Өз ажалынан өлмеген президенттер мен премьер-министрлер

0
2745
Румынияны 15 жыл басқарған Николае Чаушеску мен оның жұбайы Еленаға 1989 жылы 25 желтоқсанда ұлттық экономиканы құртып, өз халқына геноцид жасағандары үшін сот үкімі шығып, сол күні ерлі-зайыптылар атылды

Тарихты өзгерткен сұңғыла саясаткерлер көбінесе лаңкестер мен жендеттердің, шетелдік агенттердің нысанасына айналады. Әккі жендеттер саясаткерлерге серуендеу кезінде шабуыл жасайды. Көлік колоннасына тұтқиылдан оқ жаудырады. Тіпті, ең айлакерлері ізін суыту үшін саясаткерлердің әрбір әрекетін «апатқа» айналдыра алады. Әлемнің ондаған көшбасшылары жендеттердің қолынан қаза тапты. Көп жағдайда жендеттердің жеке басы анықталмады, сөйтіп олар қолға түспеді. Көшбасшыға жасалған соңғы атышулы қастандық ағымдағы жылы 7 шілде күні Гаити президенті Жовенель Моизге жасалды. 53 жастағы президенттің өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін мемлекет пен үкімет басшыларына жасалған қастандықтардың кейбіріне тоқталады.

Жовенель Моиз – 2017-2021 жылдардағы Гаити президенті

2021 жылы 7 шілдеге қараған түні белгісіз адамдар Гаити президенті Жовенель Моизді атып өлтіріп, жұбайын ауыр жаралады. Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан президент үйінің қабырғаларын шұрық тескен оқ іздерін көруге болады. Моиздың денесінен он екі оқ табылды. Гаити билігі шабуылды Колумбияның отставкадағы 26 әскери қызметкерлері мен  екі американдық-гаитилік ұйымдасқан топ жасағанын мәлімдеді. Баскесерлердің он жетісі қолға түсіп, үшеуі өлтірілді. Қалған сегізі бой тасалап, жасырынып қалды.

Жендеттер белгілі болғанымен, оларға тапсырыс берген басқа елдің билігі деп санайды Гаити билігі. Себебі, қылмыскерлер бір-бірімен ағылшын және испан тілдерінде сөйлескен. Ал, африкалық құлдардың ұрпақтарынан құралған Гаити халқы француз тілінде сөйлейді. Жергілікті полиция басшысы Леон Шарль: «Шетелдіктер елімізге президентімізді өлтіру үшін келді», – деді. Алайда, бұл нұсқа әлі расталған жоқ. Осы уақыт ішінде тергеу тобының қатысушыларына анонимді қоқан-лоқылар жасалуда.

Естеріңізге сала кетсек, бұл марқұм президентке жасалған алғашқы қастандық емес. Ағымдағы жылдың 7 ақпанында мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған путчистер тобы (мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеттенген мүдделестердің басы қосылған шағын топ, – ред.) оны өлтіруге ұмтылды. Бірақ, дер кезінде қаскөйлердің алдын алып, полиция 20 адамды қамауға алды. Бұған дейін 2018 жылы да қастандық жасалған еді. Жовенель Моиз одан да аман қалған-ды. Тек оның үш оққағары жан тәсілім етті.

Карреро Бланко – 1973 жылғы Испания премьер-министрі

1973 жылы 20 желтоқсанда диктатор Франсиско Франконың оң қолы, Испания премьер-министрі Луис Карреро Бланка өлтірілді. Карреро Мадридтің орталығындағы жарылыстан қаза тапты. Қылмыскерлердің оның лимузиніне жарылғыш зат орнатқаны белгілі болды. Қастандықты «Баск елі және бостандық» сепаратистік ұйымы өз мойнына алды. Дегенмен, Испания үкіметі қастандықты сепаратистердің ұйымдастырғанына әлі де сенімді емес.

Бланкоға жасалған қастандық баск (Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстік-батысында тұратын ұлт, – ред.) қаніпезерлерінің стилінде болған жоқ. Бұған дейін олар беделді саясаткерлердің маңына жуып көрмеген болатын. Әдетте, олар полиция қызметкерлері мен әскерилерге шабуыл жасайтын. Шағын топтармен ғана әрекет етіп, нысанды тез өлтіруге тырысатын. Мәселен, көп жағдайда артынан ұрланып келіп, шүйде тұсынан атып кететін. Бірақ, 1973 жылдың 20 желтоқсанында бәрі басқаша болды.  Сол күні Мадридке отыздан астам бұзық ойлы адамдар келді. Жендеттер полициядан жасырынуға тырыспай-ақ, шімірікпестен әрекет етті. Оқиғадан соң күштік құрылымдар қылмыскерлерді іздестіру шараларын белсенді жүргізді. Олардың қылмыстан соң дереу бой тасалап, қашып кеткендері үлкен күдік тудырды. Жендеттер сол күйі қолға түспеді.

Отыз жыл өткен соң Мадрид қылмыстық істегі құжаттарды құпия мұрағаттан шығарды. Содан Бланкоға жасалған қастандық баск жауынгерлерінің идеясы еместігі белгілі болды. Идея авторы – «сыртқы күштер». Олардың өкілдері қастандық болардан бұрын баск жауынгерлерінің бас командирімен кездескен. Дегенмен, тергеушілер Франконың оң қолын өлтіруге кімнің тапсырыс бергенін сол күйі біле алмады.

Омар Торрихос – 1969-1981 жылдардағы Панама басшысы

1981 жылы 31 шілдеде Панаманың іс жүзіндегі басшысы, елдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Омар Торрихос ұшақ апатынан қаза тапты.  Жергілікті билік «апат ұшқыштардың жіберген қателігінен болды» деп мәлімдегенімен, оған сенгендер аз еді. Күмәндануға себеп те табылды. Омардың өлімі Эквадор президенті Хайме Рольдос Агилераның өліміне ұқсас болды. Екі ай бұрын ол да ұшақ апатына ұшырап, қаза тапты. Екі жағдайда да тергеушілер қарама-қайшылыққа толы тұжырымдар жасады. Ал, Омар Торрихорстың өліміне қатысты тергеу нәтижелері көп ұзамай ізім-ғайым жоғалып кетті.

Ұшақ апатына қатысты ақпараттардың аз айтылуы қоғамның бұған жоспарланған кісі өлтіру деп күдіктенуіне жол ашты. Марқұм саясаткердің отбасы мен серіктестері АҚШ-тың Орталық барлау басқармасын айыптады. «АҚШ үкіметі Торрихосты өлтіруге бірнеше мәрте тырысты» десті. Кейбір мәліметтер бойынша, Омардың өлімінен кейін апатқа ұшыраған ұшақтың маңынан АҚШ-тың әскери ұшағы байқалған. Марқұмның таныстарының сөзінше, Ақ үй Панама каналындағы текетірес үшін Омардың көзін құртқан.

Айта кетейік, Панама каналының аумағы АҚШ үкіметінің бақылауында болуы жергілікті билікке ұнамады. Сол үшін 1970 жылы Торрихос тұрақты бейтараптық туралы келісімге қол қойып, каналға иелік ету құқығын панамалықтарға қайтарып берді. Сөйтіп, Омар АҚШ-қа іс жүзінде соғыс жариялады.

Сальвадор Альенде – 1970-1973 жылдардағы Чили президенті

Чили президенті Сальвадор Альенденің өлімі 1973 жылы елді дүр сілкіндірген төңкерістің финалдық аккордында болды. Төңкерістен үш жыл бұрын ғана президент болып сайланған ол құрлықтағы тұңғыш маркстік көзқарастағы президент атанды. Сальвадордың да түбіне өзінің жүргізген саясаты жетті. Чилидегі бай-бағландар да, шетелдік компаниялар да оның саясатына наразы болды

Сальвадор билікке келе сала, Чилиде түйіткілді мәселелер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. 1973 жылы наурызда президенттік коалиция конгресс қолдауынан айырылды. Көп ұзамай әскерилер де өздеріне жақпаған саясаткерге қарсы күреске қосылды. Олар 11 қыркүйекте бүлік шығарды. Оны Бас штабтың бастығы Аугусто Пиночет басқарды. Қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді. Бүлікшілер президентке өз еркімен отставкаға кетуді ұсынды. Бірақ, Сальвадор одан бас тартты.

Путчистер президент сарайына басып кіргенде, президент жақтастарына қаруларын тастауды бұйырды. Ол әйгілі Фидель Кастро сыйға тартқан автоматпен өзін-өзі атып өлтірді. Президенттің мәйітін тапқан әскерилер оның денесіне сонда да оқ жаудырды.  Альенде  –  халқын өзі үшін құрбан болуға шақырмаған жалғыз көшбасшы. Ол қоршауда қалған сарайында тұрып, чилиліктерге отставкаға кетпейтінін мәлімдеп: «Тарихтың осы тоғысында халықтың сенімін өміріммен өтеуге дайынмын», – деп ақтық сөзін айтты.

Даллас. 1963 жыл. 22 қараша. Сағат 12:30. АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннеди өзінің әйелі Жаклинмен осылай президент кортежімен алаңсыз кетіп бара жатқанда жұрттың көзінше оның басына оқ тиіп, миы шашылды

Джон Кеннеди – 1961-1963 жылдардағы АҚШ президенті

1963 жылы  22 қарашада Техас штатының Даллас шаһарында әлемді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннеди өз кортежінде өлтірілді. Сапарының мақсаты – жаңа сайлау науқанының басталуын атап өту еді. Жиналған жұртқа өздерін көрсету үшін президент пен оның жұбайы ашық көлікте отыруды таңдады. Олар төртінші кортежде болды. Сағат 12:30-да оқ даусы естілді. Куәгерлер оқтың үш мәрте атылғанын естігендерін айтады. Мергеннің бірінші оғы Кеннедидің арқасына, екіншісі басына тиді. Президенттің серіктері мен көлік салонына бас сүйектің сынықтары мен ми бөліктері шашылған. Саясаткер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің күш-жігерінен қайран болмады. Сағат 13:00-де Джон Кеннедидің жүрегі тоқтады.

24 жастағы Ли Харви Освальд президент өліміне күдікті деп танылып, бір жарым сағаттан кейін қамауға алынды. Кейіннен тергеу тобы оның шынымен де жалғыз әрекет еткенін және осылайша танымал болғысы келгені туралы қорытынды шығарды. Освальд сотқа қатыса алмады. Кеннеди өлгеннен соң екі күннен кейін Освальдті түнгі клуб қожайыны Джек Руби атып өлтірді. «Кеннеди өлімі америкалық, кеңестік, кубалық арнайы қызметтердің араласуымен жүзеге асқан» деген көптеген теориялар пайда болды. Олардың біразына АҚШ азаматтарының көпшілігі әлі де сенеді.

Улоф Пальме – 1969-1976 жылдардағы Швеция премьер-министрі

1986 жылы 28 ақпанда Швеция премьер-министрі Улоф Пальме жұбайы Лисбетпен бірге Стокгольм кинотеатрынан қайтып келе жатты. Олармен бірге оққағарлар болған жоқ. Саясаткер оққағарларсыз жүруді ұнататын. Өзін қауіпсіз сезінді. Қиылыстардың бірінде бейтаныс адам жұбайларға жақындап, алдымен Улофқа, содан кейін Лисбетке оқ жаудырды. Саясаткер бірден қайтыс болды. Оның өлімі отыз жылдан астам уақыт тергелді. Бірақ, қылмыскер мен оның қаруы табылмады.

БАҚ оқиғаның әртүрлі нұсқаларын ұсынды. Пальме қастандықтың құрбаны болды және бұған АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы айыпталды. Сондай-ақ, жендет саясаткерді әлдебіреумен шатастырып өлтірді деген болжамдар да жасалды. Оны ірі есірткі саудагермен шатастыруы ықтимал деді. Алайда, тергеушілер табанды түрде қылмыскерді іздеуді жалғастырды. Алғашқы күдікті Кристер Петтерссон болды. Оның мойнында алпыстан аса қылмыс, оның ішінде кісі өлтіру де болды. Лисбет Пальме  Кристер Петтерссонды жазбай таныды. Содан кейін 1988 жылы сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Алайда, іс бойынша дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, үкім бір жылдан соң күшін жойды. Тергеушілер Пальмені атып өлтірген револьверді тапқаннан кейін де еш нәтиже болған жоқ. Тек 2020 жылы ғана прокуратура жаңа күдіктінің есімін атады. 2000 жылы өзіне қол салған Стиг Энгстрём күдікті деп танылды. Ер адам басқа куәгерлердің сөздеріне қарама-қайшы келетін айғақтар берген. Қастандық жасаудың себебі жеке бастың дұшпандығы ғана емес, ақшаға мұқтаждық пен алкогольге тәуелділік екені анықталды. Прокурор ұсынған айғақтар тізімі жеткіліксіз деп танылып, іс тоқтатылды.

Николае Чаушеску – 1974-1989 жылдардағы Румыния президенті

Румыния коммунистік партиясының бас хатшысы Николае Чаушеску мен оның жұбайы Елена 1989 жылы 25 желтоқсанда отандастарының қолынан қаза тапты. 24 жыл бойы Чаушеску ішкені алдында, ішпегені артында өмір сүргенде, румын халқы азық-түлік пен керек-жарақтарын ұзын-сонар кезекте тұрып алып жүрді. Елде электр жарығы жиі өшіп, румындардың дәрі-дәрмек пен азық алуларына қаражаттары болмады. Бір кездері социалистік елдердің көшбасшыларының арасында либералист ретінде көзге түскен Чаушеску уақыт өте келе автократқа айналды. Елінің халін қиындатып қана қоймай, өзінің де ажалын жақындатып алды.

1989 жылы жергілікті діни қызметкердің тұтқындалуына байланысты  Тимишоара қаласындағы наразылықтар Николаеның өліміне алғышарт та болды. Бірте-бірте наразылық үдеп, ол бүкіл елді қамтыды. Әскерилер наразылықты баса алмады. Халықтың арынын байқаған олар керісінше халық жағына өтуді жөн санады.

Николае мен Елена Чаушескулар елден қашып бара жатқанда қолға түсті. Әскери трибунал Николае Чаушескуді 60 мың адамның өліміне әкеп соққан геноцид жасады, ұлттық экономикаға нұқсан келтіріп, қашуға әрекет жасады деп айыптады. 1989 жылы 25 желтоқсанда сот үкімі шығып, сол күні ерлі-зайыптылар атылды.

Ицхак Рабин – 1992-1995 жылдардағы Израиль премьер-министрі

1995 жылы 4 қарашада Израиль премьер-министрі Ицхак Рабинді  Тель-Авивтегі Изариль патшалар алаңында атып өлтірді. Бұл оның израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы бейбіт келісімді қолдауға арналған «Бейбітшілік бар, зорлық-зомбылық жоқ» атты үлкен митингідегі сөйлеген сөзінен кейін болды. Қылмыскер саясаткер көлігіне бара жатқанда шабуыл жасады. Рабинге екі оқ тиіп, 40 минуттан кейін жан тапсырды. Дәрігерлердің шығарған қорытындысы бойынша, премьер-министр кеудеге тиген оқтан өлді. Ал, куәгерлердің оқ Рабиннің арқасына тигенін мәлімдеді. Мұндай қарама-қайшылықтар қастандық теориясының түрленуіне негіз болды. Олардың бірінің пікірінше, Рабинді өлтіруге Израильдің арнайы қызметі тапсырыс берген. Алайда, бұл нұсқаны құптауға дәлелдер жоқ еді. Сонымен қатар, астыртын «Еврей күрес ұйымының» мүшесі Игаль Амир өз қылмысын мойындады. Кейін ол екі ай бұрын палестиналықтармен жасалған бейбіт келісімнің зиянды салдарынан «Израиль халқын қорғауды» қалайтынын жеткізді.

Зоран Джинджич – 2001-2003 жылдардағы Сербия премьер-министрі

2003 жылы 12 наурызда Белградтағы Үкімет үйінде Сербия премьер-министрі Зоран Джинджич өлтірілді. Көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде жасырынған сұр мерген саясаткерге екі рет оқ атты.

Қастандықты ұйымдастырушылар ретінде Земун қаласының қылмыстық тобының мүшелерін аталды. Жергілікті кландар премьер-министрдің саясатына наразы болды. Зоран Джинджич өз мансабында Сербиядағы ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы белсенді күрес жүргізді.  Тергеу барысында полиция қастандыққа қатынасқан мыңнан астам адамды қамауға алды. Олардың арасында экс-президент Слободан Милошевичтің әкімшілігіне жақын құқық қорғау органдарының қызметкерлері де болды. 2007 жылы Сербия премьер-министрін өлтіргені үшін 12 адам сотталды.

Муаммар Каддафи – 1969-2011 жылдардағы Ливия басшысы

2011 жылдың 20 қазанында Ливия тұрғындары өздерінің билеушісі, полковник Муаммар Каддафидің түбіне жетті. Бұл оқиғадан бұрын «Араб көктемі» деп аталған Таяу Шығыстың басқа елдерін шарпыған үлкен халықтық толқулар орын алған еді. Ал, Ливиядағы азаматтық соғыс 2011 жылдың ақпан айында басталды. Каддафидің қарсыластары оны жаппай наразылық кезінде адам өлтіру мен нақақтан-нақақ тұтқындауды ұйымдастырды деп айыптады. Бір айдан кейін НАТО елдері қақтығысқа араласып, бүлікшілердің қолтығына су бүркіп жатты. Ливияның бұқаралық ақпарат құралдары «Батыс елдері араласпағанда, Каддафиде бүлікті басуға мүмкіндік болар еді» деп жазды.

Сол жылы 20 қазан күні таңертең  НАТО ұшақтары Сирт қаласындағы Каддафи әскерінің көліктеріне шабуыл жасады. Көтерілісшілер жараланған билеушінің көлігін ұстап үлгерді. Адамдар «Аллаһу әкбар» деп ұрандатып, аспанға оқ атып, полковникті автоматтың дүмімен ұра бастады. Оның нақты қандай жағдайда өлгені белгісіз. Дегенмен, Сирттен алынған кадрлар Каддафидің отандастарының қолынан қаза болғанын көрсетеді. Олар оған халық сотын ұйымдастырды.

Каддафидің өлімі – «Араб көктемі» қозғалысының ең қайшылықты оқиғаларының бірі. Бір жағынан, көптеген ливиялықтар мен шетелдік саясаткерлер билеушінің өліміне қуанғандарын жасырмады. Екінші жағынан алғанда, Каддафидің өлімі араб төңкерсінің локомативін тоқтата алмады. Бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар адамды мұндай қатігездікпен өлтіру  ливиялықтар күрескен демократиялық құндылықтардан өте алыс екендігін атап өтті.

2003 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Саддам Хусейнді «жаппай қырып-жою қаруын жасады» деп айыптап, олардың әскері Иракқа басып кірді. Сөйтіп, 1979-2003 жылдардағы Ирак президенті 2006 жылы дарға асылды

Саддам Хусейн – 1979-2003 жылдардағы Ирак президенті

Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн 2006 жылы 30 желтоқсанда Иракта дарға асып өлтірілді. Оның үкіметі өлімінен үш жыл бұрын құлдырады. АҚШ пен Ұлыбритания Ирак басшысын жаппай қырып-жою қаруын жасады деп айыптап, елге әскер кіргізді. Саддам Хусейн қашып үлгергенімен, оны тез арада ұстап алып, Ирак билігіне тапсырды.

Сот саясаткерді «1990 жылы соғыс кезінде Кувейтке шабуыл жасады, күрд және шиит мұсылмандарының көтерілісін басып жаншып, күрдтерге геноцид жасады, Ирак қаласына газды шабуыл жасап, мыңдаған адамның өмірін қиды» деп айыптады.

Кейін БАҚ мәлімдегендей, дар ағашына барарында Ирак басшысы: «Алла ұлық! Ислам қауымдастығы жеңіске жетеді және Палестина – араб жері», – деген екен. Ал, өлім жазасына қатысқандар саясаткерге тіл тигізіп, қарғыстарын қарша боратып, «Диктатураға жол жоқ! Тозаққа бар!» дескен көрінеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшыларының қастандықпен өлтірілуі ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі саяси ойындардың еш мәнін өзгертпегенін байқаймыз. Саясаткерлер халықты өркениетке, жаһандануға жиі шақырады. Бәлкім, алдымен саяси ойындардың жабайы да қатігез ережелерінен бас тартқандары дұрыс шығар. Қастандық құрбандарының жеңіліп тұрып жеңетінін, датталып тұрып ақталатынын да тарихтан білеміз.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here