

Отыншы Әлжанов (1873-1918) – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, ағартушы, публицист әрі фольклор зерттеушісі.
ҰЛТ ҮШІН КҮРЕСКЕН ҚАЙРАТКЕР
Отыншы Әлжанұлы 1873 жылғы 12 тамызда Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлжан Сақауұлы дәулетті әрі ықпалды болыс болған. Ол баласының білім алып, ел қатарлы азамат болып қалыптасуына айрықша мән беріп, оны өнер-білім жолына баулыған.
1882-1887 жылдары Отыншы Зайсандағы қазақ балаларына арналған бастауыш мектепте, 1887-1890 жылдары Омбы уездік училищесінде оқыды. 1894 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын тамамдап, мұғалім мамандығын алды. Оқу кезінде қолөнерге де бейім болып, осы пәннен мақтау қағаздарын алғаны туралы да деректер бар. Семинарияны бітіргеннен кейін Дала генерал-губернаторы кеңсесінде қызмет атқарды. 1895-1897 жылдары Ақмола облыстық сотында аудармашы болды. 1897 жылы Атбасар уезінде өткен бүкілресейлік халық санағын жүргізу жұмысына шамамен үш ай қатысқан. Кейін, 1898-1907 жылдары Омбы округтік сотында аудармашы қызметін атқарды.
Отыншы Әлжанов семинарияда оқып жүрген кезінен бастап «Дала уалаяты» газеті мен басқа да басылымдарда оқу-ағарту мәселелері және қазақ халқының әлеуметтік жағдайы туралы мақалалар жариялады. Еңбектерінің бірқатары «Бабайбүркіт», «Орта жүз», «О.Ә.» деген бүркеншік есімдермен жарық көрген. Ол «Қырғыз (қазақ) балаларын тәрбиелеу туралы әңгімелер» сияқты еңбектерінде бала тәрбиесі мен халыққа білім беру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ «Қарынбайдың хикаяты», «Күшік пен мысық», «Бақсы мен дуана» секілді сатиралық шығармалар жазған. Әртүрлі тақырыптағы мақалаларында халықтық педагогиканың қырларын сөз етіп, заман талабына сай білім мен мәдениетке ұмтылудың маңызын атап көрсетті.
1905 жылы Санкт-Петербургте өткен Шығыс халықтарын оқыту мәселелеріне арналған ерекше мәжілісте Отыншы Әлжанов Дала өлкесіндегі қазақ мұғалімдерінің атынан сөз сөйлейді. Ол қазақ мектептерін қадағалайтын инспекторлық қызметтерге қазақ мұғалімдерін тағайындау, олардың құқықтарын қорғау және діни пәндерден сабақ беретін мұғалімдердің жалақысын орыс мұғалімдерінің жалақысымен теңестіру секілді мәселелерді көтерді.
Мәжілістен оралған соң, туған халқына қызмет етуді мақсат тұтқан Отыншы Әлжанов А.Е. Алекторовтың көмегімен 1907 жылы Көкпектідегі екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол мектеп жұмысын жүйелеуге күш салып, жаңа әдіспен оқытатын болыстық мектептер ашуға кірісті. Сот пен мектептегі қызметі оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына және ағартушылық бағыттағы тәжірибесінің артуына ықпал етті.
Көкпектіде жүргенде Отыншы ұстаздықпен ғана шектелмей, әділетсіздік көрген қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтап, оларға көмек көрсетті. Қала маңындағы жайылымдық жерлерді орыс қоныстанушылары мен татар көпестерінің ақысыз пайдалануы жергілікті қазақтардың құқығына нұқсан келтірді. Отыншы бұл жағдайға қарсы заң аясында әрекет етіп, жерлестерінің мүддесін қорғауға тырысты. Оның әділетті әрекетінен қауіптенген кейбір адамдар үстінен арыз түсіреді. Соның салдарынан Отыншы Әлжанов 1909 жылғы шілдеде тұтқындалып, Семей түрмесінде екі айдай ұсталғаннан кейін сотсыз әрі дәлелсіз бес жыл мерзімге Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударылған.
ҚЫРЫҚ БЕС ЖАСЫНДА ОПАТ БОЛҒАН ОҒЛАН
Патша өкіметі құлағаннан кейін Отыншы Әлжанов Уақытша үкіметтің Лепсі уезіндегі комиссарының орынбасары болды. Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласты. Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Съезде қазақ милициясын құру жоспары бекітіліп, оның әр облыстағы саны, даярлау тәртібі мен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі қарастырылды. Бұл туралы мәлімет «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 250-нөмірінде жарияланғаны құжатта көрсетіледі.
Съезден кейін Жетісу мен Сырдария облыстарының уездерінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында атты милиция жасақтары құрыла бастады. Лепсі уезіндегі милицияны ұйымдастыру ісі Отыншыға жүктелді. Ол Жетісудағы қазақ әскери жасақтарын құруға және сарбаздарды даярлауға атсалысты.
Алғашқы Алаш полктері Лепсі уезіне қараған қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Мақаншы, Таскескен, Аягөз және Лепсі өңірлерінде ұйымдастырылған. 1918 жылдың басынан бастап Тарбағатайдың күнгей бетінде де Алаш жасақтары құрыла бастады. Құжатта Көктұмада жасақтар алты ай бойы дайындықтан өтіп, Жетісу майданына аттандырылғаны айтылады.
Отыншы Әлжанұлы әскери дайындыққа ерекше көңіл бөлген. Сарбаздар атыс, қылыштасу, окоп қазу, қорғану және ат үстінде қару қолдану тәсілдерін үйренген. Сондай-ақ, оларға «Алаш гимні» үйретілгені туралы сенімді дереккөздерде баяндалған.
Лепсі маңындағы ұрыстарда Отыншы Әлжанов Алаш полкіне тікелей басшылық жасап, қызыл әскерге қарсы шайқастарға қатысқан. Азамат соғысы жылдары Лепсіде жұтаған халыққа көмек көрсету комитетін құрған. Оның мақсаты – күйзеліске ұшыраған елді ақтар мен қызылдардың тонаушылық әрекеттерінен қорғау болған. Кеңес өкіметімен ымыраға келмеген Отыншы Әлжанов 1918 жылғы 21 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданының Науалы ауылында қызыл әскердің атты жасағы қоршауында қалады. Құжатта баяндалуынша, ол диірменнің үстіне шығып, қол пулеметімен қарсы жаққа оқ жаудырған. Диірменді ала алмаған әскер ғимаратты өртеген. Жалынға оранған шатыр құлап, Отыншы екі серігімен бірге сол алапат майданда қаза тапқан.
Отыншының қазасы туралы Семейдегі Алашорда үкіметіне Б.Маметов пен И.Жайнақов хабарлаған. 1918 жылы Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде «Тағы құрбан» атты мақаласын жариялап, Алаш қайраткерінің қазасын қайғыра баяндайды. Мақалада оның ел үшін атқарған еңбегіне жоғары баға берілген.
Отыншы Әлжанов – ұлттық мүддені қаламмен де, қарумен де қорғаған қайраткерлердің бірі. Ол қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күресіп, ағартушылық қызметі мен саяси ұстанымы арқылы тарихқа өшпес із қалдырды. Оның өмір жолы – елге қызмет етудің, әділеттілікті қорғаудың және ұлттық мұратқа адал болудың жарқын үлгісі.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қорыта айтқанда, Алаш әскерінің Жетісудағы күресі мен Отыншы Әлжанұлының әскери қолбасшылық таланты – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресінде маңызды тарихи кезеңдердің бірі ретінде бағалануы тиіс. Бұл оқиғалар Алаш қозғалысының қарулы күші мен оның қазақ жерін қорғаудағы рөлін көрсетеді. Ол басқарған әскери операциялар ұлттық сана мен азаттық үшін күрестің тарихи беттерін айшықтап, оның есімін ұлт тарихында мәңгі қалдырды.
Осыдан біраз жылдар бұрын Алаш қайраткерінің есімін ұмыттырмай халық жадында жаңғырту үшін өзінің туған ауылында бір көшеге оның есімі берілді. Сондай-ақ, Үржар ауданында оған ескерткіш орнатылды. Дейтұрғанмен, жалпы ел бойынша Отыншы Әлжанұлының есімін ұлықтауымыз керек.
Шара БОЗДАҚОВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері










