген қажеттілік пен құрметті қалыптастыру. Бұл – отбасыдан, балабақшадан, көше мәдениетінен басталатын кешенді үдеріс.
Қазақ тілінде сапалы әрі тартымды медиа өнімдердің тапшылығы, әсіресе жастар арасында тілдік қызығушылықты төмендетіп отыр. Жасөспірімдердің көпшілігі орыс немесе ағылшын тіліндегі контентті тұтынуды қалыпты санайды. Бұл – тілдік орта әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту – тек мәдени немесе саяси мәселе емес, ұлттың болашағы үшін жүзеге асуға тиіс стратегиялық міндет екенін естен шығармауымыз керек. Қазақ тілін қадірлеу – өткенге құрмет, болашаққа қамқорлық.
Осы біз бүгінгі мақалада көтерген мәселе тиісті органдардың – тілдерді дамыту және ономастика бөлімдері мен комитеттерінің қызметкерлерінің ойында жүрсе артық болмас еді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
ТАРАЗ.









