«Еңбектің» наны тәтті: Мемлекет қолдауымен кәсіп бастаған шымкенттіктер

0
3011

Еліміздің үшінші мегаполисі карантиндік шектеулер мен жалпы экономикалық өзгеріс жағдайына қарамастан өткен жылы шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамикалық көрсеткішке қол жеткізді. Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков қаладағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2020 жылы 69 781 бірлікті құрап, өткен жылы 101,6% өсімді көрсеткенін айтады. «Ал, бұл жылы субъектілер санын 77 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылы – 160 916 адамды құраса, бұл жылы көрсеткішті 170 мың адамға жеткізу жоспарлануда», – дейді басқарма басшысы.

Береке Талғатұлының айтуынша, өндірілген өнім көлемі, оның ішінде тауарлар мен қызмет көрсетулер – 402,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артқан. Биыл бұл көрсеткіштегі өнім көлемін 1 080 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Сандар көрсеткішінен көріп отырғанымыздай, миллионды қалада шағын және орта бизнес, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалған. Қалалық жұмыспен қамту орталығы баспасөз бөлімінің жетекшісі Мая Алибжанованың айтуынша, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде 7722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқу курстарында білім алған. Біз солардың бірқатарының кәсібіне тоқталып өткіміз келеді.

КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ – ЖАҢАШЫЛ КӘСІП ТҮРІ

Қазіргі таңда өз қызметін мамандандырылған онлайн платформаларда, БАҚ арқылы берілетін жарнамалар арқылы көрсететін жеке кәсіпкерлік түрлері дамыған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін үйде отырып жұмыс жасау немесе қызмет көрсету әрқашан да ыңғайлы бола бермеуі мүмкін. Ал, кеңсе жайды жалға алу мұндай азаматтарға қымбатқа түсуіне байланысты «коворкинг» орталықтары кеңінен қолданысқа ие бола бастады. «Коворкинг» сөзі (ағылшынның co-working) – «бірлесіп жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді.

Коворкинг бағыты туралы естіп-білген бастауыш кәсіпкер – Әлібек Шолпанқұлов миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласында жаңашыл кәсіп түрі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер үшін коворкинг орталығын ашуға бел буады. Коворкинг орталығын ашу үшін қажет ғимаратты тапқаннан соң, ғимаратты қайта құру мен жабдықтауға қаражат қажет болады. Содан мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, нәтижесінде 2018 жылы жас кәсіпкер «SCRUM» деп аталатын коворкинг орталығын ашты.

Қазір бұл орталық кәсіпкерлерге жүйелі түрде өсу және даму мүмкіндігін беретін, кәсіпкерлерді жұмыс орнымен қамтамасыз ететін халықтық желі болып табылады. Ал, Әлібек Шолпанқұлов болса өзгеге көмектесу арқылы өзінің кәсібін дөңгелетіп отырғанына марқайып жүр.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ – КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ДАМУЫНА ЖОЛ АШАДЫ

Жарнама – сауданың қозғаушы күші. Шымкент қаласындағы «ERNIYAZ media group» компаниясы көп клиент жинайтын жарнама әзірлейді.

Компания 2006 жылдан бастап көптеген жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Өнімдері ішкі нарықты қанағаттандырып отыр. Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы алғашқы жарнамалық және өндірістік компаниялардың бірі ретінде өнімдері Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Қостанай және Ақтау қалаларына да жөнелтіледі. 

2018  жылы кәсіпорын басшысы «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының көмегімен «Ырыс МҚҰ» ЖШС-нен 6%  несие рәсімдеп, өндіріс орнын жаңа жабдықтармен толықтырды.

Кәсіпорын заманауи жабдықтармен, технологиялық мүмкіндіктердің арқасында сапалы өнімдер өндіріліп, түрлі топтағы тұтынушылардың сеніміне ие болды. 

Табысты кәсіпкер, кәсіпорын басшысы Ербол Дайрашовтың сөзінше, мемлекеттің кәсіпкерге көрсеткен қолдауы кәсібінің дамуына, сапалы өнім өндіруіне және өркендеуіне жол ашады.

Биыл компания өзінің 13 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алда тағы көптеген жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Шығармашылық тобы жұмыс көлемін ұлғайтып, қысқа бейнелер түсіре бастамақ. Кәсіпкер болашақта өзін киноиндустрия саласында сынап көруді жоспарлап отыр.

ЛОГОПЕДИЯЛЫҚ КАБИНЕТ АШҚАН САНА

Шымкент қаласының тұрғыны Сана Мамырова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ-бағыты бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ол өткен жылы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, маусым айында 21 күндік «Бастау бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. Кейіннен қайтарымсыз грантқа «Логопед-дефектология кабинетін» ашу бойынша комиссияға бизнес-жоспарын ұсынып, өтінім білдірген.

Нәтижесінде Сананың жобасы мақұлданып, қыркүйек айында 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды. Сол қаржыға Темірлан тас жолы бойында орналасқан «Jak-med» медициналық орталықтың ішінен логопедиялық кабинет ашты.

Сана Ердәулетқызы медицина академиясын тәмамдаған дефектолог-логопед. Сонымен қатар, Ресейдегі Екатеринбург қаласында мемлекеттік медициналық университетте «микрополяризация әдісі» бойынша білім алған жас маман. Былтырдан бері қаладағы дефектологиялық кемшіліктері бар балаларға логопедиялық сабақ үйретуде.

Кәсібін одан әрі дамыту мақсатында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айына бір рет арнайы конкурс ұйымдастырып, жеңімпазға микрополяризация курсын, логопедиялық сабағын тегін ұсынып жүр.

САНДЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫН АШҚАН ШЕБЕР

Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. Осы бағдарламалар арқасында бүгінде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артып келеді. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Бекжан Ерназаров. Жасы 32-де. Ол былтырғы жылдың шілде айында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алып, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізген. Нәтижесінде бизнес жобасын сәтті қорғап, қыркүйек айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа ие болды.

Жас шебер қазіргі таңда  сандық шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды, қыз-жасау және т.б. заттарды жасауды қолға алған. Бекжан бұл шеберлікті өзі үйренген.

«Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай  ою-өрнегі бар сандықтардың болуы керек», – дейді жас кәсіпкер. Алдағы уақытта өз ісін дамытып, сапалы жиһаздарды жасауды да жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласында өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам азаматтың әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болған. Мемлекеттік грант негізінде қайтарымсыз қаражат алған қала тұрғындары өз істерін бастап отыр. Олар көбінесе тігін, қолөнер шеберханасы, кондитерлік өнімдер әзірлеу мен мал шаруашылығына таңдау білдірген.

ЖЕКЕ ТІС ЕМДЕУ КАБИНЕТІ БАР СТОМАТОЛОГ

Шымкенттік 28 жастағы дәрігер-стоматолог Бекмұрат Мехманқұловтың қазір сұранысқа сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жеке тіс емдеу кабинеті бар. Қарағанды медицина университетінің түлегі мақсатын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жүзеге асырған.

Жас маман Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп, «Еңбек» бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренеді. Қорытындысы бойынша сертификат алған соң, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылдық пайызы 6%-дан аспайтын 5 млн теңге несие рәсімдейді. Алған қаражатына стоматология кабинетіне қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алған. Қосымша екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 5 жыл болып қалды. Стоматология ісінде жыл сайын жаңалықтар енгізіледі. Заманауи құрал-жабдықтар шығарылады. Көштен қалып қоймауың керек. Алайда, олардың барлығын сатып алуға қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болады. Тәуекелге бел буып, «Еңбек» бағдарламасына қатысып, білімімді жетілдірдім. Тиісті құжаттарды тапсырдым. Нәтижесінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Жалпы, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының азаматтарды жұмыспен қамту басты міндеті орындалып жатыр», – дейді Бекмұрат Мехманқұлов.  

ОҚУ КУРСЫН АШҚАН ТІЛ МАМАНЫ

Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Зайдинова – «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша былтыр қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Жас маман алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан кейін «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдап, сертификатқа ие болған. Үміткер қайтарымсыз грант алу үшін комиссияға оқу орталығын ашу бойынша бизнес-жоспарын ұсынады. Нәтижесінде жобасы мақұлданып, қараша айында 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды.

24 жастағы ағылшын тілі маманы Ғалия Зайдинова қазіргі таңда оқу орталығында 15-ке жуық шәкіртке ағылшын және орыс тілінен сабақ беруде. Алдағы уақытта қала аумағында бірнеше оқу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктегені баршаға мәлім. Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстың ең негізгісі екенін, осы ретте «Бастау бизнес» бағдарламасының аясы кеңейетінін шегелеп айтты. Ал, Президент тапсырмасын орындауда елдің үшінші қаласы жақсы көрсеткіштерге ие болып отырғанын жоғарыдағы мәліметтерден аңғардық.

Мөлдір Мамырбайқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here