Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы бастамасымен жүргізілген ішкі және сыртқы саясатымыздың мәні өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа құрылған. Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастық тарапынан алдын-ала ешқандай талапсыз агреман алған тұңғыш дипломат.
КӨШБАСШЫ
2009 жылы «Вечо» баспасынан шыққан әлемнің «Ұлы 100 дипломаты» жинағында кәсіби дипломаттармен қатар біз үлгі тұтып келген ірі мемлекет басшыларының бір тобының саяси портреттері де орын алған. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси портреті «100 великих правителей ХХ века» («Мартин» Мәскеу, 2000) анықтамалығында жан-жақты талданған.
Исламабад саяси талдау институтының сарапшысы Мұхаммед Мунир «Нұрсұлтан Назарбаев – көреген көшбасшы» деген мақаласында: «Көреген көшбасшылар өз мемлекеттерінің тағдырын өзгерту қабілетіне ие тұлғалар қатарына жатады. Олардың ерекшелігі – көпшілікке айқын емес үрдістерді байқап қана қоймай, оны басқалардың да көруіне себепкер болуында жатыр» дейді («Егемен Қазақстан», 31.12.2009). Осы сөз Қазақстан көшбасшысына берілген нақты баға екеніне көз жеткіземіз.
Әлемде бостандықты, теңдікті аңсамайтын бірде-бір адам, бірде-бір халық жоқ. Тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі – ішкі ынтымақтастықты баянды ету. Қазақстанның қауіпсіздіктің жаһандық сәулетін қайта жаңартудағы өз рөлін атқаруға, бітімгерлік миссияларды жүзеге асыруда айрықша гуманитарлық құқықтарға ие болуға, шиеленістерде бейтарап позицияны ұстануға бейіл танытты. Бұл жолдағы Елбасының инфрақұрылым тұжырымдамасы өте қарапайым. Оны қазақстандықтардың өркендеуіне мүмкіндік берген дивиденд десе де болады. Әлемдік саясатта «Рашмор тауы синдромына» ұмтылатын президенттер көп. Олар осы арқылы үлкен жетістіктерге жетуге тырысады. Алайда, Тұңғыш Президент мәңгілікке созылатын өз қолтаңбасын қалдыруға тырысты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықтағы 193 тәуелсіз мемлекеттің бірі – Қазақстан Республикасы атынан 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының жалпы дебаты аясында сөйлеп, таяу 30 жыл аралығындағы түрлі соғыстар мен қақтығыстардың шиеленіскен түйінін шешуге ықпал еткенін әлем ұмытқан жоқ. Президенттің 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында жасаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие болды. Манифест жаһандану сын-қатерлерге төтеп бере алатын, сондай-ақ адамзаттың өркендеуіне мүмкіндік беретін ғаламшарлық сананы түртіп оятты. Соның аясында қауіпсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Халықаралық қатынастарда идеал – жақсылықтың жауы, ал иллюзия – пайдалы өлшем емес. «Бірлескен іс-қимыл жоспары» панеция болуға арналмаған, бірақ ядролық қарудың таралуына жол бермеуге негіз болғанын жоққа шығармаймыз. Оның аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы еңбегі зор. Елбасының бастамасымен БҰҰ, Еуропалық Одақ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және ТМД ұйымдарына кіруі саясаттағы сәтті қадам еді. Семей ядролық полигонының жабылуы, Ата Заң – Конституциямыздың қабылдануы тарихи үлкен бастама болды. Ұзақ жылдар бойы күрмеуі шешілмеген шығыстағы Қытай мен солтүстіктегі Ресей империясымен арадағы шекара мәселесінің шешімі табылып, оның картасының БҰҰ мұрағатына тапсырылуы, Қазақ ордасының Алматыдан Сарыарқа кіндігіне қоныс аударып, жаңа астананың бой көтеруі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өткен съездері ұлт көшбасшысының пешенесіне жазылған аз несібе болмаса керек.
Осы уақыт аралығында Қазақстан командалық экономикадан еркін нарыққа, империяның құрамдас бөлігінен ұлттық мемлекетке өтуді бастан өткерді. Қазақстан басшысы транзитті кезеңде қоғамдық-саяси процестерді қалыптастырудағы іс-қимылды орталықтандыруда бастамашылық танытты. Ол – элиталардың сабақтастығын қамтамасыз етумен бірге, көрегенді реттеуші және элитааралық қатынастардың арбитры бола білді. Бес институттық реформаның «100 нақты қадам», Ұлт жоспары мен болашаққа бағдарланған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, «Қазақстан – 2050» стратегиясының, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізін қалады.
Елбасының содан бергі әр күні, әр сағаты қазақ қауымының, қоғамының, елінің тағдыры үшін күреспен өтті. Тәуекелге барып, тұғыры мықты Тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Қазақстанды ғана емес, әлемді иіріп, түркі әлемінің көшбасшысына айналды. Осы ретте Түркияның ірі саясаткерлерінің бірі Намық Кемел Зейбектің: «Қазақстан ең алғаш Тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет дедік, ал 17 жыл өткен соң, біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз», – деуі Қазақстанның әлемнің геосаяси алаңында белді ойыншы екенін көрсетіп берді.
Кезінде күшті империяның қалдықтарын жоюды армандаған талай қайраткерлердің қанаты жарты жолдан қайырылған-ды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарарымен 1960 жылы колониализм жойылған соң, Батыс идеологтары қайтадан реколонизацияны ойлап тапты. Осы мақсатта олар экономикалық экспансияға көшті. Әлемнің орталықтарын қолдарына алу үшін Бүкіләлемдік қайта құру және даму банкін құрды. Бұл банкті басқару тетігін Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Испания, Италия және Алмания (Германия) елдері өз қолдарына алды. Бұл мемлекеттер әлемдегі билікті қолдарына алу үшін «Трансұлттық компания» деген ірі компанияларды құра бастады. Ол компаниялар дамушы елдердің билік басындағылармен байланыс жасаудың платформасын жасап, мемлекеттік трансұлттық монополия болып алды. Бұл жаһанданудың белгілі бір конъюнктуралық стратегиясы еді.
Үшінші әлем обсерваториясын негізінен Азия, Африка елдері құрады. Бұрын биполярлық деп аталып келген әлем, жалғыз полярлыққа көше бастады. Оған иелік етуге Америка құлшына кірісті. Жаһандану идеясы осындай өзге елдерге ықпалын жүргізуден туындаған еді.
Тәуелсіздігін жаңадан алып, енді қалыптасып келе жатқан елдерге, соның ішінде Қазақстан үшін де бұл үрдіс қауіпті еді. Мемлекеттің саясатын енді ғана саралап келе жатқан, сонымен қатар, экономикасын қалыптастыруға көшкен елге «есік-терезеңді ашып қой, қай уақытта кіргіміз келсе, рұқсатсыз кіреміз, шыққымыз келсе, шығамыз» деген негізсіз талаптар қойылып жатқан кезең еді. Болашақты әріден ойлаған Елбасымыз бұл күрделі лабиринтке жол бермеді. Сырттан тасымалданатын түрлі ұсыныстарға контрагент (көп жақты шартқа қатысушылардың ең ықпалдылар қатарынан көріну) болып тікелей араласуға жол ашты. Оның бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан үнемі қолдау тауып, іс жүзінде саяси сахналарда үлкен резонанс тудырып отырды.
Қалыптасқан күрделі жағдайды бірден қолына алып, халыққа ауыртпалық әкелетін келеңсіздіктерге жол берілмеді. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында оның дер кезінде қабылдаған шешімдері дағдарыс әсерін азайтып қана қоймай, елімізді осы кезеңде де дамытудың берік негізін қалауға мүмкіндік берді. Ұлт көшбасшысы мемлекетті қалыптастырудағы миссиясында «Еуропаға мән беру», «Америкаға мән беру», «Азияға мән беру» стратегиялық бағдарламасын ашық жүргізді.
«МЕН ҮШІН ХАЛҚЫМА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ҚЫМБАТ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ…»
Елбасымыз еліміздің жас мемлекеттігін сақтау және дамыту кепілі ретінде мемлекет пен халықтың тағдыры үшін барлық жауапкершілікті мойнына алды. Ол: «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден қымбат ештеңе жоқ. Осы жолда күшімді де, білімімді де, тәжірибемді де сарп етемін және бұл ойымнан ешқашан да айнымаймын», – деп берген уәдесінен ауытқымады. Бірақ, бұл үшін уақыт та қажет еді.
ХХ ғасыр басындағы Ресейдің премьер-министрі Столыпин Мемлекеттік Думада оппозициямен пікірталас барысында: «Сіздерге ұлы сілкіністер керек, ал бізге ұлы Ресей керек», – деген екен. Бұл сөзді Қазақстан жағдайында біздің радикалды оппозицияға да айтуға тура келді. Бүкіл Ресейді уысында ұстаған сол Столыпин жаңағы сөзін: «Бізге 20 жыл тыныштық беріңіздер, сонда сіздер Ресейді танымайтын боласыздар», – деп аяқтапты.
Осы әңгіменің жалғасын бүгінгі Қазақстан саясатынан да көруге болады. Бізге мықты Ресей ғана емес, күшті АҚШ, күшті Қытай да қажет еді. Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаев осы үш империялық мемлекетпен тең дәрежедегі стратегиялық әріптестікке тез арада қол жеткізе білді.
Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында-ақ біздің елімізде саяси-экономикалық реформалар талмаусырап жүрді. Соның арқасында Қазақстан экономикалық қуатты елдердің дамуы жағынан алдыңғы қатарға шыға алмады. Мұның өзі Қазақстан Президентінің «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласын бастауына алып келді.
Мемлекет басшысының ақыл-парасаты оған елде батыл да табанды тәжірибе жүргізуді талап етті, ол үшін сындарлы жолды таңдап алып, оны өз елімізде сынау керектігі сұралды. Егер ол күткендегідей нәтиже бермесе, басқа жолды таңдау қажеттігі талап етілді. Қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Ел экономикасын тұрақтандыруға қабілетті шынайы тәжірибе аурудың сыртқы белгілерін емдемей, өмір сүріп отырған жүйенің айналасындағы бактерияларды жоюға итермеледі. Сондықтан Мемлекет басшысының ұстанымы «сырқат денені емдеп, оны өлімнен құтқару» болды. Ол президенттік қызметке аса ауыр уақытта келіп, өз картасын алдын-ала ашпастан бұрын салмақты реформа жүргізуге дайындалып, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешуі тиіс болды. Өйткені, ұзақ күтуге уақыт көтермейтін. Сол себепті ел ішін меңдеп алған үргедек көңіл-күйді оның шұғыл әрі батыл түрде сөндіруіне тура келді. Әйтсе де, сол тұстағы оның реформаторлығы көптеген мәселелерді шешусіз қалдырып, шешілгендері жаңа проблемаларды тудырып жатты. Есесіне, ел президенті ретінде оның ұстанымдары мен қолданған тәсілдері анағұрлым өзгерді. Сондықтан Президент ел халқын әкімшілік белгілеген реформаларға бейімделудің аса қажетті элементі болып табылатын көзқарасты жаңартуға шақырды. Жүргізілген реформа белгілі бір деңгейде жұмысшылардың сана-сезімінің өсіп, талантты жас мемлекетшілер мен жалпы бұқара халықтың қарқынды іс-әрекеті негізінде олардың экономикалық талаптары саяси сипаттағы тілектермен астасқан жаңа форматты идеялардың пайда болуына ықпал етті. Осы кезеңде ұжымдық келісімшартта көрсетілген шараларды іске асыруға ерекше мүдделі болып, сол үшін елдегі басқа прогрессивті күштермен тізе қосып әрекет етті. Соның нәтижесінде елде түрлі партиялар пайда болып, олар либерализациялаудың қозғаушы күші болып саналатын жұмысшылардың өзіндік рөлін көтеріп, елдегі көптеген демократиялық өзгерістердің іске асуына мүмкіндік тудырды. Нұрсұлтан Назарбаев талантының мәні оның күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілеттілігінен гөрі саяси жағынан жүзеге асыруға болатын шешімдерді қабылдауға деген айрықша сезімталдығында болатын. Осы сезімталдық оған мемлекетті басқару ісінде жол сілтеді. Ол өзгеріске ықпал етуден бұрын оның католизаторы болды. Президенттің бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті темперамент, күш-қуат, стратегтік көрегендік, иілгіштік, қалыптасқан жағдайды дәл түсінушілік, дер кезінде ескіден бас тартып, өзгеріс жасау керек екендігін мойындау іспетті қабілеттер еді. Ең бастысы, ол кері шегінуді шабуылға айналдыруға қажетті күш-қуатты тежеудің жалғыз-ақ нәрседен – ессіз, келбетсіз, ақтауға келмейтін сұмдық әрекеттен сақ болуға шақыра білді.
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖӘНЕ ТАТУЛЫҚ
2050 жылы әлемде шамамен экономикалық жағынан қуатты 100 мемлекет болатын көрінеді. Алдағы уақытта Латын Америкасы мен Азия – Тұнық мұхиты аймағындағы елдердің арасынан экономикалық ілгерілеуі қатты дамитын елдердің қатарында Қазақстан да бар. «Әлемдік бәсекеге қабілеттілік бойынша шолу – 2012» рейтингісінде Қазақстан 4-орынға көтерілді. 2011-2012 жылдар есебінде келтірілген Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылық факторы бойынша жағдайын жақсартып, әлемнің 142 елінің ішінен 26-орыннан 18-орынға көтеріліп, Ортаазиялық өңірде көшбасшы атанды. Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде ұлттық жинақ көрсеткіші бойынша, әлемнің 142 елінің арасында 12-орында тұруының өзі еліміздің даму бағытындағы әлеуетін көрсетеді.
Әлемдік бақылау институттарының назарынан ешнәрсе тыс қалған емес. Дүниежүзілік экономикалық форумның ақпараттық технологиялар бойынша жарияланған ғаламдық есебіне сәйкес, Қазақстан Желілік дайындық индексі бойынша 55-деңгейге қол жеткізіп, ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Еліміз бұл жетістікке 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыруымен қол жеткізді.
Қазақстанның ғаламдық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингі бойынша алға басуы елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне жағымды ықпал етеді. Мемлекеттің алдына айқын мақсат қойып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру міндетін жүктеген Елбасының тапсырмасы өз нәтижесін беруде. Мұның бәрі саяси еркіндігіміздің әсері.
Өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Ұлыбритания, Португалия, Франция сияқты отарлаушылары Үндістаннан, Египеттен, Алжирден айырылмау үшін небір қитұрқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл осы сценариймен бірдей бақылау орнатқан КОКП мен Кеңес Одағы уысынан табанды мәміле жасай отырып босағанымыз, біріншіден, тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы ұлт көсемінің арманын жүзеге асыру болатын. Еуроцентристік идеологиялық қысымнан ұлтсыздануға әзер қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін емес еді.
Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын өтеумен ғана емес, өркениетке ұмтылып, көшке еріп, ұлттық идеяны ұсынумен де қымбат. Президент осы жолда барын салды. 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде Президент қалыптасқан ахуалдың өте күрделі сипат алып отырғанын қоғамға ашық білдірді. Ол өз сөзінде: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік», – деді. Осы үндеу арқылы Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа дұрыс жолды таңдай білді. Соның арқасында қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процестерді қалыптастыра білді.
Көп векторлы саясат пен ұлттық мүдде – бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Бұл геосаяси аренада сыннан өткен. Ұлттық мүддеміздің негізгі бағыты татулыққа, айналадағы өзге елдермен қатар бейбіт өмір сүруге негізделген.
Үнсіздікпен ортақ үй тұрғыза алмасымыз белгілі. Ең алғашқы болып ұлттық қауіпсіздік қалқаны – Қарулы күштеріміз жасақталды. Мемлекеттік басқару құрылымдары реформаланды. Еліміздің әлемдегі орнын табу жолында ТМД ықпалдастық ұйымы құрылды. Осының бәрі Қазақстан Президентінің басшылығымен аз ғана уақыт ішінде өмірге келген басқару институттары.
Төрт құбыласы сай мемлекет болу үшін бұл да аздық ететін еді. 1992 жылғы 5 қазанда Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі кеңес құру жоспарын ұсынды. Осы жылдар ішінде Давоста, Мәскеуде, Венада, Хельсинкиде, Түркияда, Парижде, Вашингтонда, Үндістанда Қазақстан өз мүддесін әріден көздеген түрлі форматтағы ресми кездесулер өткізіп, дипломатиялық қатынастардың орнығуына жол салды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарудың қазақстандық моделін бүкіл әлемге таратты және өзін әлемдік деңгейдегі белгілі тұлға ретінде таныта білді. Қазақ елінің халықаралық биік дәрежеге қол жеткізген мемлекет екендігін дәлелдеді.
Әлемде 200-ге жуық Тәуелсіз мемлекеттер арасынан бірінші болып демократиялық даму үрдісін қолдап, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы заң қабылданды. Бүгінде біздің еліміз әлемге адамзат мүддесі үшін ұстамдылық танытып, планетада бейбітшілік пен тұрақтылыққа қолдау білдіруде ерікті түрде үлгі болып отыр.
РЕФОРМАТОР
Тәуелсіз Қазақстанда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселесі басым міндет ретінде көтеріліп, әсіресе, соңғы уақыттардың бедеріне алдыңғы шепке шығуы тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Осы бағытта соңғы жылдарда елімізде көптеген мақсатты жұмыстар жүргізілді.
Бәсекеге қабілеттілік соңғы ширек ғасырдың өн бойында жалпы әлем бойынша ең басты тақырыптардың бірі болып келеді. Мемлекеттердің, аса ірі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті әлемнің көптеген озық елдерінің мемлекеттік экономикалық саясатының басым бағыттарының қатарына еніп отыр. Еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің соңғы бір жылдың ішінде ғана бірден 21 сатыға көтерілуі үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының траекториясының дұрыс жолға қойылуының ықпалының әсері екендігін бағамдауға болады.
Қазақстан тұғырының былайша елеулі түрде жақсаруы, ең алдымен, макроэкономикалық тұрақтылықтың оң бағыт алуымен тығыз байланысты. Осы жайға Елбасы индустрия мен өнеркәсіп тізгінін ұстаушылардың, ғалымдардың біліктілігін мобилизациялау арқылы қол жеткізді.
Бүгінгі таңда жаһандық көшбасшылар көшін дамыған еуропалық елдер бастап келеді. Оның қатарында Швейцария, Финляндия, Ұлыбритания, АҚШ, Гонконг, Жапония елдері бар. Лозанна халықаралық менеджментті дамыту институтының ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде оған қатысушы елдер 369 көрсеткіш бойынша бағаланатынын ескерсек, осы тізімге алынған Қазақстанның аса қабілетті ел екенін бағамдауға болады. ТМД елдерінің арасынан аталған рейтингтік талдауға сол тұста Қазақстан, Ресей және Украинаның ғана кіргендігінің өзі көп нәрседен сыр берсе керек. Осы жағдайдың бәрі Қазақстанда саясаттың дұрыс екендігін, соның нәтижесінде кәсіпкерлік қозғалыстың жақсы дамып, жыл өткен сайын алға басып келе жатқандығын білдіреді.
Қазақстан басшысы 2007 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында ғаламдық проблемаға қатысты жаһандық энергетика-экологиялық стратегияны құру мен оны «РИО-20» орнықты дамудың әлемдік саммитінде талқылауды батыл ұсынды. Қазақстан Президентінің бұл бастамасы халықаралық форумда бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық энергетика-экономикалық стратегиясын құру туралы бастамасы әлем елдерінде қолдау тапты.
«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуын біздің еліміздің жеңіп алуы да Елбасының бастамашылдығымен жүзеге асқан іс болып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен ТМД-ның кеңістік аясында құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты келісімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді ірі халықаралық құрылымдардың маңызы зор болды.
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған 30 жыл ішінде әлемдік қауымдастық алдында еліміздің имиджін айшықтайтын бренділерімен де танымал болып отыр. Халықаралық аренада үлкен беделге ие болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең басты брендіне айналған тұлға. Әлемдегі ең алғашқы әрі ең үлкен ғарыш айлағы саналатын Байқоңыр да еліміздің әлемге танымал бренді. Мұнай – ел байлығын айқындайтын брендіміз. Азия, ТМД елдері бойынша Қазақстанның ең алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – саяси брендіміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – Қазақстанды бүкіл дүниежүзіне танымал еткен бренді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен VІІ Қысқы Азия ойындары да елімізді сыртқа таныстырудағы ұлттық брендіміз болып қабылданған. Міне, бұлардың бәрі – мемлекеттің, Елбасының дұрыс ұстанымының арқасында қол жеткізген табыстарымыз.
«БҮКІЛӘЛЕМДІК АҚЫЛ» ИДЕЯСЫ
Елбасы өз қуанышын ешуақытта халқынан жасырған емес. Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланғанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» – деген сөзіне адалдығын сақтап қалды.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында адам капиталын ең басты орынға қойып келді. Еліміздегі адам капиталының сапалы өсуіне әсер ететін екі негізгі фактор бар. Олар: білім беру және денсаулық сақтау. Жолдаулардағы басымдықтардың қайсысын алсаңыз да, өзінің ауқымдылығымен және мәселенің уақыт күттірмейтіндігімен, сондай-ақ, халық пен мемлекет мүддесіне негізделгенімен көпшіліктің көңіліне қонымды болды. Басымдықтардың ішіндегі адам капиталын дамыту мәселесін қолға алудың әрбір қазақстандық үшін өмірлік маңызы зор. 1990 жылдан бері қолға алынған БҰҰ Адам дамуы туралы есеп бойынша, ол адамның әлеуметтік жағдайы, сауаттылығы, білімі және өмір сүру ұзақтығы ретінде қарастырылған. Қазақ елі бұл бағыт бойынша тізімге алынған 169 елдің ішінен 66-орынды иеленіп отыр.
«Бақытты елдердің» рейтингісін зерттейтін Жер институтының болжамы бойынша 156 мемлекеттің ішіндегі бақыттыларын саяси бостандығына, халықтың әлеуметтік қорғалуына және тұрақты отбасылардың көптігіне байланысты анықтауда Қазақстан, Ресей, Балтық жағалаулары елдерінен озық шығып, 59-орынға орналасқан кездер болған. Ал, мемлекеттілігі берік ел ретінде посткеңестік елдердің қатарында да ең алдыңғы қатарда тұрды.
Бүгінгі таңда республикамызда Елбасының саяси моделі толық қалыптасты. Тарих сахнасында Нұрсұлтан Назарбаев феномені пайда болды.
Қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүкіләлемдік ақыл» идеясы деңгейіндегі өз инициативасымен қабылдаған, әлем мойындаған және көптеген елдер үлгі тұтып жүрген тарихи шешімдері мен әлемдік ықпалы бар ұсыныстарын қазақ перзенті ретінде ұзақ уақыт мақтаныш ететін болады. Қазір әлемдік ақыл-ойдың элиталары қатарына жататын сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бағдарламалардың ақиқатқа айналғанын айтуда. Оның нәтижесін өзіміз көзбен көріп отырмыз.
Бізге жеткен Қожа Ахмет Иассауидің бір сөзі бар: «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер. Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер». Оған шығыс данышпаны әл-Хразидің «Сөз – бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс» деген сөзін қосыңыз. Ғұламалар ойының астарлы түйіні халқыңа жеткіз, еліңе қызмет қыл, бағын аш дегенге саяды. Қазақстанның қазіргі жағдайына, халықаралық қауымдастықтағы орнына, экономикадағы, реформалық өзгерістердегі жетістіктеріне үңілсек, сөз жоқ, Тұңғыш Президент – Елбасының парасатты істерінің жемістерін көреміз.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі