«Айқап» журналының ұлттық сананы оятудағы рөлі

0
57

XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында елде ағартушылық бағытты дамыту және мәдениетті қайта құру басты мақсат болды. Ұлт зиялылары бұл тұрғыда үлкен жұмыстар атқарды. «Үндеместің үні қатты» дегендей, патша үкіметіне ойын тіке айта алмай, айтса өлер күні алыс емес екенін білген қазақ оқығандары сол кездің баспасөзі арқылы көкейін тесіп, ойын мың бұралтқан әңгімелерін жеткізген.

Қазақ мерзімді баспасөзінің бастауы «Түркістан уәлаятының газеті» (1870) екендігін білеміз. Патша үкіметінен бірнеше айыптау алып, авторлары қуғындалып, бір нөмірі ғана шығып, жабылып қалған бірнеше газет-журнал болды. Үкімет түсініп қоймасын деп астарлап жазылған жазбалар қазақтың көзін ашуға ұмтылды, алайда халықтың енжарлық пен надандықтың қалың пердесін бірден ысыра алмады. Соның салдарынан Мұхамеджан Сералин «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар!? «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп», – дейді. Соған байланысты қазақтың өкінішін білдіретін Мұхамеджан Сералиннің жетекшілігімен «Айқап» атты журнал жарық көрді.

«Айқап» журналының ұлттық сананы оятудағы басты қызметі – халықтың көзін ашып, оны заман ағымына сай даму жолына салу, өз жерінің, білімнің және болашағының иесі екенін ұғындыру болды. Журнал бұл мақсатты бірнеше негізгі бағыт арқылы жүзеге асырды: қазақ қоғамының арызы мен мұқтажын билік орындарына жеткізу, халықтың санасын оятып, оларға білім, мәдениет және өнердің маңызын түсіндіру, көшпелі өмірден отырықшылыққа, егіншілік пен кәсіпке көшуді насихаттау. Жер мәселесі көптеп қозғалған мәселелердің бірі. «Айқаптың» 1911 жылғы 2-нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ өкпесі» атты фельетонында: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан алған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз? Оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытатын қазақ, бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді» деп жазады. Бұл фельетон ұлттық сананы оятудың ең шарықтау шегін көрсетеді. Халықты уақытша тоқтыққа алданбай, ата-баба жерін сақтап қалуға және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады.

Тағы да жер мәселесіне байланысты «Айқаптың» авторы Мағжан Жұмабаевтың «Жатыр» атты өлең жолдарын мысал ретінде келтіруге болады:

Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана жұрт билеген адамдары,
Тәңірі күннен-күнге орып жатыр. Өлең жолдарының қандай ауыр сөздермен, яғни қазақ халқын ояту мақсатында жазғаны көрініп-ақ тұр. Білімнің жетіспеушілігінен мынадай өлеңдердің өзі халықты орнынан қозғамағаны өкінішті. «Айқап» журналының әр ай сайынғы басылымында алғашқы саны жер мәселесіне арналғанын байқадық.

Осы тұста «Айқаптың» атқарған еңбегі өте үлкен. Қанша қиындық болса да берілмей, 1915 жылға дейін журналдың шығуын қамтамасыз еткен Мұхамеджан Сералиннің еңбегі зор.

«Айқап» – XX ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық санасын оятуда және елді заман ағымына сай даму жолына түсіруде, халықты жәй жатпай барлығын уақытында түсінуге итермелеуінде орасан зор тарихи рөл атқарған басылым. Патша үкіметінің саяси қысымы мен ішкі надандыққа қарамастан, журнал төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары халықтың шынайы үні бола білді. Басылым ағартушылық бағытты ұстана отырып, білім мен мәдениетті таратуды, отырықшылық пен кәсіпке көшуді, сондай-ақ ел тағдыры мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті, соның ішінде жер мәселесі мен әйелдер теңдігін қалыптастыруды басты орынға қойды. Ондағы өткір де мағыналы мақалалар бұқараның саяси-әлеуметтік көзқарасын қалыптастырып, елдік мәселелерге сергек қарауға үндеді. 1915 жылға дейін жарық көріп, қоғамда терең серпіліс тудырған «Айқап» журналы қазақ халқының рухани қайта өрлеуіне жол ашып, кейінгі ұлт-азаттық идеялардың берік негізін қалап кетті.

Жанерке ТАЙМАН,
ҚазҰУ-дың І курс студенті

Ғылыми жетекші:
филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Римма Жақсылықбаева

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here