Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

0
57

Бұрынғы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Президенттік орталықта жаңа органның ұйымдастырушылық отырысында Санақ комиссиясының төрағасы Мұрат Әбенов жасырын дауыс беру нәтижесін жариялады.

Дауыс беру жәшігінен 121 бюллетень алынды. Жарамсыз бюллетень жоқ. Ерлан Қошановтың кандидатурасын 120 адам жақтаған. Бір адам қалыс қалған.

Айта кетейік, Ерлан Жақанұлы Қошанов 64 жаста. Ол 1962 жылы 14 тамызда Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалында (инженер-механик) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (халықаралық экономист) білім алған. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып бастаған.

Кейінірек Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде түрлі қызметтер атқарды, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Үкіметтің Парламенттегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметтерін атқарып, 2022 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және «AMANAT» партиясының төрағасы болды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасы қызметіне Е. Қошановтың кандидатурасын ұсынған еді.

Еске сала кетсек, жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордадағы V Ұлттық құрылтайда Халық кеңесі институтының заңдық мәртебесі қандай болатынын айтып берді.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің 126 адамнан тұратын құрамын бекітті. Онда этномәдени бірлестіктерден – 42, қоғамдық бірлестіктерден – 42, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден – 42 өкіл бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here