Online VS offline: Букмекерлік кеңселер қай жолды таңдайды?

0
7554

Өкінішке қарай, бүгінде қаржысын бәске тігіп, қас-қағым сәтте бай болудың жолында жүргендердің қарасы көбейіп келеді. Қалтасы қалыңдары Қапшағай мен Бурабайдағы казиноның табалдырығын тоздырса, ақшасы аздары көшедегі ойын автоматынан құмарын қандырады.

Букмекерлік кеңселерге тоқталатын болсақ, Қазақстандағы букмекерлер мен тотализаторлардың бізге белгілісі 1 184-ті құрайды. Сөйтіп, қазақстандық Лас-Вегастағы казино өз алдына, ал лотерея өз алдына дамып жатыр.

Ойын бизнесінің дамуы қылмыстың артуына да әсерін тигізеді. Биылдың өзінде ойын бизнесіне қатысты 302 қылмыстық іс қозғалған. Қазақстандықтардан түскен арыз-шағымның көптігіне байланысты ойын бизнесі туралы заңға 150-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген.  Мәжіліс депутаттары ставкаларды есепке алу орталығын құруды және тотализаторларды құмар ойындарға арналған резервацияға, яғни  Қапшағай мен Бурабайға көшіруді ұсынды.

Иә, букмекерлік кеңселерді арнаулы құмар ойындарына арналған аймақтарға көшіру туралы ұсыныс бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Осыдан бес жыл бұрын да букмекерлік кеңселерді  Қапшағай мен Бурабайға көшіру туралы ұсыныстар айтылып, мәселе көтерілген еді. Ұсыныс білдірушілер діттеген мақсаттарына толық жетпегенімен, сол жолғы құмар ойындарға қатысты заңға енгізілген түзетулердің нәтижесінде тотализаторларды тұрғын үйлерге орналастыруға тыйым салынды. Бұл жолы депутаттар шындап кіріскен екен. Өйткені, 27 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Енді соңғы сөзді сенаторлар айтады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті болашағымызды бүлдіретін букмекерлік кеңселердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталады.

ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРА АЛМАҒАН «ОЛИМП»

Мәжілісте мақұлданған жаңа түзетулерде екі маңызды жаңалық бар. Заңда букмекерлік кеңселерді арнайы аймаққа көшіруден бөлек, ставкаларды бақылауға арналған есеп беру орталығын құру да қамтылған. Аталған екі норманың қабылдануына азаматтардың құмар ойындарға деген тәуелділігін азайту және кәсіпкерліктің бұл түрін көлеңкелі бизнестен шығару қажеттілігі түрткі болған.

«Заң жобасы ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге, букмекерлік кеңселер мен тотализатордың қызметін бақылаудың тиімділігін артыруға бағытталған. Заң жобасын қарау барысында депутаттар жаңа ойын аймақтарын ашу туралы нормаларды алып тастау бойынша ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, құжатқа депутаттар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассаларын Қапшағай су қоймасының жағалауындағы және Бурабай ауданындағы екі ойын аймағы аумақтарында орналастыру бойынша түзетулер енгізді. Осыған байланысты енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары елді мекендерден аталған ойын аймақтарына көшірілетін болады», – деп түсіндіреді депутат Сәкен Өтебаев.

Депутаттың сөзінше, халық қалаулылары жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тану бойынша ұсыныс енгізді. Яғни, енді отбасы мүшелері мен жақын туыстары өз жақындарын зиянды әрекеттен шектеу құқығына ие бола алады.

«Енді бұл заң бойынша біз құмар ойын бизнесі нысандарының да, ойыншыларының да айналымын бақылай аламыз. Барлық ставкалар есеп беру орталығында белгіленетін болады. Ең бастысы, ойын бизнесіндегі айналымды салық органдары осы база арқылы қадағалайды», – деп санайды ҚР Қаржы вице-министрі Қанат Байеділов.

Бүгінде мемлекеттік мекемелер Қазақстандағы ойын бизнесінің нақты табыс мөлшерін дөп басып айта алмайды. Өткен жылы құмар ойындарға байланысты орын алған қылмыстық істердің артуы осыған дәлел. Ойын бизнесінің көлеңкелі бизнеспен шатылуы көптеген даулы мәселелерді тудырды. Мәселен, «Олимп» букмекерлік кеңсесі осыған дейін салықтан жалтарып қана қоймай, айналымдағы қаржыны шетел асырып отырған.

Рас, мемлекеттік мекемелердің аппараттық-бағдарламалық кешендер арқылы жүргізген бақылауларының қырағылы көңіл көншітпейді. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің есебінше, «Олимп» букмекерлік орталығы өткен жылы 13 млрд теңгені құрайтын салық төлеген. Алайда, «Олимп» букмекерлік орталығының бес жылдық табысы мен салық төлеу тарихын бес ай бойы май шаммен қараудың нәтижесінде шындықтың беті ашылған. Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті нақты табыс мөлшерін жасырған «Олимпке» 145 млрд теңге салық салды. Тексеріс барысында заңсыз деп танылған 50 ойын ошағы анықталып, 120 ойын автоматы тәркіленді. Сондай-ақ, алаяқтықпен айналысқан екі бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды.

Ойын бизнесін толықтай бақылауға алудың төте жолы – заңсыз ойын ошақтарының үлесін азайту. Егер республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы букмекер кассаларына толықтай тыйым салса, тотализаторлардың заңсыз әрекеттерге бару мүмкіндігі де азаяды деп болжануда.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің хабарлауынша, өткен жылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандардың саны үш есеге артқан.

ҰТЫМСЫЗ ҰСЫНЫС

Жаңа заңның қырына ілінбейтін, қарауына илікпейтін тіркелмеген онлайн букмекерлердің мәселесін шешу – кезек күттірмейтін іс. Шетелдік букмекерлер лицензия алған қазақстандық кеңселердей мемлекетке салық төлемейді. Оған міндетті де емес.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда тіркелмеген онлайн букмекерлердің салдарынан қомақты қаржы өзге елдерге асып жатыр. Демек, онлайн букмекерлерден ойыншы да, мемлекет те пайда көрмейді.

Қазақстан Букмекерлер қауымдастығының төрайымы Арайлым Сағынтайдың сөзінше, мемлекет бақылауынан тыс жұмыс істейтін шетелдік букмекерлер қазір ойын бизнесі нарығының 25%-ын алып жатыр. Егер жаңа заңнама күшіне енсе, шетелдік букмекерлердің ойын бизнесі нарығындағы үлесі 80%-ға дейін ұлғаймақ. Яғни, ойын бизнесін көлеңкелі бизнестен шығармақ болған әрекет толықтай жоққа шығып, мемлекет өз мүддесіне қайшы әрекет жасайды.

«Мемлекет мұндай заң жобасын қабылдап, өз мақсаттарына қайшы келеді. Жаңа түзетулердің енгізілуі көлеңкелі бизнес пен сыбайлас жемқорлықтың өсуіне жол ашады. Мемлекеттік мекемелер шет елдердегі сауда-саттықтан ақша ағынын тоқтата алмайды. Себебі, ешқандай IT-фильтрлер мен шлюздер азаматтарды шетелдік сайттарға бәс тігуге тыйым сала алмайды. Тіпті, АҚШ пен Еуропа елдері де бұған тосқауыл қоя алмай келеді», – деп санайды Арайлым Сағынтай.

Әрине, Букмекерлер қауымдастығы басшысының пікірін ескерер болсақ, түйіні шешілмеген мәселе де баршылық.

Сала мамандарының сөзінше, отандық букмекерлердің шетелдік онлайн букмекерлерден бар артықшылығы жер үсті кеңселерінде ғана. Ал, сол кеңселерді арнайы орындарға көшірсе, шетелдік онлайн компаниялардың асығы алшысынан түседі.

Арайлым Сағынтайдың есебінше, букмекерлік кеңселер мен кассаларды резервацияға көшіру салық алымдарының 90%-ға төмендеуіне әкеледі. Бұл шамамен бес жыл ішінде 80 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, жер үсті кассалары мен ілеспе сервистің бес мыңнан сегіз мыңға дейінгі қызметкерлері жұмыстарынан айырылады.

ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰРСАУЫНДАҒЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

Ойын бизнесіндегі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қазақстандық қауымдастық заңдағы түзетулерге деген ойыншылардың көзқарасын білу үшін букмекерлік кеңселермен ынтымақтастықта жұмыс жасады. Олар ойыншылардың көпшілігі онлайн ойын алаңдарына кетеді деп санайды.

«Тағы бір болжам – бұл заң ғаламтордағы ставкалар көлемінің өсуіне, онлайн-казинолардағы ставкалар сегментін толық бақылай алмауға әкеледі. Шамамен бес ірі букмекерлік кеңсе жұмыс жасайды. Қалған ұсақтары заңсыз онлайн ойындар ойнатуға көшеді. Лицензияланған букмекерлік кеңселер үшін онлайн сектордағы бәсекелестік маңызды мәселе болып саналады. Заңсыз ойын сайттарын болдырмау үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаған жағдайда, онлайн сектормен бәсекелес болу өте қиын», – деп түсіндірді ҚР Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қауымдастық төрағасы Бадри Шаинидзе.

Қауымдастықта қазақстандық онлайн-букмекерлердің әрекетінен зардап шеккен азаматтардың құқығын қорғауға арналған қызмет бөлімі бар. Алайда, ол шетелдік сайттарға ықпал ете алмайды. Ұйымға тек бірнеше айдың ішінде шетелдік букмекерлер алдап соққан ондаған қазақстандық арызданған. Бірақ, ұйым бірде-бір азаматтың сұранысын қанағаттандыра алмаған. Бәске тіккен ақшаларды кері қайтаруға еш мүмкіндік болмаған. Ал, Бадри Шаинидзе шетелдік букмекерлерге алданғандардың саны бұдан да көп екендігіне сенімді. Ол мұндай түйіткілді шешудің бірден бір жолы ретінде шетелдік сайттардың Қазақстанда жұмыс істеуіне техникалық тыйым салу деп санайды.

Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқығын қорғау қауымдастығының өкілі ставкаларды есепке алу орталығының құрылуын оң өзгеріс деп бағалайды. Сондай-ақ, мұндай орталықтың ойын бизнесі нарығындағы қаржының дәл есебін білуде тиімді екенін де жоққа шығармайды. Десек те, Шаинидзенің пайымдауынша, егер заңсыз ойын бизнесі бұрынғы ауқымда жұмыс істеп қана қоймай, нарықтағы үлесін одан әрі арттырса, ставкаларды есепке алу орталығының тиімділігіне күмән келтіруге болады.

ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰМАРЫНА ҚАНБАҒАНДАР КӨП

«Құмар ойындар туралы» заңға енгізілген түзетулерде тек алым-салым мәселесі ғана қарастырылған жоқ. Құмар ойынға тәуелді жекелеген азаматтардың да жағдайы ескерілген. Қазірде құмар ойынның салдарынан отбасы ойрандалғандары аз емес. Осыған орай азаматтарды тәуелділіктен арылтауға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Мәжілісте мақұлданған заңда азаматтарға құмар ойындар мен ставка қоюдан өзін-өзі тежеуге мүмкіндік беретін норма да бар.

Заңға енген толықтыру туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Құмар ойындарға шектен тыс тәуелділік бүкіл әлемде «психикалық ауру» деп танылған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де мұны ауру санайды. Бұл норманың мәні: құмар ойындарға шектен тыс салынып, қарызға белшесінен батқан азамат немесе оның отбасы өтініш жазып, құмар ойынға құмар азаматты шектей алады. Осыдан кейін оны казиноға да, қандай да бір ұтыстарға да, интернет казиноға да қатыстырмайды», – деп өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ, министр елімізде құмар ойынның құмарынан шықпай, дертке шалдыққандар санына күмән келтірді: «Өкінішке қарай, елімізде лудоманиямен ауыратындар туралы статистика жоқ. Бірақ, қазір осындай 11 деректің расталып отырған жайы бар. Олар лудомания диагнозымен дәрігерге жүгінген».

Жаңа түзетулердің аясында енді лудоманның жақындары да ойыншының үстінен арыз жазып, сотқа бере алады. Ол туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин: «Шын мәнінде игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан депутаттар жаңа норма енгізіп жатыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті әрі тиімді норма деп есептеймін», – дейді.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, аталмыш шара Беларусьте бірнеше жылдан бері тиімді жұмыс жасап келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Құмар ойынның ойранынан құтылу оңайға соқпайтыны анық.  Байқағанымыздай, арамды адал етуге қанша тырысқанымызбен, ойын бизнесінің бүйрегі көлеңкелі бизнеске бәрібір бұра береді. Тіпті, ойын бизнесіне қатысты мінсіз заң қабылданғанымен, ойыншылардың да қарасының азаятынына еш кепілдік жоқ.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here