Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіріп отырғандығын, есірткіге қарсы күресті күшейтуді тапсырғаны баршамызға белгілі.
Бүгінде жастар мен жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге құмарлық өршіп барады. Осы ретте, жас ұрпақтың санасын улаған психотропты дертпен күресте атыраулық полиция қызметкерлері тарапынан бірқатар шаралар жоспарланып, жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері атыраулық полицейлер есірткіге қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру, есірткіні қолданудың денсаулыққа зияндылығын түсіндіру бойынша 500-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізген.
Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Адлан Нұриденовтың айтуынша, Полиция департаменті әкімдікпен және прокуратурамен, сондай-ақ мемлекеттік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді.
– Героин мен марихуана сияқты «дәстүрлі» есірткілерді қара нарықтан шығарған сайын арзан әрі тез дайындалатын синтетикалық есірткі өндірісі жанданып тұр. Ал, есірткінің бұл түрін қолдану – жас ұрпақтың өмірі үшін орасан зор қауіп. Себебі, мұндай синтектикалық есірткіні қолданған жастарда есірткіге тәуелділік қаупі басым. Қазіргі синтетикалық заттар екінші қолданудан бастап тұрақты тәуелділікті тудыруы мүмкін. Оны қолданған адамдарда психологиялық және физикалық тәуелділік бар. Бір сөзбен айтқанда, оны қолданған адам бір сәтте бұл әлемнен өзін-өзі жоғалтады. Сол себепті есірткіге қарсы алдын алу шараларын тұрақты түрде әсіресе жастар арасында жүргізу біз үшін маңызды, – деп атап өтті полиция капитаны.
Атыраулық полицейлер есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін ҚР Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгендігі жөнінде ескертеді.
Асылай ЖҰМАЖАНОВА,
Атырау облысы полиция департаменті
Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы,
полиция лейтенанты