Джиу-джитсу спорт түрі бойынша Абу-Дабиде (БАӘ) өткен әлем чемпионатында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» анықталды. Сайдың тасындай іріктелген спортшылар сыналған сайыста чемпион атанған Самат Айтпанбеттің есімі қазақстандық қоңыр белбеу иегерлерінің арасындағы ең алғашқы Әлем чемпионы ретінде спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Ал, Алматы облысындағы Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының мүшесі 56 келіге дейінгі салмақта жалпы 4 жекпе-жек өткізді.
«Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бірінші жекпе-жекте қатты уайымдадым, өзімді толық көрсете алмадым. Дегенмен, кейінгілерінде өз-өзімді жинақтап, ауырту, қылқындыру әдістерін қолданып, уақытынан бұрын жеңіске жетуге тырыстым. Қолдау көрсетіп жатқан барша ағайынға және жаттықтырушыма алғыс білдіремін», – дейді Самат Айтпанбет.
«Бұл тек бір ғана спортшының емес, тұтас команданың жеңісі. Қазақ еліне ортақ жеңіс. «Qazaqstan Top Team» академиясының Бас жаттықтырушысы Адам Фоксқа қолдау көрсеткені үшін және осы спорт түрін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген академия Президенті Арлан Шабдарбаевқа ризашылығымды айтқым келеді. Алматы облысы Іле ауданында Джиу-джитсу спорт түрін дамытуда елеулі еңбек етіп жүрген Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының Президенті Тұрымбетов Ерболат мырзаға алғыс білдіремін. Үміт күттіретін шәкірттеріміз әлі де көп. Әрі қарай жаттығу жұмыстарын жүргізіп, елімізді әлемге талай танытамыз деген ойдамын», – деп чемпионның жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров өз әсерімен бөлісті.
Айта кетейік, аталмыш жарыс 2020 жылдың желтоқсан айында өту керек болатын, пандемияның әсерінен сәуір айына ауыстырылды. Сонымен қатар, жарыс тек ересектер арасында өткенін хабарлаймыз.