Қарапайымдылығымен кемеңгерліктің үлгісі болған тұлға

0
967

Қазақстандық медицинаның дамуына зор үлес қосқан
белгілі академик және Қазақстанның медицина ғылымдары академиясының
негізін қалаушы Мұхтар Әлиевтың 90 жылдығына арналады 

Өзім заң саласында жүрсемде медицина саласының майталманы Мұқтар ағамыз туралы сөз қозғағанда адам бойындағы ең ірі қасиеттер – қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұлтжандылық, іскерлік сол кісінің бойынан табылатынын айтпай өту мүмкін емес. Сірә, кішіпейілділікті игіліктің ізгісі деп ұққан әрбір жан мұның қаншалықты ақиқат айтылғандығын ұқпай қоймас. Кішіпейілділікті тіпті кісілік ұғымымен қатар қоямыз.  Оны кейде адам бойына туа бітетін қасиет деп те ұғамыз. Алайда адамның кішіпейіл болып қалыптасуына өскен ортаның, туған жерінің, тәлім берген отбасының да өзіндік үлесі бар екені анық.   

Мұқтар ағамен өмір жолында бір-ақ рет кездесуде жүздескенде, «Ұлық болсаң – кішік бол», – деген халық даналығын берік ұстанғанына көзім жеткен еді.

1989-1990 жылдары бұрынғы Киров, кәзіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінде ұлдар әскери кафедраны оығанда, қыздарға медицинаны оқитын. Осы сабақтың тәжірибелік бөлімін аптасына бір рет қаланың ортасындағы Кардиология Институтында өтетінбіз. Сондай бір тәжірибелік сабақтардың бірінде біз студенттер сол кездегі   республикамыздағы алдыңғы қатарлы, іргелі Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының негізін қалаған, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі болған, Қазақстан хирургтарының үлкен ғылыми мектебінің жетекшісі Мұқтар Әлиевпен кездесу ұйымдастырған болатынбыз. Студенттермен кездесу барысында әрбір студенттің көзқарасын тыңдап, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға да ерекше назар бөліп, бар ынтасымен тыңдай отырып,  ұсынысын қабылдап, тиімді шешім шығара білгендігімен есте қалған болатын.  Жақсы басшының жұмсаған күшінен гөрі бітірген ісі анық көрінеді. Бұдан ол кісінің бойындағы тағы бір қасиеті –  іскерлігін  байқаған едік. Сол кездегі жастығымыздан ба, жоқ, ауылдан шыққан жасқаншақтығымыздан ба, ағаның қасына барып, мен Сіздің жерлесіңізбін, біз Сізбен мақтанамыз-деген іштегі сөзімізді сыртқа шығарып айта алмағанымызбен кеудеде бір мақтаныш сезімі болатын.

Сол кездің өзінде, пайымы мен парасаты терең, адамшылық мұраты биік Мұқтар ағамыз «біраз істі тындырыппын» деп арқаны кеңге салып, елге сіңірген еңбегін салмақтап, атақ-дәрежесін мансап, істеген қызметін міндет қылмай, басқа мамандықтың студенттері ортасында жылы әрі достық қарым-қатынас орнатып, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен бәрімізді баурап алған болатын.

Қарапайым отбасынан тәрбие алған ұл, өз ізденімпаздығының, тынымсыз еңбегінің арқасында қаншама дәрежеге жетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре отырып, медицина саласын республикаға, халықаралық деңгейде танымал мамандармен қамтамасыз етті. Елге барғанда, ауыл-ауылды аралағанда мектепті алтын белгімен бітірген, үздік оқушыларды таңдап отырып, медицина институтына шақырып, оқуға түсуіне, одан ары жұмысқа орналасуына де көмек беретінін сол кезде үлкендерден естіп жүретінбіз. Осы кездесудің өзі сол кездегі талай жастардың болашағына деген үміт отын жағып, казіргіше айтсақ, мотивация берген болатын.

Тіл тағдыры қашанда ел тағдырымен тығыз байланысты. Осыны терең ұғынған Мұқтар ағамыз сол кездің өзінде, Кеңестер Одағы әлі тарап болмаған, орыс тілінің заманы жүріп тұрған күннің өзінде кез-келген жиында, салтанатта тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысады екен. Себебі, сөз – адамның айнасы. Оның сөйлеген сөзінен-ақ, табиғи келбеті, жан дүниесі көрінеді. Мұқтар ағамыздың кішіпейілділігі соншалық – үлкенге де, кішіге де айрықша құрметпен қарайтын.

Ұлтты сүю, елге шынайы қызмет ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, сөзбен ғана емес, іспен дәлелденетін ұлы іс. Оны М.Әлиев басшылығымен талай жанның дертіне дауа, жанына шипа болатын медицина саласына енгізген жаңалықтарынан көруге болады.

Әрине, алға биік мақсаттар қоя білген адам ғана осылай тереңдік танытары хақ. Мардымси сөйлеп, асып-тасуды білмейтін Мұқтар ағамыз қашанда, қандай жағдайда да өзінің қарапайым қалпын жоғалтқан емес. Дана қазақ «Қарапайымдылық – кемеңгерліктің көркі» деген ұлы сөзді өзінің осындай ұлдарын көріп айтқан шығар, бәлкім…

«Биік мансап, биік жартас. Оған өрмелеп жылан да шығады, қалықтап ұшып қыран да шығады», – деп ұлы Абай айтқандай, Мұқтар Әлиев өз биігіне,  адал еңбегінің нәтижесінде жеткен қазақтың біртуар азаматы деп білемін. Мұқтар ағамыздың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында осыдан отыз жыл бұрынғы осы кездесу есіме түсіп, алынбаған асу, шығар биік белестерін жалғастырар шәкірттері, Мұқтар ағамызбен мақтанатын жерлестері мен ұрпақтары тұрғанда арда азаматының есімін ел есінде қалдырар іс-әрекеттері жүзеге асар деген үміттемін.

Мейірбекова Гүлжазира Болатқызы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық институтының
қауымдастырылған профессоры, заңгер

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here