«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының маңызды кезеңі аяқталды

0
992

Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы 2023 жылы басталып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 962 қаулысымен бекітілді. 20232025 жылдарға арналған жоба ауылдағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған болатын. Оның негізгі міндеттері ретінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысан салу және 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделді. Жоба аясында медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды ауқымды түрде салу жоспарланған. Оның ішінде бұрын медициналық инфрақұрылым мүлде болмаған ауылдар да қамтылды.

Жуырда Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының маңызды кезеңі аяқталды. Осы жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) нысаны пайдалануға берілді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шалғай ауылдарда тұратын 1 миллионға жуық тұрғынға білікті медициналық қызметке тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында ауыл тұрғындары бұрынғыдай аудан орталықтарына жету үшін ұзақ қашықтықты еңсеруге мәжбүр болмайды.

2023-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен салынған бұл нысандар желісіне 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория кіреді.

Жобаны іске асыру барысында нысандарды пайдалануға беру қарқыны жыл сайын тұрақты түрде артып отыр: алғашқы жылы 99 нысан ашылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 195-ке жетті. Соның нәтижесінде елдегі басымдық берілген елді мекендердің барлығы кезең-кезеңімен медициналық мекемелер желісімен қамтылды.

Ашылған орталықтардың барлығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Енді ауыл тұрғындары профилактикалық тексерулерден өтіп, вакцинация алып, диспансерлік бақылауда болып, алғашқы диагностикалық қызметтерді өз тұрғылықты жерінде ала алады. Бұл ауруларды ерте анықтап, дер кезінде ем тағайындау мүмкіндігін айтарлықтай арттыратынын мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Ұлттық жобаның тағы бір маңызды бағыты – 32 аудандық аурухананы көпсалалы орталық аудандық ауруханаға (КОАА) айналдыру. Бүгінде мұндай 9 медициналық мекеме жаңартылған форматта жұмыс істеп тұр, ал тағы 19 ауруханада жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Масштабты жаңғырту жұмыстарын жалғастыру үшін Республикалық бюджет комиссиясы Ақтөбе, Жамбыл және Ақмола облыстарындағы нысандарды қаржыландыруды мақұлдады. Сонымен қатар, Ұлытау облысындағы аурухана құрылысына Арнайы мемлекеттік қор қаражатын тарту мәселесі де қарастырылып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, госпитальдық секторды осылайша жүйелі түрде жаңғырту аса маңызды. Себебі, инсульт пен инфаркт сияқты шұғыл жағдайларда «алтын сағат» қағидаты бойынша көмек көрсетуге мүмкіндік жасау жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді 20 пайызға дейін төмендетуге ықпал етеді.

Осылайша, ұлттық жобаны іске асыру денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға қуатты серпін беріп, медициналық қызмет сапасын кезең-кезеңімен арттыруға және ел азаматтарының барлығына заманауи медициналық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік жасап отыр.

Бұрын көптеген ауыл тұрғындары қарапайым тексеруден өту немесе алғашқы медициналық көмек алу үшін аудан орталықтарына ондаған, кейде тіпті жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр болатын. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы бұл қиындықтардың басым бөлігінің жойылуына себеп болды.

 Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here