Қара індет: «Спутник V» вакцинасын ойлап тапқандар арасында қазақтың да үлесі бар

0
2697

Атам заманнан аурудың жазылмайтын бір түрін екінші түрі алмастырып  келген. Туберкулезге ем табылғанда обыр кеселі шықты. Оны да ауыздықтаудың жолы тақау қалды. Одан соң СПИД сырқаты шықты, оның да  шешімі  табылды. Алайда, жазылмайтын кеселге ем табылғанда, келесі бір жаңа кесел түрі шықты. Қазір бүкіл дүниежүзінің дәрігерлері тосыннан  келген ажалмен бетпе-бет қалып отыр.

Тарихқа оралайық. Өткен ғасырда Еуропаны қара түнек басып,  теңдессіз апат орын алды. Адамзатқа тосыннан келген апаттан Еуропа халқының үштен бірі қайтыс болды. Тосыннан келген індет 2-3 жыл ішінде  басылмады. Оба індеті, «қара өлім» әлемді торлап алды.

«Әрбір ғасыр алмасқан сайын планетада пандемия өрши түседі» деген жазылмаған заңдылықты ескерсек, адамзат COVID-19 сияқты дауасыз дертпен осыдан 100 жыл бұрын да бетпе-бет қалғанын қайда қоямыз? Тарихта тіркелген ақпараттарға сүйенсек, бұл індетті «испан тұмауымен» салыстыратындар бар.

ХХ ғасырда әлем халқын бір сілкінтіп алған сол тұстағы пандемия халықты екі жыл әуре-сарсаңға салған. Адамзаттың есін шығарған осы екі инфекцияның ұқсастығы неде?

«Испан тұмауы» мен COVID-19 сырқаты арасындағы адам өлімінің басты ерекшелігіндегі ұқсастық цитогенді дауылда екен. Бұл түсінік – иммунитеттің өзгеруінен пайда болатын адамға қарсы агрессия дегенді білдіреді. Мұндағы басты ұқсастық өкпемен байланысты болып отыр. Иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясынан тыныс алу жолдарының жұмысы ауырлап, содан сырқатқа шалдыққан адамдардың қайтыс болған оқиғалары көп болған. Ғасыр басында болған сырқатты ғалымдар бактериялық пневмония, өкпе обасы деп атады. Соның салдарынан сол тұста науқастанған жандар көп қайтыс болған. «Испан тұмауымен» сырқаттанғандар саны бүгінгі коронавируспен науқастанғандарға қарағанда 10 есе, ал қайтыс болғандар саны 20 есе көп болған. Себебі, ғалымдар аурудың себеп-салдарының бетін аша алмаған. 1918-1920 жылдардағы «испан тұмауы» пандемия кезінде адамның сары безгек вирустық инфекциясына шалдыққаны белгілі болған. Оны 1902 жылы американдық ғалымдар Уолтер Рид пен Джеймс Кэррол ашты. Алайда, сол кезде вирусты ешкім «ұстап» көрген жоқ болатын. Сол тұста қолданыстағы оптикалық микроскоп оның нендей материалдардан тұратынын анықтай алмады. 1933 жылы электронды микроскоп пайда болды. 1939 жылы жаңа пайда болған микроскоппен осыдан жарты ғасыр бұрын дәрігер эпидемиолог Ивановский ашқан темекі теңбілінің вирусын тапты. Осыдан 4 жыл бұрын американдық Уэнделл Стэнли құр елес болып көрінген вирустың ақуыз табиғаты барын анықтаған еді. Оны сол кезде қайтыс болған адамдарды эксгумация жасап, оны зерттеу жүргізу арқылы анықтады. Осылайша, «испан тұмауы» нақты дәлелдермен «қылмыс үстінде тұтқындалды».

Еуропалықтар оның эпидемия екенін білді. Бұл ауру крест жорықтары кезінде бірнеше рет байқалған болатын. Сол кезде адамдардың алапес, шешек сияқты аурулардан запы болып жатқан  кезі-тін. Тіпті, қарапайым тонзилиттің өзі адамдарды  қан  құстырып  жатқан-ды. Өкпе қабынуы мен туберкулез де екі жақтан қылғындырып лоқдаунға алып жатты.

1893 жылы қаңтар айында Үндістанның Бенгалия провинциясында аяқ астынан тырысқақ ауруы тез тарап кетті. Барлық жер қаңырап бос қалып, көше ілезде адамдардың өліміне толып кетті.

Бұл жерде жалғыз құтқарушы – вакцина еді. Жалпы, вакцина тарихына үңілсек, азиялық көшпелілер ерте дәуірлерде-ақ адам мен малға екпе жасау арқылы оларды қатерлі аурулардан сақтандырып отырған. Екпе –микроорганизмдерден алынып, ол адам мен жануарлар организмдерін жұқпалы сырқаттардан сақтандыру үшін егілетін препараттар. Бұлар өз кезегінде организмнің иммундық күшін арттыруға қауқарлы саналды.

Вакцина – медицина саласындағы айтулы жетістіктердің бірі. Оның көптеген мысалдары бар. Вакцинаның арқасында әлемде шешек сырқаты жойылды. Осыдан 20 жыл бұрын әлем бойынша көптеген мемлекетте полиомиелит дерті өршісе, қазіргі уақытта вакцина арқылы оның таралуы  азайды. Вакцина егу арқылы қызылша, қызамық, дифтерия, гепатит ауруларының жұғу деңгейі төмендеді. Олардың қаупі әлі де жоғалған жоқ.  Бірақ, әсері әлсіреді. Қазіргі коронавирус дерті де солардың бірі. Дегенмен, оның ықпалы адамзатқа бұрын-соңды болмаған жойқын болып тұр.

Бұл жолы медицина тосыннан келген тажалға қарсы препаратты тез ойлап шығарды. Сырқатқа қарсы вакцина табылып, індеттің алдын-алу мақсатында жаппай екпе алу жұмыстары басталып кетті. Бұл – қазір  тарихта ең ірі вакциналау науқаны болып тұр. Қазір онымен бүкіл әлем болып күрес жүріп жатыр. Бұған дейін жазылмайтындай болып көрінген кеселге ем табылып қалар дегенбіз. Бүгін сол мақсатымызға жетіп отырмыз. Осыған орай, әлем ғалымдары ауруға қарсы тұрар жаңа вакцина ойлап табуға күш біріктіруге  жұмылды. Нәтижесінде, вирусқа қарсы вакцина өмірге келді. Оны алғашқы болып ресейлік Гамалея орталығы ойлап шығарды.

Вирусологтардың бүкіл тобы ресейлік «Спутник V» коронавирустық вакцинасын жасауда күндіз-түні жұмыс жасады. Олардың арасында қазақстандық ғалым Ілияс Есмағамбетовтің де еңбегі бар. Қазақстандық  бұқаралық ақпарат құралдары ол туралы енді жаза бастады. Қазір «Спутник V» препаратына әлем бойынша сұраныс артып отыр. Ол туралы әңгімемізді  жалғастырмас бұрын оған қатысқан қандасымыз жөнінде айта кетуді жөн көрдік.

Вирусолог ғалымның тарихи отаны – Қазақстан. Оның ата-анасы еліміздің  Шымкент өңірінен Ресейге білім іздеп барып, осы өңірде тұрақтап қалған.  Вирусолог ғалымның әкесі Болат Есмағамбетов – кезінде Бауман университетінде оқыған, содан кейін аспирантура тамамдаған. Ілиястің әкесінің мамандығы аэроғарыштық технологиялармен байланысты. КСРО құлағанға дейін ол Ресейде жұмыс істеген. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанға оралған.

Болашақ вирусолог Ілияс Есмағамбетов – Мәскеу облысында дүниеге келген. Қазақстанға жиі келеді. Осында әкесінің туыстары тұрады. Оларды Қазақстанның төрт қаласынан – Шымкенттен, Алматыдан, Байқоңырдан және Нұр-Сұлтаннан кездестіруге болады. Ілияс соңғы рет Қазақстанға екі жыл бұрын келген екен. 

Мәскеу мемлекеттік қолданбалы биотехнология университетінде «молекулалық биотехнология» мамандығы бойынша білім алған Ілияс Есмағамбетов түрлі ғылыми орындарда тәжірибелерден өтіп, Гамалея ұлттық зерттеу орталығында іс-тәжірибеден өткен. Биология, вирусология және генетикалық инженерия кафедрасында Гамалея орталығы директорының орынбасары Бород Савельевич Народицкийден дәріс алған. Ол осы ортада  тәжірибеден өтіп, осында тамыр жайып, Гамалея орталығында 10 жылдай жұмыс істеген.

Кейін ғалым «Спутник V» препаратын жасаушылар қатарына тартылған. Өйткені, ол аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиясын меңгерген зертханалардың бірінің тәжірибелі мүшесі болған.  Қазақ  ғалымы  өзінің вакцинамен айналысқан үлкен топтың жұмысына араласқанын  мақтаныш етеді. Ілиястың өзі коронавирусқа қарсы екпе алған. Ол алған  екпенің жанама әсерлері болғанын жасырмайды.

«КВИ вакцинасы басқа вакциналар сияқты иммунобиологиялық  препарат болып табылады. Қолданған кезде оның қарсы көрсетілімдері жоқ. Адам ағзасына енгізген кезде бұл вакциналар оның бойында антиденелер  қалыптастырады, иммунологиялық реакция пайда болады, ол әр адамда түрлі болуы мүмкін. Жағымсыз реакцияларды бірден айту да мүмкін емес, иммунды жауаптың қалыпты көріністері мен иммундаудан кейінгі  жағымсыз көріністерді ажырату қажет», – деп түсіндіреді Ілияс Есмағамбетов.

Cырқат шақырусыз келетін қонақ іспеттес. Ол бай мен кедейді де  бөлмейді. Әйтпесе, қолында ресурстық күші бар Мемлекет басшылары жылы  сөзімен індеттің басынан сипалап отырып, құтылып кеткен болар еді. 

Вакцинация – бұл иммунизация. «Спутник» вакцинасы клиникалық  жағынан жан-жақты тексерілген. Бұл бізге әдеттегі өмір салтына – карантиндік шектеусіз өмірге оралуға мүмкіндік береді. Вакцина – бізге еркіндік береді, денсаулық береді. Ол – адам ағзасына антиденелер тірі вируспен кездескенде күресуге қабілетті, осылайша олар аурудың алдын алады. Бұл – ғалымдардың тұжырымы.

Енді бастапқы әңгімемізге қайта оралайық. Жоғарыда атап өткеніміздей, Үндіқытай алқабын қоғадай жапырған аурудың құтқарушысы аяқ астынан табылған-ды. Оны тапқан орыс ғалымы еді. Бенгалияға Еуропада жүрген Ресейдің жас ғалымы Владимир Хавкин тез жетті. Ол Париждегі Пастер институтында жұмыс істейтін. Ол жаңа ғана жасаған вакцинасын өзімен бірге алып келді. Вакцина сырқаттанған адамдардың иммунитетін көтеретін дәрі болатын. Ғалым өзінің жасаған дәрісінің тиімділігіне сенімді болды. Сондықтан оны алдымен бірінші болып өзіне еккен болатын. Оның жасап шыққан дәрісіне әлемге әйгілі ғалымдар Л. Пастер, Р. Кох, И. Мечниковтер жақсы баға беріпті.

Әрине, бұл жерде де сенімсіздер болған. Діни және касталарға бөлінушілікке байланысты алауыздық туындап, жергілікті тұрғындар арасында вакцинациядан бас тартқандар да болған және олар өзге елден  келген ғалымға сақтықпен қарап, оған дұшпандық көзқарастар танытыпты. Канталь ауылында халық наразылығы болып, жан-жақтан кісі басындай  тастар ұшқан кездер болған. Сынған құтылардан вакциналар шашырап, халықты одан сайын үлкен әбігерге салған. Наразылық күшейе түсіп, дәл  осынау сәтте адамдардың сенімсіздігін басу үшін алаң ортасына дәрігер   Хавкин шығып, өзі жасап шығарған вакцинасын елдің көзінше өзіне салып,  жиналғандардың көзін ашқан. Осыдан соң сенімсіздік нілдей бұзылған. Жиналған ерікті топ бірінен соң бірі дәрігерлерге жақындап екпе жасатқан.  Ауыл тұрғындарының бәрі қалмай екпе жасатыпты. Кейін олардың ешқайсысы ауырмаған. Олардың арасынан тоғыз адам екпе жасатудан бас тартып, кейін тырысқақтан қайтыс болыпты. Ол кезде медицина дамымаған,  дәрі-дәрмектер жоқ, дәрігерлік емдеу орындары да жоқ кезең болатын.

Кейін дәрі ектіргендер көз ілеспес керемет дәрі туралы ауылдан-ауылға түрлі жағымды әңгімелер таратып жіберген. Қысқа уақыт ішінде Хавкин 25 мың адамға вакцинация жасап, осылайша індеттің қауқарын қайтарған. 

«Жұт – жеті ағайынды» демекші, сырқат енді ауыздықтала бергенде оба  ауруы шыққан. Хавкин бубон обасының одан да ауыр сырқатының алдын алып, оны да жеңіп шыққан. Бұл үш жылдан кейін Бомбейде орын алған. Әр күні «қара өлім» бір қаладан 200-ге жуық адамның өмірін жалмап кеткен.

Сол тұста тұтас кварталдар қаңырап бос қалған. Адамдар қорқыныштан қаладан қашып, жан-жаққа инфекция таратқан, оның шегі көрінбеген. Оба таралу қаупі Еуропа елдеріне қауіп төндірген. Өлі қалаға айналған жерге  алғашқы болып, дәрігер Хавкин барған. Вакцина керек болып, оны тез арада  жасау қажеттілігі тұрды. Хавкин алдымен шумаға қарсы зертхана тұрғызуды   қолға алған. Үш айда ғаламат жұмыстар жасалып, уыты күшті дәрі ойлап  шығарылған. 1897 жылдың 10 қаңтарында ғылым тарихында теңдессіз күн  болды. Бұл күні Ресей дәрігері нағыз ерлік жасап, обаға қарсы вакцина ойлап  шығарды. Оған куәгер болған ағылшын дәрігері Мастерс: «Ғалым өзі ойлап  шығарған аса қауіпті дәріні өзіне еккенде сабырлы кейіп танытты.   Батылдықпен оның нәтижесін күтті. Екі сағат өткенде ол дірілдеп, бойында  оба сырқатында болатын белгілер пайда болды. Бірақ, ол оған назар салмай өзінің тәжірибесі туралы ешкімге сездірмей жұмысын жалғастыра берді.  Келесі күні Хавкин әрең дегенде төсектен тұрып, ғылыми кеңеске келіп, онда жаңа вакцина туралы хабарлама жасады. Бұл адамдардың амандығы үшін     өзінің жанын беруге дайын тұратын адамның ұлы ерлігі еді», – деген болатын.   

Вакцина мыңдаған адамды өлімнен құтқарды, ал оны ойлап тапқан  ғалымды бүкіл әлем таныды. Ол көптеген марапаттар мен сыйлықтарға ие болды, көптеген елдердің медициналық қоғамдарына мүше болып қабылданды. Тек өз Отанында оның еңбегі ескерілмеді, ондай ғалымның  барына да сенбеді. Ол туралы ұлы жазушы А.П.Чехов ащы шындықпен  жазды: «Қазір оба сырқаты өте қорқынышты емес. Қазірдің өзінде оған  қарсы егілетін екпелер тиімді болып шықты. Біз оны ойлап тапқан орыс дәрігері Хавкинге қарыздармыз. Өкінішке қарай, оның есімі Ресейде белгісіз қалды», – деді.

Ғалым өзінің әлемдік даңқының шыңында ұмыт қалды! Шамасы, біздің қанымызда ең алдымен саяси менмендік басымдық сипатқа ие-ау! Асылы, патшалық Ресейдің шенеуніктері Хавкиннің Одесса университетіндегі студенттік жас кезіндегі халықтың жағына шыққан «күнәларын» кешіре алмайтын сияқты. Халықшылардың Киев қаласының басшысына қарсы қастандық жасауға оқталған әрекетіне ғалымның қатысуын да ұмытпаған іспетті. Хавкин өзі ойлап шығарған вакцинасын туған Отанына көмектесу ниетімен сый ретінде тегін ұсынса да, Ресей үкіметінің оны қабылдамай тастауы орыстардың нағыз өкпешіл және кекшілдігін білдірген-ді.    Өкінішке қарай, ғалымның есімі бүгінгі күнге дейін ұмытылып келеді.

Владимир Аронович Хавкин – 1930 жылы 70 жасында Швейцарияның Лозанна қаласында қайтыс болды. Алайда, Үндістанда оның істері мен ерлігі ұмытылмады. Бүгінде Бомбей қаласындағы бактериология ғылыми-зерттеу орталығы – «Хавкин институты» деп аталады.

Осылайша, ауру синдромы бірінен соң біріне өткен. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1893 жылы қаңтар айында Үндістанның Бенгалия провинциясында аяқ астынан тырысқақ ауруы тез тарап кетті. Барлық жер қаңырап бос қалып, ілезде көше адамдардың өлігіне толып қалған. Өліктерді жинап алушылар да табылмаған. Биліктің оған пәрмені жетпеген.

Ресейдің жас ғалымы Владимир Хавкин Париждегі Пастер институтында жұмыс істейтін. Орта ғасырдағы оба індеті – «Өлім биі» деп аталды. Ғалымдар індетті 1628 жылы Гоби шөлінен келді деп болжады. Кейін ол Қытай, Үндістан, Иранға жайылды. Еуропа елдеріндегі аурудың сипаттамасы оба індетімен сәйкес келді. Қытайдағы індет шамамен 35 миллион адамның өмірін қиып кетті. 1345 жылға қарай, індет Еділ аймағында өршіп, ол 1346 жылы Кавказ бен Қырымға жетті. Осыған сәйкес, Қырымда аңызға айналған оқиға болды. Генуя бекіністерінен сыртқа шықпаған халық өлген адамдардың сүйектерін қалаға лақтыра бастаған. Мәйіттер көшеге толып кеткен.

Генуалықтар үреймен қалалардан қашып, ауруды кемелермен Еуропаға тасымалдаған. Шындығында, обаны егеуқұйрықтар таратқан. Олар көп жағдайда сауда керуендері арқылы таралған. Оның үстіне эпидемияның өршуіне салқындау ауа да әсер етті. Себебі, XIII-XIV ғасырдың екінші жартысына дейін кіші мұз дәуірі жүріп өткен-ді. Сол жылдың күзінде Константинопольде билік тармақтары құрылып, олар қаланы түгелімен жауып тастаған. «Қара өлім» Мысырды да қоғадай жапырып тастаған.

Індет Палестина мен Кіші Азияны жайпап, Кипр аймағына кірген. Оны  тағы да жосықсыз босып жүрген кемелер таратқан. Италияны қорқыныш билеп,  1347-1348 жылдары оба Еуропаның басқа елдеріне де тараған. 1348 жылы қаңтарда Марсель екі тізерлеп «құлаған». Сол жылдың көктемінде Парижді, күзде Ұлыбританияны оба «шынжырлап» алған. Аурудың құрбандары да көп болыпты. Германия, Швейцария, Шотландия, Испания және Чехия елдерінің тарихында 1348 жыл – ең үрейлі жыл болып қалған.

 1349 жылы «қара өлім» Скандинавия түбегін аралап, Ирландияға жетті. 1350-1352 жылдары оба індеті аздап кешігіп, Шығыс Еуропаны, атап айтқанда, орыс жерлерін бұғаулап алған. 

Еуропадағы бубон обасы шамамен 25 миллион адамның өмірін қиды. Оның алдында бәрі – патшалар да, діни қызметкерлер де, шаруалар да тізе  бүккен. Ауру тез өршіп кеткен. Адамдардың ыстығы көтеріліп, бас ауруы басталып, жүрек лоқсуы орын алған. Тері – бубон түрінде патогеннің ену орнында пайда болып, адамдардың терісінде қызыл дақтар көбейіп, ол дененің айналасын қанды-іріңді мазмұнмен толтырған. Пустула жарылып, ойық жара пайда болған. Аурудың алғашқы күндерінде лимфа түйіндерінде қабыну процесі дамып, обалық микробтардың, бубондардың ошағы пайда болған. Өкпенің зақымдалуымен оба пневмониясы байқалып, ол жөтелге ұласқан. Індет қақырық бөлумен қатар, қан қоспасы мен ауа жетіспеушілігіне ұласып, соңы науқастың өлімімен аяқталған. Аурудың септикалық түрі теріде, шырышты қабаттарда және әртүрлі органдарда көптеген қан кетулермен сипатталған. Бұл форма қиын жүрген. Адамдардың мойны, қолтықтарына обаның дүдәмал мөрі басылып, қорқынышты қап-қара дақтар мен жаралар (бубондар) пайда болған. Науқастар қорқынышты азаппен көз жұмған. Дәрігерлер де дәрменсіз күйде қалған. Обамен күресуге тырысқан әйгілі дәрігер және болжаушы Нострадамус та дәрменсіздік танытқан. Осыған қарамастан оның әйелі мен екі баласы обадан қайтыс болған. Кордондар, патрульдер және полиция шарасыздық танытқан. Еуропада еврейлерді жазықсыз қыру орын алған. Ашуланған жұрт, үмітсіз адамдар,  өзге  діндегілерді кінәлап, оларды жазықсыз ғайбаттау орын алған. Одан қорыққандар қаланы тастап кетуге мәжбүр болған. Мәйіттерді жерлейтін ешкімнің болмауынан, олар өзендерге лақтырылып немесе өртелген. Кейбір тұрғындар үйлеріне қамалып, бірнеше ай бойы далаға шықпады. Ал, сенімі  күштілер өмір сүруге мүмкіндік алды. Ұрлық пен кісі өлтіру күнделікті өмірге айналды. Флоренциядағы обадан аман қалған Бокачионың айтуынша, қайтыс болған адамдар ешқандай аяныш тудырмаған, олар өлген ешкіден артық болмаған. Жерорта теңізі бойынша көптеген кемелер теңізге батып, бірде-бір адамның тірі қалмаған кездері де болған. «Қара өлімнің» ауыр салдары қатты болып, ол мистикалық көңіл- күйдің дамуын тежеген. Жұмыс қолына деген сұраныс айтарлықтай өсіп, ол әлеуметтік және экономикалық жағынан дағдарысқа апарып соқтырған.  Кейін медицина дами бастағанда кешегі көрген күн ұмытыла бастаған.

Шүкір айтуға тиіспіз, бізде бүгін медицина қатты дамыған. Әйтсе де,  бүгінгі таңда ковидтен бір ғана Америкада жарты миллион адамның қайтыс болғанын ескерсек, мәселенің орасан зор жойқын болғанын  бағамдағандаймыз. Одан кейін Үндістан мен Бразилия халқы көп зардап  шегуде. Оған адамдардың тәртіпсіздігі себеп болып отырған сыңайлы.

Пандемия жағдайында қоғамдық басқару қатынасын ешуақытта әлсіретуге болмайды. Бүгінгі таңда қаржылық дағдарыстың кесірінен қоғамдық даму формациясында популизм мен атавизм қанат жайып, ол Батыс әлемінің көп бөлігін қамтып отыр. Теңсіздік өсіп, халық пен мемлекет арасындағы қатынасты жақсартуға ұмтылмау салдарынан түрлі институттарға  көзқарас  өзгеріске  түскен. Пандемия қоғамдық мүдделерді қорғауды былай қойғанда, негізгі тауарларды жеткізуді нарықтың  «көрінбейтін қолына» сеніп тапсыруға болмайтынын көрсетіп берді.  Мұндайда  мемлекеттің  көрінетін  қолы  тиімді  институттар  мен тиімді басқару арқылы жұмыс істеуі керек. Өткен 2020 жылы басталған індет Үкімет пен басқарушылар арасындағы қатынастарға үңілуге, либералды-демократиялық  институттардың шын мәнінде нығаюына алып келді. Бұл – либералды демократиялық модельдің жаңаруының алғышарты. Бұл – ғаламдық қарым-қатынастағы жағдай, бірақ аурудың беталысы мұнымен  шектелмесі анық.  

Жақында құс тұмауы тұңғыш рет адамнан анықталды. Жалпы, бұл індет  бұдан бұрын анықталуы да мүмкін еді. Ковид қос өкпеден қысқан кезде оны  айту мүмкін болмаған сыңайлы. Қазір сырқат сәл бәсеңдеген кезде құс  тұмауын айту керек болып отыр. Ресейде алғаш рет құс тұмауы вирусының H5N8 штаммын адамның жұқтыруы расталды. Мұны ресейлік «Вектор» орталығының ғалымдары анықтады. Демек, бұл туралы қатты ойлануымыз  керек. «Роспотребнадзор» басшысының айтуынша, 2020 жылғы желтоқсан айында Ресейдің оңтүстігіндегі құс фабрикасында вирус індеті тіркелген көрінеді. Ғалымдар фабриканың жеті қызметкерінен осы аурудың генетикалық материалын бөліп алып, қарау үстінде екен. Алайда, олардың бәрі өздерін жақсы сезінетін көрінеді. Әрине, айтуға оңай-ақ. Зерттеуші  ғалымның айтуынша, әзірге вирус адамнан адамға жұғып үлгермеген. Бірақ, ол мутацияға ұшырағаннан кейін оны меңгеру мүмкін көрінеді.

Вирус әлі адамнан адамға жұқпай тұрып, оны анықтауда медициналық  зерттеулер жүргізілуде.  Яғни оған жол бермеуге, тест-жүйелерін жетілдіріп, вакцина жасауға жағдай жасаудың алдын алу кезек күттірмейтін шара.   Мұндай жағдайда, вирус патогенді, адамға қауіпті жағдайға жеткенше оған қарсы тұруға мүмкіндік береді екен.

Бүгінгі мақсат – адамзат баласының өмірін сақтап қалу өте өткір күйде  тұр. Оған халықаралық қауымдастықтар мен әлемнің жетекші саясаткерлері жанұшыра араласуда. Осыған орай жақында БҰҰ Бас хатшысы Антониу  Гуттериш адамзатқа қатер тудырып отырған мәселелер бойынша әлем халқына үндеу арнады. «Адамдардың әлі де планетамызға төнген қауіпті жоққа шығаратыны таң қалдырады. Дәл қазір апаттық  жағдайдамыз, сондықтан бүгін Мемлекет басшыларынан төтенше жағдай жариялап, көпшіліктің назарын аударуды сұрап отырмын. Планетамыздың бүгінгі күйі, жаһандық жылыну мен оның алдын-алу шараларын қолға алуымыз керек. Карбонның ауаға бөліну үлесі тым жоғары. Біз бұл  жағдайды шешуге ұмтылуымыз керек. Келер ұрпаққа планетамызды осындай халде табыстай алмаймыз. Бұл саяси тұрғыдан да қате. Барлық ел, қала,  ұйым, бірлестік пен компаниялар планетамызға кесірін келтіретін ешқандай әрекетке бармауы керек. Барлығы алдымен осыны ескеретін қысқа мерзімді  жоспар  ұсынсын», – деді Бас хатшы өз үндеуінде.

Бүгінгі таңда унилатерализм ортақ тағдыр тұрғанда жақсылыққа алып келмейді. Мультилатерализмге бастау, серіктестікке басымдық беру мен  бірлік қана адамзатты құтқарып, планетамызды сақтауға көмектеседі. Бұл – бұлтартпас дәлел.

Бүгінгі таңда «Спутник» вакцинасы ең танымал екпе препараты болып тұр. Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық  ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемдегі тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелді. Вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі 91,6 пайызды құраған. Екпеден кейін адамның бойында 98 пайыз антидене қалыптасады екен. Ал, әлемнің басқа елдерінде шығарылған вакциналар оған жетпейтін көрінеді. Коронавирустың өзге штаммдарына қарсы тұра алатын вакциналар жасау технологиясын ойлап табушылар қатарында қазақ ғалымының болғанын мақтаныш етеміз. Және қазақ ғалымы бұл құрамда өте біліктілік танытқанын айрықша атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда қандасымыз Ілияс Есмағамбетов қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан ғалымдар қатарында аты аталып отыр.  Қазақ баласының есімі әлемдік медицина тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық. Бүгінгі таңда препаратты ойлап табушыларды химия, биология, медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсыну туралы  ұсыныстар айтылуда. 

Бүгінде қазақ ғалымының қолының табы бар препарат Беларусь Президенті Александр Лукашенконың, Гвинея Президенті Альфа Конденің, Аргентина Президенті Альберто Фернандестің және көптеген әлем елдері қайраткерлерінің қанында қорғаныш қабілетін арттырып жүр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here